Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Нағыз дәрігер - АРҚА АЖАРЫ

Нағыз дәрігер

Әр адамның басты байлығы біле білсе,  жылтыраған алтын не болмаса ақша емес, денінің саулығы. Сол себепті, денсаулығымыз сыр бере бастаса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінетініміз айдан анық.  Осындайда өлім мен өмір арасындағы талай жанға араша түскен дәрігерлердің ерен еңбегі қай  құрметке болсын лайық дер едік.

Дәрігер болуды  бала кезімізде көбіміз армандаймыз. Алайда, екінің бірі бұл белес-тен көріне алмайды. Себебі, мамандықтың қыр-сырын жетік меңгеріп, бар жан-тәніңмен осы жолды таңдау үлкен жүректі қажет етеді.  Ең бастысы,  үстіңе ақ халат кию емес, осы міндетті абыроймен атқару ғой. Сондай адамзат баласы ерекше қадір тұтатын мамандықты жүрек қалауымен таңдаған жанның бірі – Зеренді аудандық ауруханасының рентгенолог дәрігері Сейілхан Рақымжанов. Ол дидарынан  мейірім шуағы төгіліп тұратын кішіпейіл де қарапайым адам.  Бойында осы қасиеттердің бәрі  тамаша үйлесім тапқан. Ғұмырының 30 жылдан астамын денсаулық сақтау саласына арнаған білікті маман әуел баста  Целиноград медициналық институтында тері аурулары дәрігері мамандығының қыр-сырына бойлады. Оқуын тәмамдаған соң бұрынғы Көкшетау облысы Ленинград ауданына жолдамамен жұмысқа жіберілген екен. Кейін өзінің туып-өскен өңіріне оралып, Зеренді аудандық ауруханасында қызметін одан әрі жалғастырады.
Сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басы. Ауруханалар мен емханалардың материалдық базасы нығайып, шетелдік құрылғылармен жабдықталып жатқан кез. Ол кезде көпшілікке бұл медициналық құрылғылар кәдімгідей таңсық. Әрі олардың тілін білетін бесаспап дәрігерлер де тапшы еді. Сырқаттарды емдеумен қатар, өз бетімен ізденіп, көп оқудан жалықпайтын Сейілхан Қабдырәшитұлын сол кездегі аудандық аурухананың бас дәрігері, кейін есімі елімізге кеңінен танылған   Серік  Ыбыраев арнайы курстарға жібереді. Осылайша ол адамның ішкі құрылысы, оның ішінде өт, асқазан, ішек пен  тоқішек ауруларын арнайы құрылғымен анықтайтын эндоскопист дәрігер атанады. Осы жеткен жетістігіне тоқмейілсімеген  кейіпкеріміздің араға уақыт  салып, ультрадыбыстық зерттеуді меңгеруге  деген құлшынысы да артады. Жергілікті тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетуде өзінің  тәжірибелі маман екенін сан мәрте дәлелдеген Сейілхан аға содан бері білікті рентгенолог дәрігер  ретінде осы саланың бар ауыртпалығын бір кісідей қайыспай көтеріп келеді.
Бұл мамандық иесінің негізгі міндеті – бауыр мен көкбауыр, бүйрек, өт, қалқанша, ұйқы бездерінің қызметін медициналық құрылғылардың көмегімен мұқият тексеріп, науқас диагнозын дәл анықтау. Осы орайда, көмекшісі Елена Терекбай екеуі  қоян-қолтық еңбек етіп,  күніне кем дегенде 10-12 адамды қабылдайды. УЗИ, фиброскопия, эндоскопия-
ны жетік меңгерген тәжірибелі маманның күнделікті жұмысында көптеген әрқилы жағдайлар да кездесіп тұрады. Бірақ, біреуге істеген жақсылығын айтуды, не дәрігер құпиясын ашуды жаны сүймейтін Сейілхан Қабдырәшитұлы адам ағзасының жай-күйін дәл анықтап, науқастарға тигізіп жүрген шарапатын күнделікті тиісті міндетім деп біледі. Сондықтан:
– Өмірімде дәрігер мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Бұл кәсіптің үлкен жауапкершілікті қажет ететінін де жақсы  түсінемін. Біздің жұмысқа атүсті қарауға болмайды. Өйткені, таразы басында  адам тағдыры, адам өмірі тұр, – дейді абзал жан.
 Кейіпкеріміздің өткен өмір белестеріне қайта оралатын болсақ, Сейілхан  Рақымжанов жұбайы Айгүл екеуі бес бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Қызы Қарашаш орта мектепті бітірген соң сүйікті әкесінің жолын жалғастырмақшы. Тағы бір айта кететін жай, егер Сейілхан аға дәрігер болмаса, сөз жоқ, қаламы жүйрік журналист-жазушы болар еді. Өйткені, ол кісінің жастайынан мөлдіретіп қағаз бетіне түсірген талай дүниелері небір мерзімдік басылымдардың көз қуанышына айналған. Әлі күнге бос уақытында қолына  қаламын серік етіп, жанын тербеткен ойларын ақ қағазға түсіруден бір жалықпай келеді.   Парасат пайымы мол, қолы жеңіл  абзал жан өзі еңбек ететін ұжымында зор құрметке ие. Қай жағынан алсақ та, нағыз азамат,  үлкен жүректі дәрігер деп көпшілікке үлгі етуге болатын осы Сейілхан сияқты ағалардың өз өнегесімен кейінгі толқын жастарға да берері мол деген ойдамыз.  

 

Ырысгүл АШУОВА

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар