Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Төрт ауданды қамтыған - АРҚА АЖАРЫ

Төрт ауданды қамтыған

Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында денсаулық сақтау саласын заман талабына сай жетілдіру, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында нақты міндеттер белгіленген. Мемлекет басшысы алға қойған осы міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін  жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау мекемелерінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Іргелес үш ауданға, атап айтқанда, Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандарына, оған қоса, Атбасар ауданы мен қаласына қызмет көрсететін Атбасар ауданаралық кең профильді ауруханасында  600-дей адам еңбек етуде.  Аурухананың жалпы қызмет ауқымы 291 орындық болса, оның 168-і тәуліктік қызмет көрсетеді, оған қоса, 123 орындық күндізгі стационар бар. Сондай-ақ, ауруханаға бағынышты емхана, балалар бөлімшесі және бірнеше фельдшерлік-акушерлік пункт те халыққа қызмет көрсетуде.
Аурухананың бас дәрігері Азамат Әбдірахмановтың айтуынша, қазіргі заманғы медициналық құрылғылармен жабдықтау, басқа да материалдық қажеттіліктер мен жөндеу жұмыстарына керекті қаржы бюджеттен жеткілікті мөлшерде бөлініп тұрады. Осыған орай, соңғы жылдарда ауруханаға көптеген шетелдік жаңа құралдар сатып алып орнатылған және қызмет көрсету ауқымы да біршама кеңейе түскен. Бүгінгі күні 63 жоғары білімді дәрігер қызмет етеді. Рас, дәрігерлер мұнда жетіспейді. Дегенмен, мамандармен қамтылу мәселесі ақырындап шешіліп келеді. Өткен жылы ауруханаға жаңа оқу бітірген 6 жас маман келіпті. Жас маман ретінде оларға біршама жеңілдіктер қарастырылған. Алдағы уақытта да мамандарды шақыру, оларды орнықтыру бағытында мақсатты жұмыстар атқарылмақ. Бүгінгі күні жергілікті мектептердің 7 түлегі Астана мен Қарағандының медициналық жоғары оқу орындарында оқып, білім алып жатыр. Олардың оқуына  қажетті ақшаны кәсіпкерлер демеуші ретінде беріп келеді. Бұл жас мамандардың бәрі оқу бітірген соң туған жеріне оралып, қызмет ететін болады.

 

Өткен жылы бюджеттен 20 миллион теңгедей қаржы бөлініп, біраз медициналық құралдар сатылып алынған. Алдағы уақытта компьютерлік томограф аламыз деген ниет бар. Жалпы алғанда, аурухананы материалдық жағынан жабдықтау мәселесінде қазіргі күні ешқандай қиындық жоқ дейді аурухананың бас дәрігері. Ғимарат ескі, дегенмен, жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бар мәселені білікті маман шешеді деген қағидаға мұнда да жете көңіл бөлінеді. Дәрігер мамандардың біліктілігін арттыру, жас мамандарға тәлімгерлік көмек көрсету жайына үнемі көңіл бөлінеді. Ауруханада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар аз емес. Зейнегүл Қапанова, Александр Нестеренко, Меруерт Бекболатова, Елена Ермолова сияқты тәжірибесі мол білікті мамандардың жастарға үйретері көп.
– Өткен жылы тамыз айында Қарағанды медицина университетін бітіріп, осында келген едім, жылы қарсы алып, бірден жұмысқа кірісіп кеттім, – дейді ординатор-хирург Иса Шәріпов. Жас маман ретінде берілетін бірқатар жеңілдіктерін алған ол қазір жаңа ортаға бейімделіп  кетіпті.
Ауруханада қашықтан диагноз қою, дәрігерлік кеңес беру қызметі дұрыс жолға қойылған. Кейбір күрделі жағдайларда тікелей байланысқа шығып, Астана мен Көкшетаудың білікті мамандарынан кеңес алып тұрады екен.
– Биылғы жылдың қаңтарынан бастап қызметкерлеріміздің жалақысы 28 пайызға дейін көтерілді. Қазір дәрігерлердің жалақысы біршама жоғары деңгейде, – дейді аурухананың бас
дәрігері.

Қалкөз ЖҮСІП.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар