Анамның аманаты

Тоқсаныншы жылдардың басында анамыз Бәдиға мойнына жара шығып, ол жарасы басылмай, ұлғайып, облыстық онкологиялық диспансерде ота жасамақшы болды.

Ауруханаға енді жатайын деп тұрғанында білікті дәрігер Әкімбай Ерғалиевтің:
–Апай, операция ешқайда қашпайды ғой. Әлі де болса екі ойлы болып тұрғаным. Щучинск қаласына қарай шығар жолда тубдиспансердің зертханасы бар. Сонда Қарымсақов деген жақсы дәрігер отырады. Сол кісіге барып, анализ тапсырып көрсеңіз қайтеді, – деген бір ауыз жылы сөзі себеп болып, анамызды сонда апардық.
Айтқанындай, сырқаты сүйек туберкулезі болып шықты. Кейін үш ай Қоңыратбек Құрманбаев атындағы  облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде жатып, жарасынан құлан-таза сауығып кетті. Үйге шығар алдында бір күні барсақ, емделушілердің біреуіне  өзі ем-домы мен ықылас-пейіліне риза болған бір топ диспансер қызметкерлерінің аты-жөндерін қағазға түсіртіп алыпты. Маған «менің атымнан осы кісілерге рахмет айтып, газетке бер» деді.
Бірақ, күнделікті күйбеңмен анамның осы аманатын сол кезде, одан кейін де орындай алмағаныма әлі күнге өкінемін. Сондағы ол кісінің ерекше риза болып, ақ алғысын арнағысы келген адамдары тубдиспансердің мына қызметкерлері еді: Қайрат Бақытұлы Көшеков, Еспол Қарымсақов, Күлбарам Қадырбайқызы Нұрбаева, Людмила Петровна, Тамара Петровна, Алла Алексеевна, Клара Есілбаева, Валя Басанова, Ольга Малашенко, Таня Милева.
Бұл кісілердің кейбіреуі бүгінде өмірде жоқ та шығар. Ендігі басқа жерлерде еңбек етуі не зейнет демалысына шығып кетуі мүмкін. Мәселен, сонда анамыздан анализ алған Қарымсақов ағай осыдан бірнеше жыл бұрын  қайтыс болған деп естиміз. Сонда да жуырда өзім сақтап жүрген көп қағаздың ішінен анам берген осы қағазды тауып алып, «мамамның аманаты еді ғой» деп көңілім босап, Медицина қызметкері күні қарсаңында өзі айтқандай, газетке ұсынуды жөн көрдім. Себебі, алғыс ешқашан ескірмейді ғой.
Анам сол жағдайдан кейін де біраз жыл аман-есен жүріп, иығындағы жарадан емес, қан қысымынан қайтыс болды. Қашан көз жұмғанша операция үстеліне жатпауына, диагнозының дәл қойылуына себепші болған Әкімбай Ерғалиев ағайды аузынан тастамай өтті.
Ендеше, адам тағдырына шын жанашырлықпен қараған осындай ақ халатты абзал жандар арамызда көп бола берсінші деген ақ тілекпен осы шағын мақаламды аяқтасам деймін.  
Мәрия БӨГЕНБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар