Бозайғырдағы амбулатория

Осыдан бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген Бозайғыр ауылындағы дәрігерлік амбулатория іргелес Ключи және Төңкеріс елді мекендерін қосқанда, жалпы саны төрт мыңдай адамға қызмет көрсетеді.

Аудандық бюджеттен 78 миллион теңге бөлініп, қазіргі заманғы медициналық құрылғылар мен басқа да жабдықтар, автокөлік сатып алынған.
Бүгінде мұнда техникалық қызметкерлерді қосқанда 27 адам еңбек етеді. Үш жоғары білімді дәрігер бар. Аурухана емес, дәрігерлік амбулатория болса да, іргелес үш елді мекеннің тұрғындарына барлық медициналық көмек көрсетілу қарастырылған. Екі орындық күндізгі стационар бар. Терапевт, тіс дәрігері және хирург басы ауырып, балтыры сыздағандарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге әзір.
– Мамандарымыз жеткілікті, – дейді бас дәрігер Тоқтар Әбілмәженов. –Төңкеріс және Ключи ауылдарындағы фельдшерлік пункттер де бізге қарайды. Бір жедел жәрдем көлігіміз бар. Жедел медициналық көмекті керек еткендерге мүмкіндігімізше осында көмек көрсетеміз. Ал, күрделі операцияны қажет ететіндерді облыс орталығына, болмаса Астанаға
жібереміз.
Дәрігерлік амбулаторияның жанындағы дәріханадан жұрт қажет дәрі-дәрмектерін де табады. Кепілді тегін дәрімен қамтамасыз ету жайы да толық шешілген. Мұнда өз ісін жақсы білетін және осы салада біраз жылдар қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар көп. Терапевт Виктория Пеннер, тіс дәрігері Сара Құсайынова жұртшылықтың сондай құрметіне бөленіп жүрген жандар.
Дәрігерлік амбулаторияда аяғы ауыр әйелдерге дәрігерлік кеңес беруден бастап, босандыруға дейінгі қызметтің бәрі көрсетіледі. Акушерка-медбике Ләйла Жұманованың қолы жеңіл дейді ауылдастары. Осындағы жас аналардың бәрі оның қолынан босанып, сәбилерін аман-есен дүниеге келтіруде.
Іргелес үш елді мекенге қызмет көрсететін дәрігерлік амбулаторияда қашан барсаң да дертіне дауа іздеген адамдар қарасы үзілмейді. Уақытпен санаспай, күнұзақ, тіпті демалыс күндерінде, түн мерзімдерінде де қажет болған жағдайда көмек көрсетуге әзір тұратын ақ халатты абзал жандарға ауыл тұрғындарының айтар алғысы шексіз.
– Біздегі медициналық құрал-жабдықтардың 75 пайызы жаңартылған. Материалдық-техникалық базамыз да жақсы. Оған еш өкпеміз жоқ. Жалғыз шешімін тапса деген мәселе – бүгінде ескірген жедел жәрдем көлігін жаңғырту, – дейді бас дәрігер. Ауыл тұрғындарының алғысын арқалаған дәрігерлік амбулатория қызметкерлерінің бұл мұқтажы да басшылықтың құлағына жетіп, орындалып қалар деген үміттеміз.

Қалкөз ЖҮСІП.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар