Жалақы қарызымен ешбір келісуге болмайды

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстың 201 кәсіпорын-ұйым мен мекемесін тексеріп, оның 36-сынан 205,6 миллион теңгенің еңбекақы бойынша қарызын анықтады.

Мемлекеттік еңбек инспекциясының нұсқамасын орындау барысында кәсіпорындар 151,1 миллион теңгенің еңбекақы берешегін өтеді. Бұл анықталған қарыздың 90 пайызы. Бүгінгі таңда облыс бойынша сегіз кәсіпорынның жалпы еңбекақы берешегі 135,9 миллион теңге болып отыр. Биылғы жылдың қаңтарында жұмысшылардың өтініші бойынша Степногорск қаласындағы «SAREKO БК» серіктестігіне жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеріс барысында кәсіпорынның 40,2 миллион теңге еңбекақы қарызы бар екені анықталды. Кәсіпорын басшысына нұсқама беріліп, айыппұл салынды. Нұсқама бойынша кәсіпорын 17,9 миллион теңгенің еңбекақы берешегін өтесе,  22,3 миллион теңгесі төленген жоқ. 2016 жылдың 4 ақпанындағы нұсқаманы орындау үшін тексеріс материалдары сотқа жіберілді. Бүгінгі таңда кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатты.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне қарағанда, кәсіпорында концентраттар мен сирек кездесетін металдар өндірісін ашу бойынша Жол картасы жасалып, «Казатомпром» акционерлік қоғамына бекітуге берілген. Степногорск қалалық әкімдігінің ақпаратына жүгінсек, «SAREKO БК» серіктестігінің жалпы қарызы 61,2 миллион теңгені құрайды. Зеренді ауданындағы «Көкшетау Авиакомпания-сы» акционерлік қоғамының еңбекақы берешегі 29,7 миллион теңге. Бұл 152 еңбеккер алдындағы қарыз. Келеңсіз жай ағымдағы жылдың сәуір айындағы тексеріс барысында анықталды. Тексеріс қорытындысы бойынша нұсқама беріліп, заңды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінгі таңда «Көкшетау Авиакомпаниясы» акционерлік қоғамы бойынша басқарма транспорттық прокуратурамен бірлесе тексеруде.
Зеренді ауданындағы «Зеренді Сервис» коммуналдық кәсіпорнының берешегі 2,6 миллион теңгені құрайды. Биылғы жылдың 8 сәуірінде мемлекеттік еңбек инспекциясы аталмыш кәсіпорында ұжымның өтініші бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеріс барысында 70 еңбеккердің алдындағы 5 миллион теңгенің еңбекақы қарызы анықталды. Кәсіпорынға нұсқама беріліп, заңды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Мемлекеттік еңбек инспекциясының нұсқамасы бойынша «Зеренді Сервис» кәсіпорны 2,4 миллион теңге жалақы берешегін өтеді. Еңбекақы төлемеген аталмыш кәсіпорындардың басшыларының уәжі облыстық үшжақты комиссия отырысында тыңдалды.
Тексеріс нәтижесі бойынша Аршалы ауданындағы «Аршалы-Неруд» серіктестігіне нұсқама беріліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпорынның  жалақы қарызы 13,5 миллион теңге. Берешекке белшесінен батқан Көкшетау қаласындағы «Көкшетаугорсельпроект» жобалау институты» серіктестігі, «Атбасар ХПП» серіктестігі мен өзге де кәсіпорындардың басшылары  жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарын орындау кезінде заңды өрескел бұзғаны үшін 72 заңды және лауазымды тұлға, еңбекақы төлемеген 36 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Екінші мәселе министрлік Үкіметтің қарауына жиі жіберетін банкрот болған кәсіпорындардың жалақы қарызы болып табылады. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне қарағанда, 17 кәсіпорын банкрот деп танылған. Олардың ішінде «Газдиев Б.М.» жекеменшік кәсіпорны мен «Тренд» серіктестігі еңбекақы берешегін өтеген. Өзге 15 кәсіпорынның жалақы қарызы 382,5 миллион теңгені құрайды. Оның 227,8 миллион теңгесі Степногорск қаласындағы «Сага Грик Голд Компани» БК» серіктестігінің мойнында. Бурабай ауданының банкрот болған кәсіпорындары берешекке белшесінен батқан. Аудан бойынша үш кәсіпорынның жалақы қарызы 42,8 миллион теңге. «Богви» басқару компаниясы» серіктестігі 36,2 миллион теңге, «Оқжетпес» несиелік серіктестігі 5,2 миллион теңге, «Богви-Агро» серіктестігі 1,4 миллион теңге берешек.
Көкшетау қаласы бойынша банкрот болған кәсіпорындардың жалақы қарызы 33,1 миллион теңгені құрайды. Мәселен, «Жекебатыр» серіктестігі 19,6 миллион теңге, «Целина Инвест» серіктестігі 6 миллион теңге, «Т.З.К. Көкшетау» серіктестігі 3,5 миллион теңге, «Регул LTD» серіктестігі 3 миллион теңге берешек. Көкшетау қаласындағы «ПКФ» Элеватормельмонтаж» серіктестігінің жалақы қарызы 40,4 миллион теңге. Бұл іс сотта қаралуда. Мемлекеттік еңбек инспекция-сы бұрын бұл кәсіпорынның еңбекақы берешегін анықтаған. Ол кезде қаржының жоқтығынан қарыз қордаланып қалған еді. Тексеріс қорытындысы бойынша бұл кәсіпорын бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Белгіленген мерзімде нұсқаманы орындамағандардың материалдары жекеменшік сот орындаушылардың өңірлік палатасына жіберілді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 152 бабына сәйкес, еңбекақы төлемеу фактісі бойынша құқық қорғау органдарымен қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі күні қылмысты ашу түріндегі сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Еңбекшілдер ауданындағы банкрот болған екі кәсіпорынның жалақы қарызы 5,8 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, Зеренді, Сандықтау, Аршалы, Жарқайың және Ерейментау аудандарындағы бес кәсіпорынның қарызы бар.
Облыс бойынша еңбекақы берешегін жабу мақсатында мемлекеттік еңбек инспекциясы прокуратура, әкімдіктер, облыстық кәсіподақ федерациясы, үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен бірге дағдарысқа қарсы штаб пен үшжақты комиссия аясында жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері Ақмола облысында дағдарысқа қарсы штабтың екі отырысы өткізіліп, үш кәсіпорынның басшысы тыңдалды. Облыстық үшжақты комиссияда еңбекақы берешегі бар үш кәсіпорынның мәселесі қаралды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің әлеуметтік шиеленіс және еңбек дауларының туындау тәуекелділігі жөнінде республикада өткізген мониторингінің мәліметіне сәйкес, Ақмола облысында әлеуметтік шиеленістің орташа деңгейі сақталуда. Биылғы жылы облыс бойынша әлеуметтік еңбек шиеленістері тіркелген жоқ. Мемлекеттік еңбек инспекциясы Қазақстан Республикасы Заңнамасында қарастырылған барлық шараларды қолдануда. Еңбек заңнамасы саласында, әсіресе еңбекақы төлемеу бойынша заң бұзушылыққа тосқауыл қою жұмысын жалғастыра бермек.

Дүйсенбек БАЙМҰСЫНОВ,
облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар