Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекеттік қызметші болу – біз үшін зор сенім! - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекеттік қызметші болу – біз үшін зор сенім!

Бүгін тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде. Осы мереке қарсаңында біз бір топ мемлекеттік қызметшілерді сөзге тартқан едік. 

Алтын Ахметова:
– Бар саналы ғұмырымның 26 жылын мемлекеттік қызметке арнағанымды мақтан тұтамын. Алғаш бұрынғы Көкшетау облыстық әкімдігінің есеп-қисап бөліміне маман болып орналастым. Әлі күнге дейін осы бөлімде қызмет етемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Бар ғұмырымды  мемлекеттік қызметке арнауға бармын. Өйткені, мен үшін мемлекеттік қызмет ең алдымен Отанға қызмет, халыққа қызмет.
Әріптестерімді  алда келе жатқан кәсіби мерекелері – Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын! Оларға мықты денсаулық, отбасылық бақыт, жұмыстарына табыс тілеймін!

Ханшайым Зейнуллина:
– Мен 2005 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келемін. Мемлекеттік қызметші болғаныма мақтанамын, өйткені, ол менің ертеңгі күніме сенімділік беріп, әлеуметтік қамтылуыма жағдай жасайды.
Жалпы, менің ойымша әр адам ең алдымен, өз қызметін жан-тәнімен жақсы көруі керек. Сонда ғана «еңбек түбі – береке» болады. Таңертең жұмысқа құлшына барып, кешке үйіне үлкен қанағат сезімімен қуана қайтатын адамды өте бақытты адам деп айтар едім. Мен үшін өз жұмысымды адал атқарып, әріптестерімді жарға жықпай, түсіністік пен ортақ мүддеге жұмылған ұжымның бір бөлшегі болудан асқан бақыт жоқ. Дәл қазіргі менің қызметім өз жүрегіме жақын дей аламын. Барлық әріптестерімнің жұмыстарына  сәттілік және кәсіби өсу тілеймін!

Жаннагүл Ердекешова:
– Мен мектепте оқып жүрген кезімде-ақ  мемлекеттік қызметші болуды армандадым. Жоғары оқу орнын бітірген соң 2008 жылы облыстық мемлекеттік мекемелердің біріне жетекші маман болып кірдім. Содан бері тынбай еңбектеніп келемін. Жұмысым асқан жауапкершілікті талап етеді, бірақ, өзіме ұнайды. Менің ұраным – тек қана алға! Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысқанды жөн көремін. Осыны өзгелерге де айтудан жалықпаймын. Өзім Ақмола облыстық «Жігер» жас мемлекеттік қызметшілер клубы» ЖҚБ мүшесімін. 2011 жылы осы сала бойынша Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бо-йынша департаменті, «Жігер»  клубы» және Ресей Федерациясының Ульянов облыстық жас мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлер клубы арасындағы үшжақты меморандумға қол қою келісіміне қатыстым.
Жалпы мемлекеттік қызмет менің біліктілігімді арттырып, тәжірибе жинақтауыма көмектесуде. Сондықтан да, мен мемлекеттік қызметші болғанымды мақтан тұтамын, әрі мұны өзіме көрсетілген зор сенім деп білемін. Мемлекетіміздің әрі қарай гүлденуін, ал әріптестеріме мықты денсаулық, жұмыстарына сәттілік тілеймін!

Шынар Сәрсенбаева:
– Мен алғашында облыстық әкімдікте ұзақ жылдар бойы келісім-шартпен хатшылық қызмет атқардым. Бұл жұмыс маған мол тәжірибе беріп, жауапкершілігімді арттырды. Жергілікті атқару органы қызметінің негізгі мақсаты мен міндетін түсіндірді. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін конкурсқа қатысып, мемлекеттік қызметке қабылдандым. Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінде бас маман қызметін атқарамын.  Бұл жұмыс өте мұқияттылықты талап етеді, қателесуге болмайды. Мемлекеттік қызметшінің антын қабылдағаныма да 2 жылдан асып барады, бір сәтке де мемлекеттік қызметке кіргеніме өкінген емеспін. Жалпы, жыл өткен сайын мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайлары жақсарып келе жатқандығы қуантады.

Бибігүл Байшағырова:
– Мемлекеттік қызмет саласында 9 жылдан бері еңбектеніп келемін, жоғары білімді экономиспін. Облыстық әкімдікте әлеуметтік саланы дамыту бөлімінде бас маман қызметін атқарамын. Жалпы, өз басым Мемлекет басшысының әлеуметтік сала бойынша берген тапсырмаларын тікелей жүзеге асырушымын деп санаймын. Барлық әлеуметтік салаға арналған жаңашылдықтар мен құқықтық міндеттемелер біздің алдымыздан өтеді. Осы сала бойынша облыстық әкімдікке бағытталған көптеген өтініштерді қарап, оларға заңды, тиесілі көмек көрсетілуін қадағалап келеміз. Мемлекеттік қызметтің негізгі басты талабы – халыққа қызмет көрсету, өз пайдаңды тигізу деп түсінемін.
Ал, әріптестерімді бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтап, тынымсыз еңбектеріне жеміс тілеймін.

Диана Смат:
– Мемлекеттік қызметте 4 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Мемлекеттік қызмет мен үшін үлкен мәртебе, өйткені, мен тәуелсіз Қазақстанның дамуына, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына тікелей қол ұшын созудамын. Оған қоса, қызметтік тәжірибем молайып, жауапкершілік, мақсаттылық, талап қоя білу сияқты жеке мінез сапаларым шыңдалды. Сондықтан да, бүгінгі мереке күні ең алдымен мен өзімді мемлекеттік қызметке алғаш келгенде қол ұшын беріп, ақылдарын аямаған ұстаздарым, мемлекеттік қызметшілер Алтын Ақбарова,  Рүстем Керейбаев, Сәуле Тоқаева, Наталья Финстерле, Құралай Жақыповаларға  алғыс айтамын.  Оларды мерекелерімен құттықтап, мықты денсаулық, жұмыстарына табыс, отбасыларына бақыт тілеймін.   

Алмат Тоқмағанбетов:
– Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, яғни, осыдан 5 жыл бұрын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына маркетинг саласының маманы болып қабылдандым. Кейін облыстық әкімдіктің өндіріс салаларын талдау  бөліміне бас маман лауазымына жарияланған конкурсқа қатысып, бүгінгі қызметіме қабылдандым. Жалпы жұмысым ТКШ, құрылыс, автожолдар және сәулет салаларын қамтиды. Бұл салаларда бүгінде оң өзгерістер байқалуда. Елбасымыз тарапынан беріліп жатқан тапсырма, жоспарлардың орындалуы үнемі назарымызда. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілерге бөлініп жатқан көңіл, әлеуметтік көмек, жалақының өсуі болашаққа деген сенімімізді арттырып, қоғам тарапынан мемлекеттік қызмет беделінің артуына септігін тигізуде.  Мен мемлекеттік қызметші болғанымды мақтан тұтамын, өйткені, мемлекетке қызмет ету – халыққа қызмет ету!
Венера Шәріпбаева:
– Жалпы мемлекеттік қызметші болу – өзге сала мамандықтарымен салыстырғанда әлдеқайда жауапкершілігі зор міндет. Мұны өз басым 9 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүргенде кеңінен сезініп келемін. Алғашында облыстық ішкі істер департаментінде маман болып жұмысқа қабылданғанмын, кейіннен облыс әкімі аппаратына ауыстым. Жұмысым менен асқан жауапкершілікті, ықыластылықты, мұқияттылықты, нақтылықты, табандылықты талап етеді. Өзім осы талаптарға сай болып, үнемі өздігімнен біліктілігімді арттырып, білімімді жетілдіріп отырамын.
Облыстың барлық мемлекеттік қызметшілерін, әріптестерімді  кәсіби мерекелерімен құттықтап  жұмыстарына сәттілік тілеймін.  

Гүлден Сахаева:
 – Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілім 6 жылды құрайды. Осы жылдар ішінде  мемлекеттік қызметтің жетіліп, заманға сай жаңарып келе жатқандығының куәсі болудамыз. Қайсыбір жылдары мемлекеттік органдардың бірыңғай құжаттамалық бағдарламасының болуы қуантса, бүгінде ол бағдарламалар жаңартылып, жұмыс істеуге қолайлы жағдайлар туғызуда.
Осыған сәйкес көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінде созбалаңдық та жойылуда. Мен өз қызметімнің барысында облыстағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу саласына жетекшілік етемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалпы осы сала бойынша облыстағы тұрақтылық біздің табанды қызметіміздің жемісі деген ойдамын. Ал, мемлекеттік қызметкерлерге мерекелеріңіз құтты болсын, еңбектеріңіздің жемісін көріңіз деп тілеймін!

Серік Оспанов:
– Мемлекеттік қызметші атағына ие болу мен үшін үлкен мәртебе, зор сенім. Жұмысымды ауылдық округте жетекші маман болып бастадым, кейін Еркөл ауылдық округінің әкімі болдым. 2013 жылы Көкшетауға облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру бөліміне инспекторлық қызметке шақырды. Бұл ұсынысты қуана қабыл алып, облыс орталығына  қоныс аудардым. Міне, осы уақыттан бері 6 жыл бойы осында жұмыс істеп келемін. Ұжымым ұнайды, атқарып жатқан жұмысымды қадір тұтамын. Менің болашақта көздеген жоспарым мемлекеттік қызметпен тікелей байланыс-
ты және ол ойымның жүзеге асатынына  толық сенемін.  
Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отыр. Осы уақытта мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсіп, бар-жоғы ширек ғасырдың ішінде  көптеген белестерді бағындырды. Елбасымыз болашақ жастардың қолында деп атап көрсетті. Бүгінгі күні елімізде рухы асқақ, ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге дайын жастар жетерлік. Мен болашағы айқын, келешегі кемел Қазақстанда туып-өскенімді мақтан тұтамын, еліміздің дамуына өзіндік бір үлесімді қосып жатқаныма ризамын.
Біз облыстың барлық мемлекеттік қызметшілерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел үшін маңызды қызметтеріне сәттілік тілейміз.

Меруерт ПАЛМАХАНОВА,
облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар