Сегіз қырлы, бір сырлы абзал жан

Ел қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп үшін  өмірлерін қауіп-қатерге тігетін полицейлердің жұмысы қиын да жауапты екені белгілі. Олар күнде небір оқыс оқиғалардың басы-қасында жүреді. Ауыр да абыройлы міндетті мойындарына алған мамандық иелері уақытпен санаспай, өздеріне жүктелген сенім биігінен көрінуде.

 

Біз солардың бірі – облыстық ішкі істер департаментінің уақытша ұстау изоляторы және айдауылдау қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Сердәлі Наргелов жайында сөз қозғамақпыз. Облысымыздың әр ауданында  жалпы алғанда 16 уақытша изолятор жұмыс істейді. Олардың жұмысы жөнінде  адамдар көп біле бермейді. Алайда,  қылмыс жасады деп ұсталған күдіктілерді бақылайтын полицейлердің жұмысы қарбаласқа толы. Құқық қорғау қызметкерлері барлық уақытта адамдардың заңды құқының сақталуын басты назарда ұстап, абақтыда отырған адамдардың  жағдайына бас-көз болады. Осылайша түн демей, күн демей, қызмет атқаратын полицейлер мызғымас тәртіптің арқасында қоғам игілігіне өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Біздің кейіпкеріміз де осы салада 24 жыл табан аудармай еңбек етіп, кейінгі мамандарға өзінің өнегелі ісімен үлгі болып жүрген   білікті басшы.
Сердәлі Ділдаханұлы Жамбыл облысының тумасы. Алғашында  Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде  конструктор мамандығын игерген ол кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтында заңгер  мамандығы бо-йынша екінші жоғары білім алған. Құқық қорғау  саласындағы еңбек жолын  Алматы қаласындағы Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор қызметінен бастаған. Жұмысқа ерекше жігермен, таудай талаппен кіріскен кейіпкеріміз көп ұзамай ерен еңбегі үшін өзінің алғашқы марапатына  ие болады. Ауданда қоғам тыныштығын күзетіп, бейбіт күннің бесігін тербеткен атпал азаматқа іскерлігіне сай  1994 жылы үздік  учаскелік инспектор атағы беріліп, сол кездегі Ішкі істер министрі Болат Баекенов екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етеді.
Бұдан соң Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында жауапты қызметтер атқарған Сердәлі Ділдаханұлы республикамыздың төрт облысында еңбек еткен. Алғашында жаңа ортаға үйрену қиынға соқса да, мұның өзі тәжірибе жинақтауға таптырмас мүмкіндік болғаны айқын.  Сол тәжірибесімен әлі күнге әріптестеріне жол көрсетіп, қызығынан гөрі қиындығы басым мамандықтың  қыр-сырын үйретуде. Ең бастысы, полиция қызметкерлері адами тұрғыдан адал, жан-жақты білімді азаматтар болуы керек деп біледі ол. Сонда ғана  қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету табысты жүзеге асырылатынына сенімді. Борыш пен намысты, ар мен адалдықты серік еткен абзал жан өзінің  тындырымды еңбегінің арқасында  кіші сержанттан полковникке дейін өсіп, қарапайымдылығы мен кез-келген адаммен тіл табысу қасиетінің арқасында ұжымның  зор құрметіне бөленуде. Тәуліктің кез-
келген уақытында әріптестеріне қол ұшын  созуға да дайын.
Қоғам қауіпсіздігін сақтау жолында осылай жан аянбай еңбек етіп жүрген Сердәлі Наргелов тек антына адал полиция қызметкері ғана емес, өз жанұясының қамқоры, ақылшы, тірегі де. Аяулы жары Назгүл де әрдайым қолдау көрсетіп, ауыр  жұмысына түсіністікпен қарайды. Екеуі Аягөз, Аяжан есімді қос қыздарын  тәрбиелеп,  отбасы қызығын көріп отырған бақытты ата-ана.

 

Ырысгүл АШУОВА

Суретте: полиция полковнигі Сердәлі Наргелов (оң жақта) бөлім қызметкерлерімен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар