Ата-аналар қайғы жұтпаса екен

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі
И.Н.Тасмағамбетовке

Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығы мен қамқорлығының арқасында тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштері жылдан-жылға нығайып, біздің әскеріміз қазір әлеуеті де, жауынгерлік қабілеті де жоғары құрылым болып отыр. Бұл әрине, қуанышты жағдай.
Алайда, соңғы уақытта Конституция бойынша өздерінің Отан алдындағы азаматтық парыздарын өтеп жүрген азаматтарымыздың осы бір  бейбіт күндері де қазаға ұшырап жататындығы жиі орын ала бастағандығы алаңдатады.
Жуырда ғана Ақмола облысы Ақкөл ауданының Трудовой селолық округінен әскер қатарына алынып, Жамбыл облысы Отардағы №82796 әскери бөлімінде өзінің азаматтық міндетін атқарып бітіруіне енді бес ай қалған жиырма екі жасар Саян Сатыбаевты әскерилердің өз ата-анасының қолына кебінге орап, табытпен әкеліп беруі үлкен қайғылы оқиға болды. Ағайын-тумалары мен ел жұрты тойын жасап, баталарын беріп шығарып салған қыршын жастың «өзіне-өзі қол жұмсады» деген сараптама қорытындысына сенбеген жауынгердің туыстары табытты ашып көргендерінде, жантүршігерлік жайды көріп, естерінен танып қала жаздаған көрінеді. Бұл арада біз сараптама қорытындысына күмән келтіруден мүлдем аулақпыз. Дегенмен де, бұл жағдайға қазіргі қайра сараптама жүргізілу барысында, істің ақ-қарасы әділ анықталуы керек деп санаймыз.
Алайда, қазіргі бейбіт уақытта, қатардағы жауынгерлеріміздің түрлі себептермен ажал құшып, табытпен үйлеріне қайтарылып жататындығының әзірге, көбінесе «елдегі қызынан хат алыпты, сонан соң ол өзіне-өзі қол жұмсапты» деген бір ғана себебі бар сияқты. Бұған  қазір қоғам сенбеуге де айналды.
Сөйтіп, біз онсыз да өздерінің арыстай ұлдарынан бір айырылып, қайғыдан қан жұтып, қара жамылып отырған ата-ананы бір жер қылсақ, «балаңыз өзіне қол жұмсады» деп бүкіл бір әулеттің сүйегіне қара таңба  басып, екінші өте бір ауыр жағдайға қалдырып жүргендейміз. Мұндай жағдайға тап болып, қасірет тартып отырған отбасылар елімізде көп болмаса да, бар.
Бауыр еті баласының өзіне-өзі қол жұмсағандарына ата-аналар неге сенбейді, неге күмән келтіре береді? Әлі де болса, әскери бөлімдерде әлімжеттілік жасау, кей жағдайда ұрып соғу, зорлық көрсету жайларын жасырып, біздің әскери шенділеріміз тек өздерінің «мундирлерінің» ғана абыройын сақтап қалып жүрген жоқ па? Әскерге баратын баламыз тек осы Отардағы әскери бөлімдерге түспесе екен дейтін де ата-аналар бар қазір. Сонда Отар шынында да, жастарымыздың жауынгерлік борыштарын өтеудің әлдебір қауіпті бір аймағына айналып отыр ма? Біз бұл арада әлдебір әскери бөлімнің абыройына көлеңке түсірейін деп отырған жоқпыз. Тек осы бір үрей ел ішінде неге бар деген мәселеге зер салуды қажет деп білеміз.
Ел мен жер барда, тәуелсіз елімізге қашан болсын Қарулы Күштер керек. Ол басы ашық мәселе. Қазіргі уақытта Қазақстанның Қарулы Күштерінің қатарына, көбінесе жандарымен жан бағып отырған қарапайым отбасыларының азаматтары алынатындығын ескерсек, сол қарапайым адамдардың өздері үшін асыл перзенттерінің әскер қатарындағы өз борыштарын абыройлы өтеп, өз үйлеріне тірі, аман-сау оралу мәселесіне әлі де болса айрықша мән беру керек.
Бұл мәселедегі жауапкершілікті арттырып, жауынгерлік борыштарын өтеп жүрген, сонымен бірге, алдағы уақытта сол әскер қатарына баратын жастарымыздың өмірлеріне деген олардың ата-аналарының сенімді болып, олардың бойларындағы «баламыз аман-сау оралса екен» деген әлдебір үрейді сейілту үшін әскердегі тәртіп жайының мәселесін тағы бір ойласудың артықтығы да болмас еді деп санаймыз.
                       Сенат депутаты Жабал ЕРҒАЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар