Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты жиналысқа қатысып, осы қызметте абыройлы биіктен көрініп жүрген бір топ таңдаулы қызметшілерге облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.
Бүгінде тәуелсіз еліміздің алған асулары мен бағындырған белестерінде мемлекеттік қызметтің орны ерекше екені белгілі. Сол себепті де, мемлекеттік қызметшілерге әрі жауапты әрі күрделі міндеттер жүктелген. Жиында Нұрлан Нұркенов осы жөнінде кеңінен сөз қозғап, еліміздің дамып өркендеуі Отанымыздың мақсат-мұраты жолында аянбай еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшінің қажыр-қайратымен тығыз байланысты екендігін атап өтті.
– Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік қызметтің жаңа моделі құрылды. Осылайша түбегейлі өзгерістерді өткеріп, демократиялық бетбұрыстарға ойысқан мемлекеттік басқару жүйесі мемлекеттік қызметшінің жаңа келбетін қалыптастырды. Қазіргі күні халық игілігі үшін жұмыс істеп жүрген азаматтардың саны артып, олар ел мүддесі үшін аянбай қызмет етуде. Осы орайда, барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Елбасы саясатын іске асырудағы еселі еңбектері үшін алғысымды білдіремін, – дей келе, жиырмадан астам мемлекеттік қызметшіні облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және департамент басшысының Құрмет грамотасымен марапаттады. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.