Байланыс қызметі бабында

Осы заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген «Астанателеком» Ақмола өңірлік телекоммуникация дирекция-сы облыс тұрғындарына жоғары сапалы қызмет көрсетумен келеді. Бұған әрине, ұжымның әрбір қызметкерінің алға қойылған міндетті терең түсініп, ойдағыдай орындауы да игі ықпалын тигізуде.  

Соңғы жылдары халықтың телефон, оның ішінде интернет байланысына сұранысы артып отыр. Тіпті, кез-келген шаруаны телефон не интернетсіз тындыру мүмкін емес. Бұған биылғы жылдың басынан бастап атауы «Астанателеком» болып өзгертілген өңірлік телекоммуникация дирекциясының мамандары тарапынан жаңа қондырғыға абоненттік жүйені қосуда үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Бұл үлкен дайындықты талап ететін қиын жұмыс. Бүгінгі таңда көкшетаулық абоненттердің iD Net жоғары жылдамдықты интернеттің, iD Phone жаңа үлгідегі телефондар мен iD TV интерактивтік телеарнаның жаңа қызметтеріне қолдары жетті.  Қызмет сапасын арттыру мен оның  аясын ұлғайту, технологиялық жаңалықтар, икемді тарифтік саясат дирекцияның негізгі басымдылығы болып табылады.
–Кейінгі кезде біздің облысымызда байланыс саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Мүмкіншілігі зор бүгінгі байланыс құралдарының игілігін қала, ауыл тұрғындарының түгел көруіне барлық жағдай жасалынған. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Бүгінде облысымыздың ең шалғай аудандарының тұрғындары да сандық байланыс қызметін пайдаланып, қалаған адамымен еш қиналмай сөйлесе алады,–дейді «Астанателеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясының технигі Дана Айсина.
Бүгінгі таңда облыс аумағында барлығы 405 автоматты телефон стансасы халыққа қызмет көрсетсе, оның 43-і Көкшетау қаласында орналасқан. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Бұл дегенміз халықтың жылдан-жылға байланыс қызметіне деген сұранысының артып отырғанын білдірсе керек. Қазіргі күні облысымызда екі жүз мыңнан астам абонент нөмірі бар. Яғни, сонша адам телефон байланысына қосылған. Осыдан-ақ, облыстық телекоммуникация дирекциясының бүгінде тұрғындардың телефон байланысына деген сұранысын толық қамтамасыз ете алатынын көруге болады. Телефон орнату үшін бұрынғыдай кезекке тұрып, біраз уақыт күту деген болмайды. Қазіргі жағдай телефон байланысына қосылғысы келген қала тұрғындарының өтінішін еш кедергісіз сол сәтінде қанағаттандыруға толық мүмкіндік береді. Яғни, телефон байланысын пайдаланғысы келген кез-келген қала тұрғыны қысқа мерзім ішінде телефон орната алады. Алайда, облысымызда қолға алынып жатқан жұмыстардың ауқымы болашақта тұрғындарды телефонмен қамту көрсеткішінің бұдан да зор қарқынмен өсетіндігіне күмән тудырмайды. Бұл сонымен қатар, телефон нөмірлерінің санын ғана өсіріп қоймай, тозығы жеткен ескі телефон стансаларын қазіргі заманғы сандық жүйемен ауыстыруға және ADSL технологиясы
бойынша ауқымы кең, ұшқыр интернет желісін пайдаланушылардың санын арттыруына мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні осынау кәсіпорынның халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырғандығы сол жолда аянбай тер төгіп келе жатқан байланыс қызметкерлерінің арқасында десек қателеспейтіндейміз. Оларды көпшіліктің бірі білсе, бірі біле бермейді. Бүгінгі таңда бір ғана Көкшетаудың өзінде 500-ден астам байланыс қызметкері жұмыс істейді. Олардың арасында саналы ғұмырын осы салаға арнаған Қойшыбай Сарманов, Виктор Сердюков, Александр Волошин, Боран Оразғалиев, Қайрат Нұрқанов, Олжабай Салпықов сияқты жиырмадан астам «Құрметті байланысшы» атағына ие болған еңбек озаттарының жолын қуып, келе жатқан жас маман техниктер Алмагүл Бекмағанбетова, Динара Ахметова, Юлия Ключникова да аянбай қызмет етуде.  
–Біздің мақсатымыз халыққа сапалы қызмет көрсету. Әсіресе, телекоммуникация қызметін дамыту, клиенттеріміз тарапынан түсетін шағымдар мен ескертулер бойынша жұмыс істеу, сервистік қызмет стандартын сақтау, әлеуеті жоғары клиенттер іздеу біздің міндетіміз. Телекоммуникация саласында 23 жыл бойы қызмет істеп келемін. Қарамағымда тәжірибелі аға буын өкілдерімен қатар байланыс саласының қыр-сырын енді-енді ғана меңгеріп келе жатқан  жастар да бар. Оны соңғы жылдары кәсіпорын басшылығының ұжымға жас мамандарды тарту саясатының жемісі деп білемін,–дейді заңды тұлғаларға қызмет көрсету бөлімінің маманы Анжела Чучалова.
Осылайша бүгінгі таңда өңірлік телекоммуникация дирекциясының  қызметкерлері алдарына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындап, өздерінің қажырлы еңбектерімен компанияның одан әрі дамуына сүбелі үлестерін қосуда.

 

Аслан ОСПАНОВ

Суреттерде: халыққа қызмет көрсету залында;  білікті маман Анжела Чучалова жұмыс үстінде.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар