Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ержан Сәденов құқық қорғау саласындағы жұмыстың бір жағынан шығысып келе жатқан БАҚ-тардың басшылары мен осы тақырыпта қалам тербеп жүрген журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Жиында алғашқы болып сөз алған департаменттің бастығы полиция қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету бағытындағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысына оң баға берді. Отырыста облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук құқық қорғау саласында ақпараттық саясаттың жүзеге асырылуы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, ол өткен жылы өткізілген «Журналист кәсібін өзгертті» акциясының қорытындысымен таныстырды. Бұл акция аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз мамандықтарын бір күнге тәртіп сақшылығына алмастырып, жауапкершілігі мол осы бір қызметтің де қыр-сырына үңілген еді. Осы орайда, жиналғандарға аталмыш шараның өткізілу барысы жайында дайындалған бейнефильм ұсынылды.
Отырысты қорытындылаған Ержан Сәденов алдағы уақытта да БАҚ өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істейтіндерін айта келіп, полицияның оң бейнесін қалыптастыру, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу ісіне қосқан үлестері үшін мерзімдік басылым басшылары мен журналистерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Ырысгүл АШУОВА