Жақында Сандықтау ауданының Приозерный селосында «Достық» балалардың демалу сауықтыру орталығы ашылды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған жаңа орталықтың лентасын аудан әкімі Асылбек Есмағамбетов пен облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова қиды.
Өңірдегі балалардың денсаулықтарын нығайтуды қамтамасыз ету мәселесін шешуге игі ықпалын тигізетін осындай орталықты ашу туралы ойды облыс әкімі Сергей Кулагин айтқан болатын. Ондағы мақсат балалар мен жасөспірімдердің денсаулықтарын жақсарту. Енді міне, сол идея жүзеге асып, Приозерный мектебінің базасында балалардың демалу және сауықтыру орталығы
ашылып отыр.
Төрт қабатты мектептің сол жақ екі қабатты қанаты оқу корпусынан оқшауланып, онда балалардың демалатын бөлмелері мен әкімшілік, шаруашылық және сауықтыру орталығы орналасқан. Мұнда бір ауысымда 50 бала демала алады. Негізінен, онда әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтардың, көп балалы отбасылардың балалары мен жетім балалар дем алмақ. Балалармен жұмыс бес бағытта жүргізіледі деп жоспарланған: шығармашылық, спорт, лингвистикалық, туристік
және өлкетану.
Орталық табиғаты көркем Жақсы-Жалғызтау көлінен бес жүз метрдей қашықтықта тұр. Мұнда балалардың таза ауада табиғат аясында серуендеп, көлге шомылуына, түрлі ойындар ойнап, денсаулықтарын нығайтуларына жан-жақты жағдайлар жасалған. Балалардың демалу және сауықтыру орталығын ашуға жергілікті бюджеттен 9 миллион теңге қаржы жұмсалды. Осы арада, орталыққа қажетті жиһаздар мен басқа да құрылғыларды алуға мекемелер мен ұйымдар, шаруашылықтар демеушілік көрсеткенін атап өткен жөн.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.