Ел тілегіне құлақ түріп, өзінің де пікірін білдірді

Өткен бейсенбі күні Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, депутаттар өз жұмыстарын қорытындылады. Енді олар жазғы демалысқа шыққанымен, арасында ел аралап, сайлаушылармен кездеседі. Жыл ішінде Парламент қарауына бас-аяғы  154 заң жобасы енгізіліп, оның 104-і қабылданды. Президент 80 заңға қол қойды.

Жартысынан астамы жаңарған соңғы шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары Парламент қабырғасындағы алғашқы 100 күнін ғана өткізді. Яғни, олардың жұмыстарына баға беруге әлі  ерте. Шілденің 1-і күні облысымыздан жаңадан сайланған Мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов  Аршалы
ауданында сайлаушылармен кездесуін бас-тап та кетті. Бірден айта кетелік, депутаттың тұрғындармен жүздесуі алғашқыда «Сіз айта беріңіз, біз тыңдайық» дегендей сылбырлау басталғанымен,  әңгіме барысында оның еңбек жолын ауылда бастап, депутат болып сайланғанға дейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен кәсіпкер екендігін  аңғарған тұрғындар белсенділік таныта бастады.
Мәселен,  Мұрат Баритұлының Премьер-Министрдің атына Қазақстанда «Ауыл шаруашылығы банкін» ашу қажеттілігі туралы сұрау жолдауы және ол ұсынысын экономикалық тұрғыдан нақты дәлелдермен дәйектеуі ауыл тұрғындарының көңілдерінен шыққандығы көрініп тұрды. Әрине, он жылдан бері айтылып келе жатса да шешімін таппаған, ақырында  «КазАгро» Ұлттық холдингіне қарасты «КазАгроФинанс», «Аграрлық-несиелік корпорация», «Азық-түлік корпорациясы» сынды құрылымдардың жұмыстарын бір жүйеге келтіріп, ысырапшылдықтың жолын кесу туралы Президент тапсырмасына орай, сәл де болса сең қозғалғандай еді. Бірақ, әзірге күрт өзгерген ештеңе байқалмайды. «Бұл құрылымдардың кейбіреулері жекеменшікке сатылады» деген әңгіме де ұмытыла бастады. Мысалы, «КазАгроФинанс» Үкіметтен 0,1 пайызбен 60 миллиард теңге несие алса, ауыл шаруашылығы құрылымдарына несиені 7-8 пайыздық үстемемен береді.  Яғни, ауыл шаруашылығына бөлінген ақшадан қыруар пайда тауып отырған құрылымдардың жабылуына қарсы күштердің де аз еместігін ескеру қажет. Яғни, Мұрат Баритұлының айтуынша «Ауыл шаруашылығы банкін» «Аграрлық-несиелік корпорация негізінде ашуға болар еді. Сонда «корпорация қызметкерлері қайда барады», «банкке қажетті маманды тез арада қайдан іздейміз» деген сынды сұрақтар  өз шешімін табатын сыңайлы.
  Кездесу барысында сондай-ақ, субсидия мәселесі, жұмыссыз жүрген азаматтарды қоғамдық жұмысқа тартуда туындайтын жайлар сөз болды. Мәселен, «Жұмыспен қамту туралы» Заңдағы баптарды нақтылай түсетін заң актілері жоқ болғандықтан, қоғамдық жұмысқа қалай, қанша уақытқа қабылдауға болады деген мәселелер айқындалмаған. Қарапайым тілмен айтсақ, арнайы ережелер жоқ. Ауыл тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе, ол несие аларда кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлікті бағалаудағы кедергілер. Яғни, ауылдардағы мүліктер өте төмен бағаланады да, банктер несие беруден тартыншақтайды.
Жалпы, кездесуге келген Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржановтың ауыл шаруашылығының проблемаларын жетік білуімен қатар, оларды шешудің жолдарын қарастырып белсенділік танытуы аршалылықтардың ризашылығын тудырды. Әрине, «асатпай жатып, құлдық» деуден аулақпыз, дегенмен Мұрат Баритұлы әлі де көптеген елді мекендерді аралап, ауыл шаруашылығы құрылымдары және шаруа қожалықтары басшыларымен, басқа да мамандармен пікір алмасып, ой бөлісетіндігін айтсақ біраз істің бетін қайтаруға жол ашылуға тиіс. Сайып келгенде, азық-түлік қауіпсіздігі мемлекет үшін ең маңызды шаруа. Ал, ол қауіпсіздік ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау болғанда ғана қамтамасыз етіледі.
Талғат ҚАСЕН.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар