Өнім сапасына жете көңіл бөлінуде

Аграрлы өңір саналатын ауданда соңғы жылдары өнеркәсіп саласы да серпінді дамып келеді. Әсіресе, құрылыс индустриясы қарқын алуда. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын құрылған «Шортанды гранит» ЖШС құрылыс жұмыстары үшін қиыршық тас өндіретін ірі  кәсіпорындардың бірі болып табылады.

Аудан орталығы Шортанды кентіне жақын аумақта орналасқан кеніштен әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы мен өнеркәсіп саласына қажетті қиыршық тас өндіріледі. Кәсіпорын жылына 70 мың тоннадан астам өнім шығарады. Өнімге деген сұраныс жыл санап арта түсуде. Дайын өнімдер сақталатын қойма барлығына қарамастан, өндірілген өнімді тапсырыс берушілер бірден алып кетуде. Өнім тарату ауқымы да кең. «Шортанды гранит» серіктестігінің өнімдерінің басты тұтынушысы Астана-Павлодар жолын салып жатқан «Қазақжолқұрылысы» ЖШС болып отыр.  Серіктестік директоры Ғалымжан Садықовтың айтуынша, құрылысқа пайдаланылатын өнім әрдайым зертханалық сараптамадан өткізіліп тұрады. Кәсіпорын өнімге қойылатын сапа талабын сақтауға үлкен көңіл бөледі. Бес түрлі өлшемдегі қиыршық тас шығаратын кәсіпорын өнімінің арнайы сертификат-лицензиясы бар.
Мұндағы жұмыс барлық уақытта техника қауіпсіздігін сақтауды қажет етеді. Еңбек ететін адамдардың бәрі өз жұмыстарын жақсы білетін білікті және тәжірибелі мамандар. Қиыршық тас шығаратын техниканың машинистері Александр Голиков, Данил Ворон тасты ұсақтау желісінің операторы Валентин Сысоев пен Игорь Пянков – бәрі де осы салада біраз жыл еңбек еткен тәжірибелі жұмысшылар.
Әлемді қамтыған экономикалық дағдарысқа қарамай, кәсіпорын өндіріс көлемін қысқартпай, қалыпты жұмыс істеуде.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар