Азия біріншілігі өтті

Өткен сенбіде Көкшетауда триатлоннан жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігі болып өтті. Оған әлемнің алты елінен 23 жасқа дейінгі элиталық топта өнер көрсететін 85 спортшы қатысып, бақ сынасты.

 

Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы болған Дмитрий Гаагты дүниежүзілік аренаға шығарған Ақмола, Көкше өңірлерінде атақты жерлестерінің жолын қуған спортшылар аз емес. Үлкен додалы жарыстарда топ жарып жүрген триатлоншыларымыз осы пікірді  дәлелдейді. Бұл жолғы жарыста да еліміздің туының астында өнер көрсеткен триатлоншыларымыз жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жарыс белгіленген мерзімде басталды. Сіркіреп жауған жауын жеңіске құлшынған жігіттердің жолын бөгей алмады. Жарыстың үш кезеңінде де алдына жан салмаған қазақстандық триатлоншы Аян Бейсенбаев бірінші тұғырдан көрінді. Екінші орынды да қазақстандық спортшы Темірлан Теміров жеңіп алды. Ал, үшінші орын португалиялық спортшы Филипе Азеведоның қанжығасында кетті.
Гонконгтан келген триатлоншы Леонг Тим төртінші орынды місе тұтты. Тағы бір қазақстандық жас спортшы Антон Портнягин бесінші орыннан көрінді. Жалпы, қазақстандық триатлоншылар бұл жарысқа үлкен дайындықпен келгендерін көрсетіп, жоғары деңгейде өнер көрсетті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар