Қазақстан Президенті қатысушыларға арнаған сөзінде Рио-Де-Жанейродағы Олимпиадада Қазақстан намысын қорғайтын спортшыларға еліміздің ерекше үміт артатынын атап өтті.
– Сендер спорттағы біздің олимпиадалық отбасымыздың толыққанды мүшесісіңдер. Қазақстандықтар Олимпиада нысандарындағы трибуналарда және теледидар алдында сендерге қолдау көрсететінін ұмытпауға тиіссіңдер. Сендердің қатысуларың барша отандастарымызды рухтандырады және қуантады. Сондықтан, сендердің алдағы жеңістеріңді біз Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған сый ретінде күтеміз. Біз тебіреніс және шынайы толқыныспен сендердің жеңістеріңе сеніп, Олимпиада аяқталған соң жеңімпаздарды елде мақтанышпен және құрметпен күтетін боламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қазіргі кезде республикамыз Тәуелсіздік тарихындағы ең мықты спорттық әлеуетке ие екеніне тоқталып өтті.
– Олимпиада алдындағы ресми ойындардың қорытындылары Азия және әлем чемпионаттарында сүбелі нәтижелер көрсетіп жүрген қазақстандықтардың жаңа саңлақ буынын тәрбиелеп шығара алғанымызды байқатты. Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасы Рио-Де-Жанейродағы 2016 жылғы Олимпиаданың басталуына дайын болды. Бүгінде біздің спортшылар 38 олимпиадалық спорт түрінің 26-сы бойынша 100-ден астам лицензия ұтып алды. Мұның өзі жақсы жетістік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы елімізде әрдайым спортқа ерекше мән беріліп келе жатқанына назар аударды.
Қазақстанның спорт делегация-сы өкілдері өз сөздерінде дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелеріне мемлекет ұдайы назар аударып келе жатқанын айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа ақ тілегі мен қолдауы үшін алғыстарын айтты.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Олимпиадалық құраманың ту ұстаушысы Р.Жапаровқа мемлекеттік туды тапсырды.