Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы рәсім аясында еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды. Қазақстан Президентінің қолынан 12 түлек – Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтының, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер әскери институтының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери институтының үздік бітірушілері шен алды.
Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға арнаған сөзінде мемлекеттік ту әрбір қазақстандық үшін қасиетті құндылық болып саналатын ұлттық бірлік нышаны екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы республиканың жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектерін құттықтап, қазақстандық патриотизм түрлі салада, соның ішінде ең алдымен, Отанға қызмет етуде көрініс табатынын айтты.
– Бүгін біз жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырамыз. Осы күндері мыңдаған қазақстандық жас оқуын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Сіздер өз жолдарыңызды елдің бас байрағының алдында, салтанатты жағдайда бастап отырсыздар. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені, сіздер қоғамда құрметке ие айрықша мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер бірнеше жылды жақсы білім алуға, жаңа машықтарды игеруге, достық пен өзара көмектің құндылығын түсінуге арнадыңыздар. Енді осының бәрін тәжірибеде қолдану керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті мемлекеттік ту көтеру рәсімі дәстүр бойынша Астана күніне арналған іс-шаралардың бастауы болып саналатынына назар аударды.
– Биыл біз Астананың 18 жылдығын – кәмелеттік жасқа толуын атап өтеміз. Бұл биіктер бағындырылған және сол биіктен жаңа перспективалар көрініп тұрған кез. Тәуелсіздік тудырған Астана құлпырған үстіне құлпырып, қарыштап өсуде. Бұл қала елді біріктіріп, жаңа табыстарға жетелеп, көш басында келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев елорданың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін айтты.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқын алдағы Астана күнімен құттықтап, бейбітшілік пен татулық, тыныштық пен бақ-береке тіледі.