Жайылымның жайы айтылды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев жұмыс сапарымен Ақкөл ауданында болды.

Алдымен, халық қалаулысы аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясы Ақкөл аудандық филиалының ғимаратында азаматтарды қабылдады. Мәжіліс депутатының қабылдауында мұңын шағып, арыз-шағымын айтып келгендер көп болды. Мәселен, зейнеткер Валентина Левицкая балалар үйінің жанында орналасқан үш тұрғын үйдің кәріз жүйесі тозғанын айта келіпті. Құбырлардың іші күл-қоқысқа толып қалу салдарынан тұрғындар біршама қиындық көріп отырған көрінеді. Бұрын балалар үйіне қарасты баспана қазір қараусыз қалған. Сондықтан, жөндеу жұмыстары тек тұрғындардың есебінен жүргізілуі тиіс. Ал,  азаматша аталмыш үйде зейнеткерлер тұратындықтан  тиісті қаражатты жинау қиынға соғатынын алға тартты. Мәжіліс депутаты бұл мәселені бақылауға алатынын мәлімдеді.
Бүгінгі таңда зейнетақыны есептеудегі өзгерістер азаматтарды қатты алаңдатуда. Осы жайтты көтерген Нина Поповичті  зейнетақы жарналарының уақытылы аударылмауы еңбек өтіліне әсер ететіні қынжылтады. Өз кезегінде Жексенбай Дүйсебаев оған зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа жүгініп, істің мән-жайын анықтауды сұрады.
Қабылдау барысында заң жобалары да әңгіме өзегіне айналды. Еске салар болсақ, Мәжілісте жайылымдар туралы заң жобасы таныстырылған болатын. Осы ретте, халық қалаулысы Ақкөл орман шаруашылығының директоры Қадырбай Тоқтасынды қабылдауға шақырып, аудандағы жайылымдарды тиімді пайдалану мәселесі жөнінде сұрастырды. Орман шаруашылығының көлемі 41 мың гектарды құрайды екен. Оның қырық сегіз пайызын орман алқабы алып жатыр. Қалғаны жайылымдық жерлер. Егер мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген азаматтарға жайылым жерлер қажет болса, акті толтырып берілетін көрінеді.
– Жайылым мәселесінде шешілмеген түйіндер көп. Халықтың көп бөлігіне мал бағатын жерлер жетіспей отырғаны жасырын емес. Ал, мал шаруашылығын дамытып, ауылды өркендетейік десек бұл мәселені шешу қажет, – деді өз сөзінде Жексенбай Қартабайұлы. Бұдан соң Мәжіліс депутаты Ақкөл балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне барып,  буынды емдеуге арналған сауықтыру залының жұмысымен танысты.

 

Ырысгүл АШУОВА

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар