БАПКЕР. ШАБАНДОЗ

Тәуелсіздігімізбен бірге жоғалтып ала жаздаған ұлттық салт-дәстүрлерімізді де қайта жаңғырту мүмкіндігі туды. Көкпар, аударыспақ сияқты ұлттық спорт ойындарымыз бүгінде елімізде жан-жақты дамып келеді. Ат спорты ойындары республикалық ауқымнан шығып, Азия елдері арасында өтетін жарыстар құрамына  енгізіліп отыр.

 

Облысымыздағы ұлттық спорт түрлерін насихаттап жүрген бапкерлер Мерейхан Хамитов пен Азамат Қадыров спорттың осы түрімен біраз жылдардан бері айналысып және жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген шабандоздар. Екеуі биыл көктемде  республикалық чемпионнаттың жеңімпаздары атанып, Қытай елінде өтетін Азия чемпионатына жолдама алған болатын. Жерлестеріміз онда да топ жарып жүлдегер атанып қайтты.
– Аударыспақпен 2007 жылдан бері айналысып келемін. Бүгінгі күні спорт шеберімін. 2008-2009 жылдары екі мәрте республика чемпионы атандым, – дейді шабандоз Азамат Қадыров. Оның айтуынша, Қытайда өткен ат спорты ойындары жарысына сегіз мемлекеттен келген шабандоздар қатысып, бақ сынапты. Ол аударыспақтан 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қарсыластарын түгел жеңіп, жүлдегер атанады. Ақмола облысының көкпаршылар командасы  былтыр жасөспірімдер арасында өткен республикалық чемпионатта екінші орынды жеңіп алыпты.  Ат спорты ойындарын дамытуда кездесіп отырған бірқатар қиындықтар да жоқ емес. Ондай қиындықтардың қатарында жаттығудан кейін жуынатын орынның болмауы, ат спортымен айналысып жүрген шабандоздарға арнайы жұмыс орны белгіленіп, жалақының төленбеуі сияқты жайлар. Сондай-ақ, көкпар, аударыспақ сияқты дене күшін қажет ететін спорт ойындары алдында денені қыздырып, жаттығу қажет болады. Міне, сондай дене қыздыратын спорт немесе тренажер залы болмай тұрғанға ұқсайды. Бүгінде ат спорты бойынша бапкер болып қызмет ететін Азамат Қадыров азын-аулақ жалақысымен пәтер жалдап тұруда. Осы орайда, ұлттық ат спортын дамытуға елеулі үлесін қосып, облысымыздың, тіпті, еліміздің намысын қорғап жүрген шабандозға жеңілдікпен баспана беру жайы қарастырылса, онды болар еді.
Қазақ «көш жүре түзеледі» дейді. Әзірге қарқынды дамып кете алмай отырған атадан қалған ат спорты ойындарының деңгейін көтеріп, бұқаралық спорт дәрежесіне жеткізу алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа. Тәуелсіздігімізбен бірге түлеген ұлттық спортымыз өз деңгейінде дамитын болады деп сенеміз.

 

Облыс тұрғындарының арасында дене шынықтырумен үзбей айналысатындардың қатары жалпы халықтың 24,8 пайызын құрайды.
Бүгінгі таңда облыс аумағында 1165 дене шынықтыру және спорт ұжымдары бар және онда 7044 спорт секциялары жұмыс істейді.
Спорт секцияларында 184525 адам спорттың әр түрімен айналысады.  Облыста 1945 кәсіби білімі бар штаттағы қызметкерлер дене шынықтыру және спортты дамытумен айналысуда.
Қазіргі таңда облыс аумағында дене шынықтыру және спортпен айналысуға мүмкіндік беретін 2230 спорт залдары мен стадиондар және спорт алаңдары бар, ал  олардың 1596-сы ауылдық жерлерде орналасқан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар