Екі күнде – бес медаль

Рио-де-Жанейро олимпиадасы да қазақстандық спортшылар мен жанкүйер қауым үшін олжалы болып тұрған жайы бар. Соңғы бірер күннің ішінде ғана спортшыларымыз бір алтын, екі күміс және екі қола медальді қоржынға салды.

Риодан келген алғашқы қуаныш барша қазақстандықтардың төбесін көкке жеткізгендей болған еді. 69 келі салмақта рингке шыққан командамыздың капитаны Данияр Елеусінов қарсыласы өзбек боксшысы Шахрам Гиясовты үш раундта да жеңіп, алтын медальді қанжығасына байлады. Осы арада айта кетерлік жай, осы салмақ бойынша боксшыларымыз қатарынан төрт олимпиада ойындарында алтын олжалап келеді.
Қазақ қыздарының арасынан алғаш болып олимпиада жүлдегері атанған Эльмира Сыздықованың жеңісі де жұртшылықты желпінтіп тастады. Лондон олимпиадасынан күміс алған Әділбек Ниязымбетовтен жанкүйерлер бұл жолы алтын күткен еді. Бірақ, оның қарсыласы әлемнің үш дүркін чемпионы және олимпиада чемпионы деген атағы бар кубаның мықтысы Хулио Сесар ла Крус екендігі қиын-ақ болды. Әділбекке өкпе жоқ, ол барын салып бақты. Бірақ, кубалық мықтыны жеңу мүмкін болмады. Осылайша бұл жолы да ол олимпиада күмісін қанағат тұтты. Отандық спорт жанкүйерлерін осы күні палуан қыздарымыз қуантты. Еркін күрестен белдескен Екатерина Ларионова қола медальді жеңіп алса, финалға дейін қарсыластарын қапы қалдырған Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Гюзель Манюрова ақтық кездесуде канадалық Эрика Уибеге есе жіберіп, күміс медальді қанжығасына байлады.
Осылайша қазақстандық спортшылар қосындысы 15 медальмен жалпы тізімде 20-шы орында тұр. Екі боксшымыз Иван Дычко мен Дариға Шәкімованың жартылай финалда кездесетінін ескерсек, қоржынға әлі де бірнеше медальдің түсетіні анық. Жеңісті күндер жалғаса бергей!
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар