Міндет айқын, меже белгілі

облыс диқандары 5,1 миллион тонна астық жинауды жоспарлап отыр

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен Есіл ауданының «Заречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2016 жылдың егін орағын ұйымшылдықпен, қысқа мерзімде, сапалы атқарып шығудың алда тұрған міндеттеріне арналған облыстық семинар-кеңес болып өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары, аудандар мен қалалардың әкімдері, бірқатар облыстық департаменттер мен басқармалардың, шаруашылықтардың, шаруа қожалықтарының, элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының басшылары, шағын және орта бизнес, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

Бұл жолы аталған семинар-кеңестің облыстағы алдыңғы қатарлы серіктестіктердің бірі – «Заречное» ЖШС-де өтуі осы шараға қатысушылардың көңілінен шықты. Уәлихан Әріпов басқаратын шаруашылық элиталық тұқым бағытын ұстанған. Мұнда төрт жүзден астам адам еңбек етеді. Серіктестіктің күшімен салынып, жұмыс істейтін наубайханада тәулігіне 500-800 бөлке нан пісіріліп, орталық асханаға түседі. Жергілікті тұрғындар үшін нанның бағасы – 43 теңге. Әлеуметтік-
мәдени нысандарға бір орталықтан жылу тартылған.
Алдымен, семинар-кеңеске қатысушылар Калачи селосынан көшірілген зейнеткерлерге арналып күрделі жөндеуден өткізілген сегіз пәтерлі екі қабатты үйде болып, сонда тұрып жатқан қариялардың тұрмысымен танысты. Аталмыш үйдің тұрғындары жағдайларының жақсы екендіктерін айта келіп, қамкөңіл адамдарға жасап отырған қамқорлықтары үшін облыс әкімі Сергей Кулагинге, шаруашылық басшысы Уәлихан Әріповке алғыстарын білдірді. Содан кейін екі топқа бөлініп серіктестіктің өндірістік нысандарын, егінжай алқаптарын аралады. Аудан әкімі Аманбек Қалжанов бастап алып жүрген алғашқы топ, одан кейінгі топ мүшелері де шаруашылықтағы жинақылықты, өндірістік құрылымдардың мықты екенін көріп, шаруаны осылай дөңгелетіп жүргізіп отырған басшыларға ризашылықтарын жасыра алмады.
Өңір басшысы Сергей Кулагин бастаған топ Заречное селосының кескін-келбетімен, әлеуметтік жағдайымен таныс-
ты. Келген қонақтар село көшелерін аз уақыттың ішінде автобус-тармен аралап шықса да, мұндағы еңбек адамдарына туғызылған қолайлы жағдай, инфрақұрылымның жете дамытылуы көзге айқын көрініп тұрды. Тұрғын үйлердің бәрінде ұқыпты қолдардың табы бар. Көше жолдары тегіс әрі түзу, айнала жайқалған ағаш. Бұрыннан келе жатқан, әлі күнге сыны кетпеген ескі үйлер мен жаңадан салынған үйлер де бір-бірімен өзара жарасым тауып, көзге жылы ұшырайды. Селолық мәдениет үйінің ғимараты да заречныйлықтардың мақтанышы. Оның жанындағы «Бәйтерек» стадионы село тұрғындарының сүйікті орнына айналған. Осыдан екі жыл бұрын стадион шаруашылық есебінен күрделі жөндеуден өткізіліп, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары жасалды. Жүгіру жолдарына жасанды жамылғы төселді. Күнделікті жұмыстарынан қолдары сәл босай қалған сәтте ауылдың жастары осында келіп, волейбол, футбол ойнауды дәстүрге айналдырған. Жасы келген адамдар да стадионда серуендеп, бой жазғанды ұнатады.
Келген қонақтар заманауи озық үлгімен салынған дәнді және майлы дақылдарды алғашқы тазалаудан өткізетін кешенде болып, оның жұмысымен танысты. Данияда шығарылған астық тазалайтын «WESTPUP» желісі индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып, былтырғы жылы пайдалануға берілген болатын. Аталмыш нысанды салуға 246,5 миллион теңге жұмсалған, жаңадан жұмыс орны ашылған. Фирма менеджері Заман Рахымов келгендерді астық тазалайтын қондырғының жұмысымен таныстырып, оның жұмыс істеу процесі жайлы айтып берді. Сағатына жүз тонна өнімді тазалаудан өткізе алатын қондырғының артықшылығы, алқаптардан жаңа ғана әкелінген дақылдарды бір жағына салсаң, екінші жағынан тап-таза болып тазаланған астықты аласың.
Одан кейін серіктестіктің мал фермасына келген семинар-кеңеске қатысушылар бұл жерде де ұқыптылықтың куәсі болды. Малдың жем-шөбін салатын оттықтардың маңайы тап-таза, бей-берекет шашылып жатқан ештеңе жоқ. Серіктестікте бес мыңнан астам асыл тұқымды қара мал, осыншама шошқа және жылқы өсіріледі. Қазіргі уақытта 1200 бас ірі қара бордақылауда тұр. Мұнда мал соятын цех, зертхана жұмыс істейді.
Шаруашылықтың сұрыптық-сынақ телімінде болып, дақылдардың алқаптарға орналастырылып, қалай баптап, күтілгенін өз көздерімен көрген қонақтар мұндағы егіншілік мәдениетінің жоғарылығына одан сайын тәнті бола түсті. Барлық егін алқаптары бірінен-бірі асып, бір қылау жоқ, тап-таза күйінде жайқалып тұр. Қою сабағы да, дән толысқан масақтары да көңілден шығады. Әр алқаптың жиектері ұқыптылықпен жыртылып, тақтайшалар орнатылған. Негізінен, пісуге таяп қалғанымен, әлі кей тұстары жасылдау. Бабына келсе, бүгін-ақ өнімін төгіп беретіндей.
 «2016 жылдың астық жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде өткізудің дайындығы мен міндеттері туралы» мәселені қараған облыстық семинар-кеңесті облыс әкімі Сергей Кулагин ашып, жүргізіп отырды. Кеңесті ашқан облыс әкімі аграрлық аймақ болып саналатын өңіріміз үшін аса маңызды орақ науқанын ұйымшылдықпен өткізуде елеулі рөл атқаратын осы басқосуда түйткілді мәселелердің бүкпесіз айтылып, оны бірлесе шешу қажеттігін атап өтті. – Агроөнеркәсіп кешені облысымыздың экономикасының ең маңызды салаларының бірі болып табылады. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, оларды өңдеу мен тұтынушыларға жеткізу бойынша барлық шаруашылық салаларын қамтиды. Қазіргі таңдағы агроөнеркәсіп кешенінің басты міндеті – еліміздің, оның ішінде өңіріміздің тұрғындарының әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды саналатын орақ науқанын уақытында әрі сапалы өткізу, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Бұдан кейін жиналғандар алдында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан биылғы күзгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы туралы баяндама жасап, осы тұрғыдағы басты мәселелерге тоқталды.
Қазіргі таңда облыс бойынша барлық егістік алқаптың 3757,5 мың гектары немесе 86,8 пайызында астық шығымы жақсы, 571,2 мың гектарда жағдай қанағаттанарлық.
Жалпы, мамандар ауыл шаруашылығы  дақылдарының шығымына қарап, орташа есеппен әр гектарынан 12,7 центнерден шаққанда 5,1 миллион тонна астық  алынады деп болжанып отыр.
Өңірде күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүргізілуде. Биылғы науқанға 8445 астық комбайны жұмылдырылады деп жоспарланған, оның 2658-і алымдығы жоғары шетелдік техника болып отыр. Бұл техниканың қазір 100 пайызына жуығы дайын. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникасы мен астық орылатын алқапты ескеретін болсақ, 1 комбайнға жүктеме 512,6 гектардан келеді. Егер ауа райы тосын мінез танытпай, жұмыс дұрыс ұйымдастырылып жатса, тәулігіне 170 мың гектар алқаптағы астықты еңсеру арқылы науқанды 20 күннің ішінде толық аяқтауға мүмкіндік бар.
Ал, жаткаға келетін болсақ, облыста оның саны 2629, оның 100 пайызы, жүк көлігінің 99 пайызы және трактор тіркемесінің 99 пайызы жұмысқа  әзір. Сонымен қатар, облыс аумағында механикаландырылған қырман, авто-жүк таразылары және астық кептіру орындарының да дайындығы пысықталуда.
Шаруашылықтардың озық технологияны пайдалануға ынтасының арта түсуі, алымдылығы жоғары шетелдік техникаларды қолдану – осылардың бәрі егін шығымдылығын арттырып, оны жинауды неғұрлым қысқа мерзімде шығынсыз өткізуге игі ықпалын тигізетіні анық. Осы ретте облыста ауыл шаруашылығы кешендерімен машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта соңғы 3,8 жылда облыс шаруашылықтары көктемгі және күзгі науқанға қажетті 976 комбайн, 1034 трактор және 282 көктемгі егіс кешенін сатып алған. Ал, биылғы жылдың 8 айында осындай 151 комбайн, 148 трактор қосылды.
Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілуде. Күзгі егін орағын ойдағыдай өткізу үшін 77 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,1 мың тонна дизель майы және 7,4 мың тонна бензин қажет. Бүгінгі таңда қажетті жанар-жағармайдан 46 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,1 мың тонна дизель майы және 7,4 мың тонна бензин қоры жасалынған.
Егін орағы кезіндегі ең басты мәселе ол астық қабылдау кәсіпорындарының  дайындығы. Осы орайда, биылғы науқанға лицензиясы бар  62 астық сақтау кәсіпорны қатысатын болады. Бұл кәсіпорындарда 3,9 миллион тонна астық сақтауға болады. Оған қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өзінде 1,9 миллион тонна көлемінде астық сыятын қоймалар бар. Осыдан-ақ, алынған астықтың  далада қалмайтынын байқауға болады.
Өңірде элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығын ұлғайту немесе жаңадан салу сияқты жұмыстар да ұдайы назарда.
Семинар-кеңесте баяндамадан кейін жарыссөз басталып, алдымен «А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің директоры Жексембай Қасқарбаев биылғы жылғы орақты өткізудің технологиялық ерекшеліктеріне тоқталып өтсе, Сандықтау ауданының әкімі Асылбек Исмағамбетов күзгі науқанға дайындықтары жайлы айтып өтті. «Заречное» ЖШС-нің басшысы Уәлихан Әріпов пен Астрахан ауданына қарасты «Фермер-2002» ЖШС-нің басшысы Валерий Пельцер өз шаруашылықтарындағы атқарылып отырған жұмыстар жайлы айтты. Көпшілікті осы семинар-кеңесте күзгі жиын-терім кезінде ауа райының қандай болатындығы толғандырған еді. Ақмола облысы бойынша «Қазгидромет» директоры Нұрлан Бектұровтың айтуынша, орақ науқаны кезінде күн қабағы негізінен жаман болмайтын сияқты. Тек аздаған жауын-шашынды болады деп күтілуде
Семинар-кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин алдымен, осы бір сындарлы сәтте облыс егіншілерінің алдында тұрған келелі міндеттерге тоқталды. Ол алдымен, біздің егістік алқаптардың жақсы жағына көп өзгергенін, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер астық шығымы үшін сапалы элиталық тұқымдарға ынталы бола бастағанын ерекше атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидияларда кемшілік жоқ. Берілген субсидияларды тиімді пайдалану, жеңілдетілген несиелерді уақытында қайтару әр аудан, шаруашылық үшін бұлжымас міндеттердің бірі болуы тиіс. Бүгінгі диқан әр егіс алқабына жеке көзқарас керек екендігін де естен шығармауы керек. Ол дегеніміз, сол алқаптың өзін де, дақылы мен тұқымын да баптап, елеп-екшеп отыру.
Сонымен, сындарлы шаққа соңғы дайындық шаралары пысықталған маңызды жиын да мәресіне жетті. Енді бір он күнде дала төсі жылдағы жаппай дүбірлі аттанысқа ұласқалы тұр. Бұл жағынан міндет – айқын, меже – белгілі. Ол биылғы тәуір өнімді шашау шығармай, уақытында жинап алу. Ендігі басты меже шынында да жауапты науқанға жұмыла кірісіп, көзделген міндет үдесінен шығу болса, бұған ақмолалық диқандардың күш мүмкіндігі мен қажыр-қайраты толығымен жетеді деп білеміз.

 

Жексембай ҚАСҚАРБАЕВ, «Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  директоры:
– Жыл сайын күзгі орақ науқаны алдында дайындық жұмыстарын пысықтау бағытында агрокеңес өткізу дәстүрге айналған. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып отыр. Көктем мен жаз айларында ауа райының құбылмалы болғаны баршаға аян. Жаздың бел ортасында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан ылғал мол болды. Бұл әрине, егіндегі септориоз тәрізді аурулардың белең алуына себепші.   
Дегенмен, шаруашылықтардың егін егу технологиясын қатаң сақтауға баса көңіл бөлінуі мен агротехникалық шараларды тиісті деңгейде жүргізуінің арқасында тәуір өнім алуға болатынына көз жеткізіп отырмыз. Егіннің шығуы орманды жерлерде кештеу, далалы аймақтарда ерте пісіп келе жатқаны байқалады.
Сол себепті, тұқым себу мерзімін әр аймақ жергілікті жердің ерекшеліктеріне орай дұрыс анықтаулары қажет. Жалпы, биылғы бидайдың сабағы да, масағы да жақсы, көңілден шығады. Ал, сапасы алдағы күндер мен қыркүйек айындағы ауа райына  тікелей байланыс-ты болатыны сөзсіз.
Асылбек ИСМАҒАМБЕТОВ, Сандықтау ауданының әкімі:
– Биыл Сандықтау ауданы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 301 мың гектарды құраса, оның 278 мыңы дәнді және дәнді бұршақ дақылдарына тиесілі.  Сонымен қатар, 12,4 мың гектар майлы дақылдар, 10 мың гектар мал азығы, 800 гектар картоп және көкөніс өсіру де қолға алынды.  Ағымдағы жылы жауын-шашынның көп болуы аудандағы егістік алқаптарда фитосанитарлық жағдайды күрделендіріп жіберді. Әсіресе, арамшөптермен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары ауруымен және зиянкестермен күреске зор көңіл бөлінді.
Бұл бізге өздеріңіз көріп отырғандай жақсы өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Осы мақсатта көктемгі дала жұмыстарына «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 68  мың гектар алқапқа дән сіңіру үшін 408 миллион теңге қаржы бөлінді. Оған қоса соңғы 3  жыл ішінде аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 58 комбайн, 12 жатка, 38 жүк көлігі және 72 трактор сатып алынды. Жанар-жағармай мәселесі де оң шешілуде.
Уәлихан ӘРІПОВ, Есіл ауданындағы «Заречное»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:  
– Бүгін біздің «Заречное»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аумағында бас қосып, агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің кеңесін өткізіп отырғанымыз біз үшін үлкен абырой. Бұл біздің ауылда соңғы ондаған жылдарда өтіп отырған ірі жиын. Естеріңізде болса, біздің шаруашылықтың кеңестік дәуірде де астық өндіру бойынша жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, үлкен мәртебеге ие болған еді. Бүгін сол үрдіс жалғасын табуда. Осында келіп, халықтың игілігі үшін атқарылып жатқан игі істермен танысып, оң баға беріп отырған басшыларға алғысым шексіз. Биыл көктем және жаз айларында біздің егістік алқаптарда да ылғал көп болды. Сондықтан, барлығы 32 мың гектар егістік алқабымызда көктемгі дала жұмыстарын қазіргі заманғы озық технология бойынша жүргізуге тура келді. Бұл бізге өздеріңіз көріп отырғандай ауданның басқа шаруашылықтарымен салыстырғанда жоғары өнім жинауға мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, біздің шаруашылықта егіншілікпен бірге мал шаруашылығы да қарқынды дамыған. Осының арқасында өздеріңіз көріп отырғандай әлеуметтік салаға зор көңіл бөліп келеміз.  
Валерий ПЕЛЬЦЕР, Астрахан ауданындағы «Фермер-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:
– Бүгін диқан қауымы үшін шешуші кезең туып отыр. Табиғаты құрғақ аймақта ылғал сақтағыш технологияны енгізудің маңызы зор. Сондай-ақ, егін шығымдылығына тұқым себу мерзімін дұрыс анықтап алудың да үлкен әсері бар. Сондықтан, әр шаруашылық табиғат жағдайына қарай тұқым себу мерзімін өздері белгілеп, анықтағаны жөн. Биыл біз тыңайтқыштарды қолданудың тиімді екендігіне  анық көз жеткізіп отырмыз.  
Мол өнім алудың негізгі кепілі сапалы тұқымға байланысты екендігін ескерсек, бұл мәселені де естен шығармаған жөн. Сондықтан да, шаруашылықтар ең алдымен, тұқымның сортын дұрыс таңдауды шешіп алғандары жөн.
Соңғы жылдары шаруалар ылғал сақтағыш технология, химиялық өңдеу сияқты шараларды жиі қолданылуының арқасында егіннің сапасы жақсарып келеді. Осы күні шаруалар тұқымға, жерге үлкен жауапкершілікпен қарайтын болды және әр жылы қандай бидай тұқымын және қай уақытта егу әдісін үйреніп отыр. Соның арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз.
Нұрлан БЕКТҰРОВ, гидрометеорологиялық станциясы орталығының директоры:
– Әр уақытта да диқан қауымы үшін науқан кезінде  ауа райының жайлы болуы маңызды. Сондықтан, егін орағы кезінде ауа райының қалай болатындығы ең бірінші осы салада еңбек ететін жұртшылықты толғандыратыны анық. Биылғы жылғы ауа райы 2011 жылдағыға өте ұқсас. Ауа райын болжау орталығының мәліметтеріне сай тамыз айының үшінші онкүндіктерінде күн ашық болады деп күтілуде. Күндіз ауа райы орташа 25 градус шамасында  жылы болмақ. Түнде де жылдағы нормадан 1-2 градус жоғары болады деп күтілуде.  
Қыркүйек айына келетін болсақ, ай бойы ауа ра-йында соншалықты өзгеріс болады деп айта алмаймыз. Дегенмен, жалпы алғанда қыркүйек айының соңғы күндері жер-жерде жаңбыр жаууы ықтимал. Тіпті, айдың соңында кей жерлерде жауған жаңбырдың соңы қарлы жаңбырға ұласуы ықтимал. Жалпы алғанда, ауа райы егін орағына анау айтқандай үлкен кедергісін тигізе қоймайды деген ойдамыз. Бірақ, осыған қарап, арқаны кеңге салып отыра беруге болмайды. Ширақ қимылдап, науқанды дер кезінде еңсерген диқан ғана ұтатынын ескергеніміз абзал.

Жанат СӘБИТОВ, Аслан ОСПАНОВ.

 Есіл ауданы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар