«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржановтың қатысуымен партияның «Бақытты балалық» жобасы аясында «Мектепке жол» акциясы өткізілді.
Игі шарада халық қалаулысы мектеп табалдырығын аттағалы тұрған кішкентай бүлдіршіндерге өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, оларды оқуда озат, білімге құштар болуға шақырды.
– Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Сол себепті, әр азамат жыл сайын осы қайырымдылық шарасына қатысып отыру қажет деп білемін. Бұл тек қана оқушылардың жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың білім алуға деген талпыныстарын арттыра түседі, – дей келе депутат аз қамтылған отбасылардың 10 баласына оқуға қажетті құрал-жабдықтар жинақталған сөмке мен 20 мың теңге көлеміндегі ақшалай көмекті үлестіріп берді.
Одан әрі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Біржанов сөз сөйлеп, жыл санап аталмыш қайырымдылық акциясына қатысушы азаматтардың саны артып отырғандығын тілге тиек етті. Облыстық білім басқармасының мәліметіне жүгінсек, өткен жылы акцияның нәтижесі бойынша 12 399 балаға жалпы сомасы 92,1 миллион теңге болатын әлеуметтік көмек көрсетіліпті. Өз кезегінде 2015 жылы партия мүшелері 311 балаға, үстіміздегі жылы 1831 бүлдіршінге материалдық тұрғыда қол ұшын созған. Акция қыркүйек айының соңына дейін өткізілетінін ескерсек, бұл көрсеткіш жақсара түсетіні сөзсіз.
Шара қорытындысында балдырғандар әуе шарларын көкке ұшырып, армандарының орындалуын тіледі.
Ырысгүл АШУОВА.