Жаңа оқу жылының қарсаңында республикалық «Мектепке жол — 2016» акциясы еліміздің барлық өңірлерінде өз бастауын алды. Бұл қайырымдылық шарасы биыл 9-шы рет өткізіліп отыр. Осы уақыт ішінде көпбалалы және тұрмыстары төмен отбасыларындағы жүздеген бүлдіршіндер қажетті оқу құралдарымен және киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Балаға қуаныш сыйлаудан артық бақыт бар ма?!. Бүгінгі таңда да акция жалғасын табуда.
Ол «Бақытты балалық аумағы» ұранымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып өткізіліп отыр.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырысымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған акция қоғам тарапынан қызу қолдау тауып келеді. Қайырымдылық акциясына қатысуға ынталы адамдар санының өсе түсуі осыны айғақтайды. Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері де осы қайырымдылық шарасына биыл белсене қатысты. Бұл жолы олар 1 сынып табалдырығын аттағалы отырған Ясмин Мейрамқұловаға мектеп және спорттық формасы мен барлық қажетті оқу құралдарын сыйға тартты.
Осы игі іске ризашылығын білдірген Ясминнің анасы Алмагүл Айтжанова «Сіздердің ізгі көмектеріңіз бізге өте қажет. Осындай жақсылықтарыңыз үшін шын көңілмен алғыс айтамын, қызметтеріңіздің жемісін көріңіздер» деп ақ алғысын айтты. Ал мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері өз кезегінде болашақ бірінші сынып оқушысына сапалы білім алып, оқу озаты болуын және анасы мен ұстаздарын қуантып әрдайым биіктен көріне беруін тіледі.
Нұрлан ЫСҚАҚОВ,
мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы.