Дайындық ойдағыдай

Еліміздің ертеңгі болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында екендігін ескерсек, оларға тәлім-тәрбие берумен айналысатын мұғалімдерге қаншалықты жауапкершілік жүктелгенін айқын аңғаруға болады. Бүгінгі ұстаздарымыз осындай талап биігінен көрініп жүргендігін мақтанышпен атап өткеніміз жөн.

 

Өткен оқу жылында 137 бала облысымыздың атынан республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Одан қалды, түрлі пәндер бойынша өз жобаларын ұсынып, басқа да шығармашылық жұмыстарымен танылып жүрген оқушыларымыз да аз емес. Әрине, бұлардың бәрі ұстаздардың еңбегінің жемісі екендігі анық.
Мемлекет тарапынан білім саласына жете көңіл бөлініп, саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті қаржы жағынан көмектесіп отырғандығын ерекше атап өткен артық болмас. Өйткені, бәрі ақшаға келіп тірелетін нарық заманында білім саласындағы қол жеткен жетістіктерімізге бұның тигізіп отырған ықпалы аз емес.  Биылғы жылғы облысымыздың білім саласына бөлінген қаржы көлемі 60,6 миллиард теңгені құрады. Салыстыра айтар болсақ, бұл 1991 жылғы деңгейден 20 есеге артық екен. Биылғы жылы  білім саласының 8 нысандары салынып немесе қайта жаңғыртылады деп жоспарланған. Осы мақсат үшін бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінді. Сонымен бірге, 15 мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұған 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл нысандардың бәрінде қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Белгіленген кестеге сай ол жұмыстардың бәрі аяқталатын болады. Сонымен бірге, республикалық бюджеттен  47 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 256,2 миллион теңге ақша бөлінді. Бұл жұмыстар қазіргі күні аяқталып, жаңа оқу жылында оқушылар жөндеуден өткен мектептерде білім алмақ.
Білім саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлықтың нәтижесінде мектептеріміз күрделі жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай жабдықтармен жарақталып, материалдық базасы нығая түсуде. Соңғы он жылдың көлемінде білім мекемелері 905 жаңа үлгідегі сабақ беру кабинеттерін алған екен. Осы мақсатқа 3,5 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Биылғы жылы 97,5 миллион теңге бөлініп, 22 жаңа үлгідегі кабинет жарақталды. Қазіргі күні жаңа үлгідегі кабинеттермен қамтылу көрсеткіші 46,3 пайыз көлемінде. Мектептеріміздің барлығы дерлік компьютерлендіріліп, интернет желісіне қосылған.
Соңғы бірнеше жылда  облысымызда 41 жаңа мектеп пен 24 бала бақша салынып, пайдалануға берілген екен. Осының нәтижесінде шалғай ауылдардың балалары да қазіргі заман талабына сай салынған сәулетті мектептерде оқып, білім алуға мүмкіндік алып отыр. Облысымызда «Балапан» бағдарламасы жемісті жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні 337 мектепке дейінгі мекемеде 36 мыңнан астам бүлдіршіндер тәлім-тәрбие алуда.
Биылғы жылы жалпы көлемі 1780 орындық 5 жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 520 орындық 2 бала бақша салынып, іске қосылмақ. 145 орындық балалар үйі қайта жаңғыртылуда. Онда балалардың демалуына, бос уақыттарын өткізуіне қажетті жағдайлардың бәрі жасалады. Сонымен бірге, 540 орындық  3 мектеп құрылысы жалғасуда. Бұл салаға тек бюджет қаржысы ғана тартылмай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша да қаржы көздері қарастырылуда.
Балалар үшін де, ата-аналар үшін де маңызды мәселе – ол оқулықпен қамтылу жайы. Биыл бұл мәселе  нақты шешімін тапты деп айтуға болады. Алдын ала оқулық шығаратын баспалармен келісім-шарт жасалып, тиісті ақша аударылды. Осының нәтижесінде биыл балалар қажетті оқулықпен толық қамтамасыз етілетін болады. Балаларды біркелкі киім үлгісіне көшіру жайы да қазір нақты шешімін тауып отыр. Тұрмыстары төмен және көпбалалы отбасыларының балаларына қажетті киім формасын алуға демеушілер тартылып, осы орайда
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы барлық жерде белсенді жүргізілуде.  Облысымыздың барлық мектептері биылғы жаңа оқу жылына қажетті дайындық шараларын жасап, балаларға есіктерін айқара ашуға дайын. Қош келдің, жаңа оқу жылы дейміз.

Ольга КОВАЛЕВА,
облыстық білім басқармасы басшысының
орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар