Еліктей бермейік

Зейнеткер ұстаз Бәтима Ажжанованың «Арқа ажары» газетінің биылғы жылғы №90 санында шыққан «Әуелі ана тілін меңгерейікші…» деген  мақаласы мені де  ойға қалдырып, тұжырымды  пікірлері көп толғандырды. Сөйтіп, көптен бері қолым бармай жүрген ана тілі мәселесіне арнап өз пікірімді жазуға бекіндім. 

Бұған тағы да бір себепші болған жайт, жуырда теледидардан берілген  Елбасының  елімізді басқарып жүрген ұлты қазақ  азаматтарымен   кездесуінде  орын алған жағдай болды. Мемлекет басшысының қазақша берген сауалдарына олардың орыс тілінде жауап беруінен әлгі лауазымды қызметкерлердің ана тілін білмейтіндігі немесе құрметтемейтіндігі көрініп тұрды. Ал, мемлекеттік тілді құрметтемейтін адам қалай басшы бола алады?
Еліміздің  болашағы тек байлығында ғана емес, оны  ұлт  етіп қалыптастырған  ана тілінде де. Ана тілін білмейтіндерде ұлттық қасиеттер, ұлттық мүдделер болуы мүмкін  емес. Сондықтан, бастауыш мектептерден бастап жас жеткіншектердің санасын өз тілінен алшақтатып, үштілділік деп ұлттық құндылықтан ажыратудың жөні жоқ деп ойлаймын. Жетпіс жылдан астам орыс тілін қуаттап, тілімізді ұмытып кете жаздағанымызды  неге естен шығарамыз?!  Қазақ халқының: «Балаға тәрбиені – бесіктен баста!» деген тағлымы ұрпаққа ана тілін басқа тілден ертерек санасына сіңдірудің қажеттілігін ескертетіні ақиқат. Бұл менің ғана тұжырымым емес, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған көптеген адамдардың  ой-пікірлері. Өз ана тілін бастауыш сыныпта толық меңгеріп, ақыл-ойы толысқан соң ғана  үштілділікті меңгертсе,   кеш емес деп есептеймін.
Мемлекетіміздің  әрбір азаматы тіл мәртебесі – ел мәртебесі, тіл тағдыры – ұлт тағдыры екендігін  түсінгенде ғана, тіл мен елдің өркені өсетіндігі анық.
Қайриден МҮТӘЛІПҰЛЫ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар