Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев Тәуелсіздік алаңында Конституция күніне арналған салтанатты шараға қатысып, барлық жиналғандарды Ата Заңымыздың жарқын мерекесімен құттықтады.
Конституция күні – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақстандықтардың қарымды да айшықты істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.
Ауа райының салқын болғанына қарамастан орталық алаңға қала тұрғындары мен еңбек ұжымдары көптеп жиналды. Алаңға орнатылған сахна да мерекеге сай безендіріліп, облысымыздың ең үздік тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институтының курсанттары көк байрақтарын желбіретіп өткен соң, спортшылар мен бишілер алаңда қаз-қатар сап түзеді. Мемлекеттік Әнұранмен ашылған салтанатты шарада Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев барша халықты Конституция күнімен құттықтады.
– Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен еліміздің басты құжаты қабылданғанына биыл 21 жыл толып отыр. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылықтың үлгісін көрсетіп отырған Қазақстан жүздеген ұлт өкілдерінің аяулы атамекеніне айналды. Бүгінгі Қазақстанның әлемдегі жоғары беделі біздің тікелей ішкі жеңістеріміздің, бейбітшілік сүйгіш саясатымыздың жемісі.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде біздің қаламызда да жағымды өзгерістер орын алып, экономикамыздың тұрақты өсімі байқалуда. Қаланың сырт келбеті айтарлықтай өзгеріп, заманауи сәулеткерлік құрылыстар, жаңа ықшам аудандар бой көтерді. Үстіміздегі жылы қала экономикасының нақты секторында 1425 жаңа жұмыс орны құрылса, еңбекпен қамту қызметі арқылы 877 адам жұмысқа орналасты. Тұрғын үй құрылысы саласында сексен мыңнан астам шаршы метр пайдалануға берілді. Қазіргі күні он бір көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Экономикамыз бен әлеуметтік саладағы қол жеткізген жетістіктеріміз сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіздің арқасында мүмкін болып отыр, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Ермек Маржықпаев еліміздің дамуына қосқан зор үлестері үшін және Конституция күніне орай, бір топ көкшетаулықтарды Алғыс хатпен марапаттап, өңірлік байқау көрмесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дипломдары мен «Қазақстанның үздік тауары» айрықша белгілерін табыс етті. «Үздік өндірістік тауарлар» аталымында «AZAM-KC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Аязбек Мусин), «Тұрғындар үшін үздік тауарлар» аталымында «Сақтағанов» жеке кәсіпкерлігі (Әмір Сақтағанов) және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «Агрофирма ТНК» ЖШС (Батырбек Уәлиев) жеңімпаз атанса, өзге кәсіпкерлердің де еңбектері елеусіз қалмады.
Мерекелік шара одан әрі қаламыздың шығармашылық ұжымдарының күштерімен дайындалған «Тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы – Ата Заң» концертімен жалғасын тауып, әсем әуен қалықтады, бишілер мың бұрала би биледі.
Осы күні кешкілік бағдарлама аясында «Kazakhstan Innovations» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «ЭКСПО-2017» автошеруі өткізілді. Бұл шараға «Mersedes» автоклубының мүшелері, жастар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жанат КӨШЕЙ.
Суретті түсірген Берік Ескенов.