Сан қырлы Сұңғат

Жүзден жүйрік шығып, ұстаздар арасындағы байқауда жүлдегер атану оңай емес. «Жеңіске әркімнің-ақ бар таласы» демекші, жыл сайын өткізіліп тұратын мұғалімдер байқауына республиканың әр өңірінен келген кілең мықтылар қатысып, бақ сынасады.

Щучинск қаласындағы жоғары колледждің энерготехника және энергомеханика пәнінің оқытушысы Сұңғат Ысқақов өткен жылы республикалық жарыста алдына жан салмай «Үздік педагог» атанды.
2007 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, ал 2010 жылы Көкшетау экономика және менеджмент институтын бітірген маман Щучинск жоғары колледжінде энергетика және энергомеханика пәнінің оқытушысы болып қызмет істейді. Орта буынды жас мамандар даярлайтын оқу орнында сабақ бере жүріп, білімі мен біліктілігін жетілдіруге де жете көңіл бөлді. 2012 жылы Германияда дуалдық жүйе бойынша оқып, тәжірибеден өтті. 2013 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру инс-титутында» біліктілігін арттырған ол  2014 жылы «Шоқан» инновациялық-консалтинг орталығының» қысқа мерзімді курсынан өтті.
Бірінші дәрежелі оқытушы атағы бар Сұңғат Ысқақов «электромеханикалық құрылғыларды жөндеу және қызмет көрсету» мамандығы бойынша оқытуға арналған экспериментальді модульді бағдарламаның қосалқы авторы болып табылады.  «ЕХРО -2017» жастар арасындағы жобалар конкурсында оның «үй жүйесін автоматтандыру» жобасы үздік деп табылып, мемлекеттік грантты жеңіп алды.  Міне, осындай атақтары бар жас оқытушы өткен жылы республикалық конкурста жүзден жүйрік шығып,  «Үздік педагог-2015» атағын жеңіп алған еді. Ал, биыл көктемде өткен WorldSkillsKazakhstan аймақтық конкурсында ол бірінші жүлделі орынды иеленді. Қазақ балалары ертеден гуманитарлық пәндерге жақын, ал техникалық ғылымдарға, оның ішінде қазіргі заманғы электромеханика, энергомеханика сияқты ғылымға қызығатындар қатары аз. Адам бүгінгі күннің өлшемімен өмір сүрмеуі керек деп санайды Сұңғат Ысқақов. Сондықтан, жастар заман ағымына сай болашағы бар техника саласындағы мамандықтарды игеруге жете көңіл бөлгендері жөн. Колледжде шәкірт тәрбиелеумен айналысатын ол өзінің осы  көзқарасын айналасындағыларға сөзімен де, ісімен де дәлелдеуге тырысып жүреді.
Қазақ «өнер – жастан» дейді. Түрлі байқаулар мен конкурстарға белсене қатысып, үнемі биіктен көрініп жүрген білікті маман, үздік оқытушы Сұңғат Ысқақовтың ең басты арманы жастарға заман талабына сай еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие кәсіби мамандық беріп, олардың еліміздің жарқын болашағына өз үлестерін қосуына жағдай жасау. Ол өзі армандаған осы биіктерден әрдайым көрініп келеді. Жастығына қарамастан, бүгінгі жеткен жетістіктері осыған дәлел.

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар