Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі Ұлттық бизнес-рейтинг одағының 2014-2015 жылғы қорытындысы бойынша «Сала көшбасшысы» мәртебесіне ие болды.
Білім ордасының қуанышты хабарымен бөлісу үшін бірден колледжге бардық. Оқу орнының сыртқы келбеті анадайдан көз тартады. Маңайы толған гүлзар мен жасыл желекке оранған. Осыдан бес-алты жыл бұрынғы қалпымен салыстыруға да келмейді. Аулада білім алушыларға арналған демалатын күркеге дейін салыныпты. 60 жылдық тарихы бар білім ордасына жақындай бергенімізде, екі көзінде нұр ойнап, оқу орнын сағынып келе жатқан бір қыз кездесті. Ол колледжге асыға кірді. Соңынан біз де кірдік. Әлгі қыз Қызылорда облысынан келген Зарина Дүзелбаева деген студент екен. Колледждің жатақханасынан орын алу үшін ерте келген жайы бар көрінеді.
–Мен өзім мұнда кітапхана ісі мамандығы бойынша білім аламын. Биыл соңғы курстамын. Көкшетау маған ұнайды. Ал, оқу орны тек біздің елімізде ғана емес, сондай-ақ шетелдерге де танымал болып жүр. Өнер мен мәдениет саласының мамандарын даярлайтын колледжімізді жастық шақтың мәңгілік мекені деп атап кеткенбіз. Жағымды жаңалықты мен де естідім, осындай беделді білім ордасында білім алып жүргенім үшін қуанамын, –деп өз ойын ортаға салды Зарина Дүзелбаева.
–Ұлттық бизнес-рейтинг одағы жыл сайын Қазақстан Республикасындағы кәсіпорындар іс-әрекетінің жалпы мемлекеттік қаржы-экономикалық сараптамасын өткізіп тұрады. Біздің колледжіміз оның ішінде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу ақпараты негізіне сәйкес «Табыс көрсеткіші» және «Өтімділік көрсеткіші» аталымдары бойынша үздік деп танылып, алтын рейтингіге ие болды, соның нәтижесінде білім ордасына «Сала көшбасшысы» мәртебесі берілді, –дейді Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова.
«Сала көшбасшысы» ұлттық сертификаты шаруашылық қызметінің субъектілеріне, белгілі бір саладағы экономика көшбасшыларына, олардың қызмет ауқымы мен төлем қабілеттілігі инвестициялық тартымдылық талабына сай болған жағдайда беріледі екен. Бағдарлама құрылтайшыларының ақпаратына қарағанда, ұлттық бизнес-рейтингінің көшбасшылары атанған оқу орындары өз қызметтері арқылы елдің келешегін анықтайтын білім ордалары болып саналады. Олар бизнестің заманауи технологияларын енгізіп, әлемдік тәжірибені белсенді зерттеуге және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға ынталы.
Ұлттық бизнес-рейтинг одағының көшбасшы және түрлі аталымдарына ие болған кәсіпорындар мен білім ордаларын марапаттау рәсімі алдағы күндері Алматы қаласында өтпекші. Оған Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Ресей, Өзбекстан және Украина мемлекетінің кәсіпорындары да қатысатын көрінеді.
Құралай Ғазизқызының айтуынша, білім ордасында биылғы оқу жылында 363 студент білім алатын болса, жатақхана тек 85 оқушыға ғана беріледі. Басшының айтуынша онда тек бірінші курс студенттері жіберіледі екен.
–Өкінішке орай, оқушыларымыздың көбі пәтер жалдап тұрады. Қыздарымыз түннің бір уағында ішімдікке тойып алған үй иелерінің қылықтарынан шошынып, қашып шығып, колледждің фойесінде немесе вокзалдың күту залында қонған кездері де болды. Сондықтан, біздің тараптан ұсынылған 240 орынға шақталған жатақхана салу туралы мәселе жүзеге асырылатын болса, қиындықтан құтылар едік, –дейді ол.
Мәдениет пен өнер саласының мамандарын даярлайтын колледж орналасқан Жамбыл көшесінде жол нашар, адам жүретін жағажол және бағдаршам да жоқ. Аялдама да алыс. Одан колледж оқушыларына ыңғайлы болатын автобус маршруты ашылса, жақсы болар еді дейді оқу орнының басшысы.
Ырысалды ШАМШИЕВА