Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды

Алаңсыз өткен, шапағат нұрына бөленген, бақыт бесігіне салып әлдилеген балалық шағым үшін қарыздар болсам, ең алдымен, өзімнің ата-анама қарыз шығармын. Ит басына іркіт төгілген молшылық заман емес, тіршіліктің тауқыметі қай ата-ананың болмасын иығына жүк еді. Әйтсе де біздің шаңырақта әкеміздің қалыптастырған ғұрпы анамыздың ақылымен астасып көркейіп жататын. Шын мәнінде отбасындағы осы жағдайдың өзі әркімнің болашағына әсер етіп, балалардың мінез-құлқын қалыптастырады емес пе.

 

Әсіресе, есімде қалғаны бауырсақтың мұрныңды қытықтайтын тәтті иісі. Мереке күндері қара қазанда ет пісіп жатады, үй іші мұнтаздай жиналып, айрықша сән мен салтанатқа ие болады. Міне, осындай мамыражай кезде зәуі бір себеппен бас сұға қалған көрші немесе бұйымтайын айта келген ауылдастардың қай-қайсысы болмасын төрге шығарылып, көлдей дастархан жайылар еді. Алдына дәм-тұз қойылатын. Бұл – бұлжымас заң. Жалғыз біздің үйдегі ғана емес, ауылдың барша шаңырағы қонақжай қалыптан ажыраған емес. Еншісі бөлінбеген атамыз қазақтың маңдайына жазылған, кейінгі ұрпағына аманат еткен ғажайып дүниесі де осы шығар. Әкеміз өмірден өткен соң да артында қалған ұрпағы осы бір қонақжайлықты үзген емес. Күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Әр жыл сайын жаратқан иеміздің бұйрығымен шаңырақта жас сәбидің уілдеген үні естіліп жататын. Анам Гүлбаршын Кәкенова мынау жарық дүниеге жеті ұл мен төрт қызды әкелгенімен, екеуі кішкентай кезінде шетінеп кетті.  Анамыздың бойында қажыр-қайраты мол еді. Тасып төгіліп жататын. Махаббаты да. Біз бауыр етінен жаралған балалары анамыздың таңғы шықтай мөлдіреген махаббатының шуағына бөленіп өстік. Мүмкін ана махаббаты дегеннің өзі алдымен перзентін аяу мен аялаудан өрістейтін шығар. Егер махаббат дейтін құдіреттен осы бір іңкәр сезімдерді сылып алып тастасаң, ештеңе де қалмайды ғой. Ана алдымен аяйды, содан соң еміреніп сүйеді.   
Біздің жан дүниемізде әсемдікке әуестік, сұлулыққа құмарлық болатын болса, ол ең алдымен, анамыздан дарыған қасиет екендігі даусыз. Әрқайсымыз есейіп, ер жетіп сан тарау тағдыр соқпағымен туған топырақтан алыстап кетсек те, өтпелі кезеңнің өкпек желі тондырған қараша ауылдағы қараша үй көзге көрінбес, қолға ұстатпас сезіммен өзіне тартып тұрады. Ауыл топырағына табаның тиген сәтте-ақ көкірегіңде жатталып қалған балалық дейтін әлемге енесің де кетесің. Әне ана бір төбенің басында асыр салып ойнаушы едік. Мына бір соқпақ жол бізді өзге бір әлемге бастайтын.
Менің анам сол кездегі Рузаев ауданына қарасты Мұқыр ауылында дүниеге келіпті. Туған төрт ағасы қазір өмірден өткен. Сонау 1943 жылы ең үлкен ағалары лейтенант Әбтар Бірімжанов қаза тапқан. Ортаншы інісі Қалиақпар Қызыл Армия қатарында жеті жыл қызмет еткен. Кіші інісі Қалиянұр 11 жасында трактор тізгінін ұстап, еңбек майданына араласқан. Нағашыларымның ішінде анама жақыны Асқар еді. Ұдайы қамқор қолын созатын жанашырымыз да сол. Өзінің туған ауылында анамыз ұзатылып кеткен соң отыз жылдан кейін ғана болды.
Әкеміз Манат Кәкеновпен екеуі шаңырақ көтергеннен кейін барша ғұмырын бірге өткізді. Шындығын айтқанда әкеміз сәл-пәл қаталдау болатын. Әкенің айбарын анамыздың махаббаты жұмсартып, сейілтіп отыратын. Бүгінгі күні елжірей есімізге алғанда қамыққан көңілге оралатын жайт жанашырлығы мен қамқорлығы. Әкеміздің туысқаны Нұрғожа атамыз ауыр науқасқа шалдығып, жұмысқа жарамсыз болып қалған соң біздің үйде болды. Үй толған бала болса да анамыз қараусыз қалған қартты бағып-қақты. Әкеміздің қарындасы өмірден озған соң жеткіншектерін бауырына басты.
Өмірге бір бала келсе ырыздығы өзімен ере келеді дейтін ұғым бар. Сондықтан, ата-анамыз төңірегіндегі жүрек жылуын аңсаған балаларға тура өздерінің балаларындай мейірбандық таныта білді.  
Шоқ жұлдыздай шағын ғана Баратай ауылында біздің бала кезімізде үш жылдық мектеп қана болатын. Біздің ауылдың балалары Көкшетау қаласындағы мектеп-интернатта оқып білім алды. Әсіресе, қақаған қыс айында кештетіп ауылға жеткенде жып-жылы шуаққа бөленген үй ішін, ата-анамызды сағынып жететініміз жадымда жатталып қалыпты.
Өмірдің ауыртпалығын арқалаған, бірақ, қажып-мұқалмаған анамыз сексенге толып отыр. Біздің анамыз бақытты ана. Өйткені, оның өнегесін, ұлы мұратын, асыл махаббатын алдағы күндерге жеткізетін ұрпағы бар.

Гүлдарай КӘКЕНОВА,
облыстық мәслихаттың
бас инспекторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар