Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтың қос батыры түлеп ұшқан - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтың қос батыры түлеп ұшқан

Тайтөбе ауылында жаңа мектеп шәкірттерге есігін айқара ашты

Астананың іргесіндегі Целиноград ауданына қарасты Қосшы ауылды округінің құрамындағы Тайтөбе ауылында алғашқы мектеп сонау 1928 жылы салынған екен. Әрине, бүгінде ол ғимараттың орны да қалмаған. Одан кейін де ауылда мектеп болды. Дегенмен, кейінгі уақытқа дейін ауыл балаларының әбден тозығы жеткен, білім ошағы деуге келмейтін ғимаратта үш ауысымда білім алуға мәжбүр болғандығы белгілі. Осындай жағдайларға орай, Тайтөбеде жаңа мектеп салу туралы шешім де қабылданған болатын.   
Осыған орай, 2013 жылы арнайы қаржы бөлініп, «КазЭлит Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты жұмысты қолға алған еді. Өкінішке орай, аталмыш серіктестік атына заты сай болмай (бір мектепті дұрыс сала алмайтын кәсіпорынды «…Элитстрой» деп кім атады екен?!) келісім-шартты бұзуға тура келді. Уақыттың біразы осындай кәсіпорындардың жауапсыз басшыларымен соттасумен өтіп, ақыры, 2014 жылы пайдаланылуға берілуге тиіс мектеп «сақалды құрылыстар» қатарынан орын алған еді. Абырой болғанда, Александр Игнатущенко басқаратын қарағандылық «Электросетьстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты аяғына дейін жеткізіп, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп құрылысы аяқталды.
1 қыркүйек күні есігін айқара ашқан бұл 300 орындық мектеп бүгінгі заман талаптарына сай қажетті материалдық-техникалық базамен толық жабдықталған екен. Бұған әрине, оқушылармен қатар, ата-аналар да қуанышты. Бұл арада, Тайтөбе ауылының тарихы әріде жатқандығымен қатар, осы ауылда қазақтың айтулы тұлғалары балалық шақтарын өткізгендігін айта кету керек. Мәселен, осы ауылдың байырғы тұрғындарының бірінің айтуынша кезінде осындағы интернатта қазақтың қос батыры Талғат Бигелдинов пен Рақымжан Қошқарбаев жатып оқыған екен. Егер аудан басшылары мұрағаттардан бұл деректерді айқындап алса, мектептің атының өзі сұранып тұрған жоқ па?
Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев қатысты. Жоғарыда айтылған деректер нақтыланбаған ба, әлде облыс аудан басшыларына бұл мәлімет белгісіз бе, әйтеуір ол туралы сөз қозғалған жоқ. Қалай болған күнде де, облыстық мұрағаттан, басқа да тиісті орындардан мұның анық-қанығын біліп алуға болады. Талғат Бигелдинов пен Рақымжан Қошқарбаевты білетін, араласқан адамдар арамызда жүр ғой. Сондықтан, тезірек анықтап алған дұрыс. Олай болмаған жағдайда, бізде әредік кездесіп қалатындай, тарихты бұрмалап, атақты тұлғаларымыздың туған, балалық шақтары өткен, білім алған жерлерін шатастырып алуымыз әбден мүмкін.
Сол күні осы Целиноград ауданындағы  
Преображенка ауылында да жаңа 40 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектептің бір ерекшелігі, оның құрылысының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүргізілгендігі. Н.Т.Құсайынов басқаратын «РОМ АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржысына салынған бұл мектеп те ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі.
Жалпы, биыл облысымызда барлық оқушыларды айтпағанның өзінде,  он бес мыңға жуық жеткіншек бірінші рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барған екен. Солардың көпшілігінің білім бұлағынан сусындауды жаңа салынған мектептерде бастауы облысымызда білім беру саласына деген айрықша көзқарасты тағы бір дәлелдесе керек.

Талғат ҚАСЕН

  Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар