Бес жаңа мектеп

облысымыздың биылғы оқу жылына тартуы осындай

Облыс әкімі Сергей Кулагин 1 қыркүйек – Білім күні Щучинск қаласында пайдалануға берілген жаңа мектеп-лицейдің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Алғашқы қоңыраумен тұспа-тұс келген жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс əкімі Сергей  Кулагин бұл жақсылыққа 25 жылдығын тойлағалы отырған еліміздің тәуелсіздігінің арқасында қол жеткізілгенін айта келе, осында жиналған ұстаздар мен оқушыларды және ата-аналарды қуаныштарымен құттықтады.
– Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік саясатының арқасында елімізде білім беру саласына зор көңіл бөлінуде.  Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде облысымызда 41 мектеп,  «Балапан» бағдарламасы бойынша 337 мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылды.

21 мың бүлдіршін орынмен қамтамасыз етілді. 2005-2015  жылдар аралығында облыстағы білім беру мекемелерінің 686-на күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта 11,7 миллиард қаржы жұмсалған. Биылғы жылы жалпы құны 1,5 миллиард теңгеге 15 білім ордасы жөндеуден өтті. Соңғы 10 жыл ішінде жалпы құны  3,5 миллиард теңгеге 905 кабинет қазіргі заманғы оқу құралдарымен жабдықталды. Бүгін өздеріңіз көріп отырғандай су жаңа мектепті пайдалануға беріп отырмыз. Бұл баршамыз үшін үлкен қуаныш, –  деп атап өтті облыс әкімі өз сөзінде.
Өңір басшысы мектеп-лицейге екі бірдей «ПАЗ» автобусын сыйға тартты. Салтанатты шара барысында биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отырған бірінші сынып оқушылары Рамазан Айсұлтан мен Малика Васильева жаңа ғимараттың лентасын қиды.  Өз кезегінде ата-аналар атынан сөз сөйлеген педагогика саласының ардагері Қайыркен Нұрымжанов ризашылық сезімін білдірді. Облыс әкімі білім ордасының асханасын, технология кабинеті мен сыныптарын аралап көрді.
Жалпы, облыстық білім басқармасының дерегіне сүйенсек, қазіргі кезде, облыста 599 мектеп, 579 балабақша, 38 колледж, 4 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Онда 112,5 мың  оқушы мен 26,7  мың студент білім алуда. Облыста 36,7 мыңға жуық бала мектепке дейінгі білім алуда.  Биылғы оқу жылы облыс бойынша барлығы 14882 бала мектеп табалдырығын аттап отыр.
Осы күні облыс басшысы Щучинск қаласында жаңадан салынып жатқан 75 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Тұрғын үйдің құрылысы 2013 жылы қолға алынған болатын. Оның құны жоба бойынша  859,7 миллион теңгеге бағаланып отыр.  Құрылыс жұмыстарын қолға алған мердігерлермен өткен кездесуде нысанды жыл соңына дейін салып бітіру мәселесі сөз болды.  Осы орайда, аймақ басшысы аудан басшылығы мен мердігерлерге қайткен күнде де нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды.
Одан әрі аймақ басшысы Бурабай кентіндегі дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Облыс әкімі курортты аймаққа жылына 1 000 000 астам туристердің келетінін айта келе, келешекте медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында жергілікті емхананы жөндеу керектігін атап өтті.
– Осында жекеменшік клиника салуды ойлас-тыру қажет, сондай-ақ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған халыққа дәрі-дәрмекті жеңілдікпен жіберуді қарастырған маңызды, – деді С.Кулагин.
Дәрігерлік амбулатория 6000-нан  астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Оған қоса, осында демалуға келетін отандық және шетелдік туристер де медициналық көмек алуда.

***
Білім күні Щучинск қаласында 910 орындық қазақ мектеп-лицейі есігін айқара ашса, Ерейментау қаласында 200 орындық орта мектеп, Еңбекшілдер ауданының Мақпал ауылында 80 орындық мектеп, Целиноград ауданының Тайтөбе ауылында 300 орындық орта мектеп және Преображенка ауылында 40 балаға арналған бастауыш мектеп пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, жақында Ақкөл қаласында қалпына келтірілген балалар үйі мен Көкшетау қаласының «Көктем» шағын ауданындағы жаңа балабақшаның тұсауы кесілді. Оған қоса, осы жылдың қазан айында Целиноград ауданының 96 разъезінде салынып жатқан жаңа мектеп пен облыс орталығының іргесіндегі Станционный кентінде құрылысы қолға алынған жаңа балабақшаны да тапсыру көзделген.

Аслан ОСПАНОВ

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар