Беташардан да береке кетіп жүр…

Қазақ халқында ұлттық құндылықтар аз емес. Бұл құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасып, өмірдің сынынан өтіп, оның пайдалы екені дәлелденген. Сондай ұлттық құндылықтарымыздың бірі – беташар. Бет-ашар – қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Дәстүрлі бет-ашар әдетте тойға жиналған халық тарқар кезде өткізілген.

 

Шымылдық ішінде отырған  келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіннің екі жағында тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, басқа да оғаш мінезді болмауы қатаң ескеріледі. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық»  деген мәтел де содан туған болса керек.
Қазіргі заман ағымына сай беташар келін түсіру тойының алдында өтіп жүр. Ол жиналған ағайын-туыстар мен жекжаттарға, ата-ана, аға-інілеріне, апа-қарындастарына келінді таныстыру рәсімі.  Беташар айтқан жігіт келіннің болашақ ата-аналарының үлгілі отбасы болғанын, ағайындарының бетке ұстар азамат болғандарын жырға қосып, жақсы жақтарымен қоса ауылда сыйлы жандар екенін тізіп айтып береді. Солардан үлгі алуға шақырады.
Өткен жазда қаладағы бір жекжаттың баласының үйлену тойында болғаным бар. Тойға жиналғандардың біразы ағайын-туыстармен қоса кілең ығай мен сығайлар сияқты болып көрінді. Беташар айтқан жігіттің әуезді үні мен домбыра тартысы біріне-бірі үйлесіп тұрғандай.  Үйлесімді сөздерін жаңылыспай айтқанына тәнті болдық. Дегенмен, басы жақсы басталған беташардың соңы қожырап кетті. Әнші жігіт бір кезде:
Мың теңгеден кем салсаң сараң деймін, Одан көп салсаң, нағыз адам деймін, – деп домбырасын безілдетіп, салатын ақшаның көлемін көрсетіп, жұртты шошытып тастады. Адамгершілік құндылықты ақшамен өлшеген қу заман-ай, десеңші. Әрине, әркім  өзінің шама-шарқына қарай ақша салады ғой, ал, көп ақша сал деп шарт қою  барып тұрған әдепсіздік емес пе? Сол беташарға салынған ақша енді ғана шаңырақ  көтеріп, жас отау болып өмірге аяқ басқан жас жұбайлардың қолына тисе бір сәрі. Табаққа жиналған уыс-уыс ақша беташарды айтқан жігіттің қалтасына түседі екен. Бұл да бір ақша табудың амалы ма деп қынжыласың. Осы жерде  беташар жыр-шумақтарының астары  сөгіліп, осы шаңыраққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қайдағы бір қалталылардың аты аталып, соның қарамағында еңбектеніп жүрген жезде, аға-апатайларының әлгі дөкейлердің қамқорлығымен адам болып жүргендері тізбектелді. Сол-ақ екен табаққа ірі көлемдегі теңгелер қарша жаусын. Сөйтіп, әп-әдемі басталған беташардың сілікпесі шықты. Жағымпаздық пен даңғойлыққа жол беріп алдық.
Той иесі беташар тізгінін қолына берген соң беташар айтқан жігіт тек осы шаңыраққа ғана қатысты жыр шумақтарын арнауға тиісті еді. Сол күні біз оны көре де, ести де алмадық.
Беташар деген жас отаудың шаңырақ көтергенін жырмен әлдилеп, дүйім жұрт алдында келіннің бетін ашып, әркімге ізгілікпен бас иіп сәлем беріп тұрған  болашақ ананың жиналған қауымға, ағайын-туысқа, жекжаттарға деген құрметі. Бала кезімде мен көрген үйлену тойларының тәлімі бүгінгі тоймен салыстырғанда мүлдем бөлек болатын. Болашақ отау иелеріне жекжаттары, жақын туыстары құлынды бие, бұзаулы сиыр,  ұсақ мал атап, алдарына салып беріп, үй-жайдың іргетасы  осы тойда қаланатын. Осындайда жиналған қалың жұрт жас отаудың берекелі де, үлгілі отбасы болуына атсалысқаны қандай көрегендік. Ұлы даламыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ұмытылмай, ата-баба салып кеткен ізгілік жолмен жүру бүгінгі  ұрпақтың қалауы болуға тиісті. Осыған байланысты жан-жақты жұмыс жүргізу керек деп ойлаймын. Себебі, ұлттық құндылық – ұлтымыздың берік  тірегі.
         Амангелді ЕСТАЙ.

Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар