Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасында Конституция күніне орай мерекелік іс-шара өткізілді.
Мемлекеттік Әнұранмен ашылған салтанатты іс-шара басқарма басшысы, аға әділет кеңесшісі Талғат Әлмағамбетовтың құттықтау сөздерімен жалғасты.
Басқарма қызметкерлері қатарына жаңа қосылған жас маман – Бұланды, Еңбекшілдер аудандары бо-
йынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықтың орындалуын қадағалау жөніндегі аға прокурор Абай Жұманов үшін бұл мейрам ерекше мәнге ие болды. Дәл осы күні ол ұжым алдында прокуратура қызметкерлерінің сапына қосыла тұрып, салтанатты түрде прокурорлық ант қабылдады.
Адал еңбегімен Қазақстан Республикасы прокуратурасының беделінің артуына, заңдардың бұлжытпай орындалуын қадағалауға зор үлес қосқан, прокуратура органдарының құрметті зейнеткері Ғабит Темірбеков салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде шақырылды.
Ғабит Арапұлы жиналған қауымды мерекелерімен құттықтай келіп, Целиноград, Қорғалжын және Сандықтау аудандары бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықтың орындалуын қадағалау жөніндегі прокурорлары Данияр Қайдаров пен Бауыржан Баймұқановқа алғашқы сыныптық шендерін табыс етті. Құрметті зейнеткердің қолынан табысталған ерекше сый жас мамандардың прокурорлық қызметін жауапты атқаруға, болашақта нәтижелі еңбек жолын қалыптастыруға ынталарын оятары анық. Қазақстан Республикасының Конституция-сы күнімен ұштасқан 1 қыркүйек – «Білім күні» қарсаңында, басқарма қызметкерлерінің алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған балаларына жүрекжарды тілектер айтылып, сыйлықтар табыс етілді.
Аяулым, Алдиярмұхамет және Анастасия есімді бүлдіршіндер де өз кезегінде тақпақтар айтып, аға-тәтелерінің алдында өнерлерін ортаға салды. Олардың оқудағы жетістіктері мен жеңістері әрқашан басқарма басшылығының назарында болып, білім шыңына ынталандыру мақсатында қолдау көрсетілетін болады.
Конституцияны бұлжытпай орындау мен құрметтеуді, азаматтылық пен қазақстандық патриотизмді насихаттау аясында өткізілген бұл шараға ұжым қызметкерлері белсене қатысты.
Ақерке МҰҚАНОВА,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Ақмола облысы
бойынша басқармасының ұйымдастыру-кадр жұмысы бойынша аға прокуроры,
кіші әділет кеңесшісі.