Жаңа оқу жылында Көкшетау қаласындағы №2 орта мектеп-лицейі оқушыларының саны біршама өсті. 1-сыныпқа бірден 300-ден астам бала қабылданып, мектеп партасына отырды. Әрі «Мектепке жол» ақциясы аясында аз қамтылған отбасылардағы 27 оқушыға көмек көрсетілді.
Сондай-ақ, облыстық мемлекеттік мүлік, қаржы, денсаулық сақтау басқармалары тарапынан да балаларға қысқы киімдер мен мектеп формалары сатып әперілді. Халықтық коммунистік партиясының облыстық комитеті де аз қамтылған отбасылардың балаларына өз көмегін ұсынды. Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы бірігіп, бастауыш сыныптың екі оқушысына мектеп жабдықтары мен сырт киімдер сыйлады.
Астана қаласының «Мир Аста» фирмасы бастауыш сыныпта оқитын, жарымжан Даяна мен Әлинұр Пішенбаевтарға мектеп формаларын тегін тігіп берді және аз қамтылған отбасылардың балалары мен мүгедек балаларға 10 мектеп формасын тапсырыспен тігуге жеңілдіктер жасады.
Биылғы оқу жылы қарсаңында мектептің кітапхана қоры да толығып, мемлекеттен бөлінген қаржыға 8000 дана жаңа кітап сатып алынды. Мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері жаңа оқу жылына үлкен дайындықпен келіп отыр. Мектепке ағымдағы жөңдеу жұмыстары жүргізіліп, білім ордасының мектеп-лицей болып өзгеруіне байланысты сыртқы маңдайша жазуы, мөрлер, штамптар, фирмалық жаңа бланкілер
ауыстырылды. Лицейлік сыныптардың ашылуына байланысты кабинеттер жаңартылды. Экономика, логика, қолданбалы математика сабақтары жаңа заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттерде оқытылатын болады.
Осы жылы бастауыш сыныптарға қосымша үш коррекциялық және 6-сыныптарға екі лицейлік сыныптар қосылмақшы. Тамыз айында аталмыш білім ордасының жиырма мұғалімі коррекциялық сыныпты оқытудың дайындық курсынан өткен болатын.
Жанерке КӘРІБАЙ,
Көкшетау қаласындағы №2 орта
мектеп-лицейінің қызметкері.