Кен іздеген жиһанкез

Жыл өтті үлкен жүрек тоқтағалы! Осылай демекші, халқымыздың біртуар перзенті, көрнекті әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор,  сәкентанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, жерлесіміз Тұрсынбек Кәкішұлы Кәкішевтің өмірден өткеніне 7 қыркүйек күні тура бір жыл  толып отыр. Білім-білігі ұшан-теңіз, қайраткерлігі, азаматтық келбеті мен болмыс-бітімі де одан бір мысқал кем емес ардақты  ағамыздың осы жыл он екі ай аралығында өмірде, қоғамда алып келген өзіндік орнының қаншалықты ойсырап қалғандығын уақыт-төреші жақсы аңғарта түсуде. Біз бүгін осы айтулы күнге  орай, әйгілі ғалымның есімі елімізге кеңінен танымал қаламгер інісі әрі шәкірті Баянғали Әлімжановтың өзінің аяулы ұстазы туралы естелік-эссесін жариялағанды жөн көріп отырмыз.

Тұрсынбек Кәкішевпен алғашқы кездесуіміздің өзі бір драма! 1971 жылы КазГУ-дің филология факультетіне оқуға түсуге Алматыға келдім. Он жетіге толмаған албырт кезім. Жанымда кластасым  Торғай бар. Туған-туысқан, таныс жоқ. Поезд Алматыға түнге қарай келді де, вокзалға қонып шығып, ертеңіне жатақханаға орналастық.
Қазақ бөліміне төрт жүз он үш талапкер бар екен. Алатыны елу, оның бесеуіне дайындық курсында оқыған балалар түсіп қойыпты. Қалған қырық бес орынға төрт жүз он үш бала үміттеніп тұрмыз. Толқимыз, талаптанамыз. Шығармадан үш алдым. Менімен бірге Степняктағы Абай атындағы орта мектепті бітіріп келген Торғай  төрт алды. Ол менің нағашым, шешемнің немере ағасы Құсайын Есмағамбетовтың қызы. Ауызшадан Торғай бал-бұл жанып шықты – бес саусағын көрсетті маған. Енді мен кірдім тәуекел деп. Тұлғалы, келбетті, қасқа бас ағай мен әдемі апай емтихан алып отыр.  
Келген билет: 1-сұрақ: Сәбит Дөнентаевтың өмірі мен шығармашылығы. 2-сұрақ: Сын есім. 3-сұрақ: Сөйлем талдау.
Бәрі де көкірегімде сайрап тұр, бірақ Сәбит Дөнентаевтың қай заманда өмір сүргенін білгеніммен, нақты тіршілігі мен қызметі есіме түсер емес! Біткен жерім осы екен деп  жауап беруге келдім ақырын.
 – Ағай, Сәбит Дөнентаевтың өмірі мен қызметін есіме түсіре алмай отырмын, шығармаларын айта берсем бола ма?! – деп, шынымды айттым.  Әйел бетіме таңдана қарады-ау деймін, ал, қасқабас ағайдың қабағы тыржиып кетті. Басын түсіріп, көзінің астымен маған сүзе қарап тұрды бір сәт! Аудитория тым-тырыс, сілтідей тынған! «Айналайын, білмеймін деп тұрсың ғой өзің де, келесі жылы оқып келерсің, бара бер!» – десе, бітті шаруа. Оған заң жүзінде де, адамгершілік тұрғысынан да толық хақысы бар. Осы бір үнсіздік сәті мен үшін сағаттай болып көрінді. Бір кезде сәл шегінгендей болды – қирататын болды-ау деп мен отырмын.
Тұрсекең жүгірткендей ойды алысқа,
Ұқсап бір шиырылған жолбарысқа,
Шегініп, сүзе қарап сәл тұрды да,
Гүж етіп, деді-ау сонда «божалыста!»

Даналық, дархандығын байқатып ед,
Қайта бер десе қайтсін, қайтатын ед.
Ағасы айта ғой деп, рай берген соң,
Қайқайып шыға келді қайта түлеп!
 Ал, сөйлеп берейін. «Бөшкенің зарын», әсіресе, «Бозторғай зорлық көріп тұрымтайданды» талдап тұрып, арасында өлеңдетіп соқтым келіп!
Боздатып бозторғайдың зарын айтты,
Әлсізге күштілердің зәрін айтты.
Зорлық пен зомбылықты халық көрген,
Сәбиттің жазғанының бәрін айтты…
  Ай келбетті ағамыз ықылас қоя тыңдап тұр. Әдемі апай да маған бар назарын аударған.
 – Сәбиттің тұңғыш кітабы қалай аталады? – деп сұрады бір кезде ағамыз.
 Бозторғай боп көкке ұшып кетсем керек, қапелімде жерге түсе алмай бөгеліп қалдым.
– У-а-ақ… – деп, ағамыз әндете соза бергенде:
– Түйек! – деп мен жабыса кеттім!
– Иә, дұрыс, «Уақ-түйек»! – деп, жылы жымиып қойды екеуі де.
 Содан екінші сұрақ «Сын есімді» сұрады. Айта келіп, мысалға Абай атамыздың «Қысынан» өлеңдетіп келтірдім.
– Сын есімге Абайды келтіріп жатыр! Жақсы, ә! – деп ағай апайға бір қарап қойды. Ана кісі де сүйініп-ақ отыр. Одан сайын көтеріліп, үшінші сұрақ сөйлем талдауды да ретіне келтіріп, «уһ» деп бір-ақ тоқтадым.
   Жылы шыраймен емтихан қағазымды алып, аша берді де, лезде өңі өзгеріп сала берді.
 – Айналайын-ау, шығармадан қайтіп үш алып жүрсің?! Мұның жарамады ғой, енді! Біз саған бес қойғымыз-ақ келіп еді, бірақ, негізгі пәннен, шығармадан үш алған балаға бес қоюға болмайды! Төрт қоямыз, жолың болсын! –  деп  шығарып салды.  Былай шыға, емтихан парақшасын ашып қарасам: Кәкішев және Түркпенова деп қол қойыпты.  Бір жағы құлайын деп тұрған жерімнен төрт алып аман шыққаныма қуанып, бір жағы ана үштікке өкініп, екіұдай сезімде жатақханаға келдім. Өйткені, бір төрт, бір бес, яки  екі төрт алғандар аз емес, яғни, мен жинаған бал бойынша  олардан артта қалып тұрмын. Алда тарих пен неміс тілі бар, соларға дайындалайын, не болса да аяғына дейін айқасайын деп, өзімді-өзім  қайрап қоямын.
  Бізбен бір бөлмеде Қостанай облысы, Наурызым ауданынан келген Жүнісбек Сұлтамұратов тұратын. Ол менен бір жас үлкен, журфакқа тапсырып жатқан. Мән-жайды естіп, емтихан парақшамды қарап жіберді де:
  – Баянғали, сен кімнен төрт алғаныңды білесің бе? Тұрсынбек Кәкішев! – деді, даусы жарқын-жарқын шығып.
 – Иә, жақсы кісі екен, бірақ, бұрын атын естімеппін! – дедім, қысылыңқырап.
– Мәссаған! Тұрсынбек Кәкішев – сыншы, ғалым. Москвадан, ЖЗЛ сериясы бойынша Сәкен Сейфуллин туралы кітап шығарған! Сондай кісінің өзі саған төрт қойса, бұл басқаның бесіне татиды! – деп Жүнісбек мені аңқылдай құттықтады.
Пендесін патша құдай қолдағанда,
Осылай кез қылады-ау оңды адамға.
Бозбала тозаң қуып кетер ме еді,
Сондағы «божалыста» болмағанда!
 Сол «божалыста» маған құтты болып, тарихтан бес, неміс тілінен төрт алып, оқуға түстім де кеттім! Бір өкініштісі, жап-жақсы оқыған кластас нағашым Торғай тарихтан өте алмай, елге кете барды.
Міне, осы 1971 жылдан бастап, күні кеше, 2015 жылы Тұрсекең өмірден озғанға дейін, қырық төрт жыл бойы аға мен інідей,  әке мен баладай сыйласып, сырласып жүрдік. Тіпті, тағдырдың жазуымен алыстап кеткен, араға жылдар түскен кездерде де, біздің рухани байланысымыз, жан сыйластығымыз үзілген емес. Бір қызығы, мен  жас кезімде  Тұрсекеңнің біздің елден екенін білмеппін, тіпті мән бермеппін. Өйткені, ағамыз алаш баласын алаламай, аялы алақанын алыс-жақыннан аямайтын.
– Бұл кісі біздің нағыз ағамыз! Даниловкада туып-өскен! – деді бірде маған менің немере ағам,  бір курс жоғары оқитын Жарылғасын Шалабайұлы Әбішев. Ол өзі де Тұрсекеңнің шәкірті, ағамыз оны оқуын бітірген соң курстастары Жанғара Дәдебаев, Құлбек Ергөбековтермен бірге ғылым академиясының әдебиет институтына жұмысқа орналастырған.   Ал, Даниловкаңыз (қазір Алтынды деп аталады) ол кезде Целиноград облысы, Макин ауданына қарайды деген аты болмаса, таза біздің ел. Біздің Еңбекшілдер ауданының  Қаратал ауылына тиіп тұр, арасы екі-ақ шақырым.
Бірде лекция үстінде Тұрсекең: «Мен геолог болуды армандайтынмын!  Әлі күнге геологияда мен ашпаған жаңалықтар бар сияқты!» – деп тебіреніп еді. Ол өз геологиясын әдебиеттану мен ұстаздықтан тапты, оның жаңалықтары – ғылым, білімі, оның алтын кені – аялап өсірген саналы шәкірттері. Мен де ол кісінің аялы алақан табын сезініп өстім. Қамқорлығын көп көрдім. Тіпті, жас күнімде қатты қиналып жүрген кезімде, дәл тауып айтқан бір ауыз сөзімен-ақ жігер, қуат беріп, қанаттандырып жіберетін.   Мен елде тұрған кезде, заман аумалы-төкпелі болып, толқып тұрған шақта, «Кеңащыға» келгенінде: «Андай-мындайға араласпа. Бір бәлеге ұрынып қалма. Мен жүрмін ғой, сол жетер!» – деді. Бұл сөздің терең мағынасын  мен арада жылдар өткеннен кейін сезіне бастадым. Шындық үшін шырылдап жүрген ұстазымыздың бұл сөзінде сол күрестің ыстық-суығын өзім-ақ көріп алайын, шәкірттерімді оның пәлесінен аулақ сақтайын деген ақ ниеті ғана емес, тікелей маған қатысты, сенің жолың басқа деген үлкен, құпия емеуріні жатыр-ау деп ойлаймын қазір.  
1977 жылы университетті бітірерде  диплом жұмысымның жетекшісі болды Тұрсекең. Екінші курста оқып жүрген кезімде «Қазақ әдебиеті» газетіне шешендік сөздер туралы  алғашқы мақалам жарияланған болатын. Сол тақырыпты біраз айналдырып, ақыры  диплом қорғайтын болдым. Содан, кәдімгі Мәншүк Мәметованың анасы, ғалым Әмина Мәметованың билер сөзі туралы жазған кітабын, ал кеп іздейін! Көпшілік кітапханада жоқ болғасын, Ғылым академиясының кітапханасынан іздедім. Жоқ. (Қазір ойлаймын, тиым салып, тығып тастаған-ау шамасы). Ал, сонау қырқыншы жылдарда билер сөзін тереңдеп  зерттеп, билердің авторлығын, тарихи тұлға екендігін дәйектеп жазған  ғалымның еңбегіне соқпай, шешендік сөздер туралы қайтіп бірдеме жазасың?  Бір күні әлгі кітапты іздеп-іздеп, әбден шаршап, Ғылым академиясының жанындағы бір телефон автоматтан Тұрсекеңе телефон соқтым. Ағамыз телефонды алып, мені мұқият тыңдап алды да:
 – Ол кітап менде болу керек. Сен телефонды қоймай тұра тұр, мен қарай қояйын, – деп іздеуге кетті.
 Содан не керек, Алматының аптап ыстығында, күн күйдірген тап-тар, темір  телефон будкасында тікемнен-тіке үш сағаттай тұрдым ғой! Алғашқы бір-бір жарым сағатта Тұрсекең бір-екі рет келіп, трубканы алып: Ә-ә, мен таба алмай жатырмын, тұра тұр, – дейді де, қайта кетеді. Бір-екі рет баласы, құрдасым Дәурен марқұм трубканы алып, менімен қысқа сөйлесіп қояды». Папам сізге кетпесін, күтсін деді!» – дейді. Бәрінен қиыны, телефон керек болған жұрт екі тиындарын көтеріп, кезекке тұра бастады. Шыдамсыздары қашан босатасың деп, айқайлап, будканы тарсылдатып қояды. Мен олардан ұялып барамын, будканы босатайын десем, ағамыз жіпсіз байлап қойған! Ақырында, бір топ кісіге шынымды айттым: Диплом жұмысы жөнінде профессордың пікір-кеңесін тыңдап тұрмын, – дедім. «А-а, профессор! Тогда ясно, это на долго», – деп басқа телефон іздеп, тарап кетті. Екі сағат өтті, Тұрсекең тым-тырыс, үшінші сағатқа кетті, хабар жоқ. Не телефон байланысы да үзіліп кетпейді, не мен кете алмаймын. Ақыры, амалым құрып, үйге қайтатын уақыт болғанда, телефонды тарс еткізіп қойдым да, бір-ақ тарттым.
Бақсам, Тұрсекең қалың қағаздың ішіне бір кіріп кеткесін, қызығына батып, бір жоқты бір жоқ табады дегендей, керек дүниелеріне қайта жолығып, шыға алмай қалған ғой.
– Ә, солай ма? Ондай-ондай болады!  – деп күледі ағамыз, кейін кездескенде осыны айтсам.
Университетті бітірер жылы әлі жарты жыл оқу барына қарамастан, бір күні мені Сәбит Мұқановтың жаңадан ашылып жатқан музейіне алып келіп, Мәриям апаймен таныстырды да, жұмысқа орналастырды да қойды. Музей директоры Хәкім Бекішев ағамыз бен ғылыми қызметкері, досым  Құлбек Ергөбековпен бірге Сәбең музейінде өткен күндер бір бөлек хикая. Әңгіме Тұрсекеңнің жақсы оқыған, әдебиетке, ғылымға бейімі бар шәкірттерін Алматыда алып қалуға тырысып, қолынан жетектеп жүріп, қолы жеткен жерге жұмысқа орналастыратын әкелік қамқорлығында.
Қырық жылдан астам уақыт сыйласып, сырласып, араласып жүргенде, Тұрсекеңнің бір асып-сасқанын, я масаттанып тасқанын көрмеппін. Қандай да бір тосын оқиға, жағдай туып қалса да немесе жоғары билік тарапынан әлдебір қысастық, қитұрқылық көрсе де: «Е-е, жарайды!» – дейтін де қоятын. Жылдан-жылға халықтың алдындағы абырой-атағы, асқар таудай бойы биіктей түскен сайын, Тұрсекең туған жерге тереңдеп бата берген секілді. Салмағы ауыр тұлғаның сабыры да мол, ақылы да сарабдал еді. Ашу-айбары,  батырлығы мен батылдығы, ер мінезі ел мен әдебиет тағдыры жайлы сөз қозғалатын тартысты  жерлерде жарқ етіп көрінетін. Үлкен елдік мәселелерге келгенде әдеттегі кеңпейіл Тұрсекең мүлде өзгеріп сала беретін. Айтарын мейлінше ашық, батыл, кесіп-кесіп айтатын. Ойы ұшқыр, айқын, нақты, шыншыл  болатын. Сонысымен қарсыластарын тырп еткізбей, жүйелі сөзге тоқтатып, тыңдаушы көпшіліктің алғысына бөленуші еді.
Даусы қандай таза, әуезді, жағымды, күшті еді жарықтықтың!  Жақан Сыздықовтың тоқсан жылдығында, бұрынғы Көкшетау облысының бұрынғы Щучье (қазіргі Бурабай) ауданының Қарағаш ауылында орыс тілінде ағыла бір сөйлегені бар. Өйткені, облыс, аудан басшыларының дені орыс тілділер болды, бұл бір. Екіншіден, сол кезде шовинистердің қазақ тәуелсіздігіне көз алартып, түрлі сөздерді гулетіп жатқан кезі болатын. Әсіресе, Солженицынның қазақ жерін қайшымен екіге бөле салуды көксеген астамшылыққа толы сөздері жат пиғылды баспасөзге дем беріп, әңгіменің ширығып тұрған шағы болатын. Әңгімені Жақан Сыздықовтың ақындығынан, майдангерлігінен тарата келіп, қазақ әдебиетіндегі ашаршылық туралы алғашқы толымды туындылардың бірі – «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасына тоқталып, ел мен жер тағдырына ойысқан Тұрсекең орыс тіліндегі отты сөзімен Солженицынды да, оның сойылын соғушыларды да сылқитты да салды.
Отырған орыс тілді қауым ағамыздың аталы сөзіне ұйып, бас изеді, қазақтар арқаланып, қиқулап кетті. Мен сонда ұстаз ағамыздың ұлттық мәселені барынша ашық, батыл және байыпты  түрде қалың орыс қауымының алдында айтып бергеніне сүйініп, қол соғып едім. «Жат елдің бір кесек семіз колбасасын жегеніне мәз болып, шетелге қашып кетіп, туған жерін жамандап, ылаңдатқан адам патриот па, жоқ әлде туған елінің барлық ауыртпалығын халықпен бірге көтеріп, өз жерінде адал еңбек еткен адам патриот па?! Саяси дау-дамай, айқай-шуға ілесіп, бір елдің  жерін қайта бөліске саламыз деп, халықтардың арасына іріткі салушы  арандатушылар патриот па, жоқ әлде елдің тыныштығын, береке-бірлігін ойлап, тату-тәтті өмір сүріп жатқандар патриот па?» – деп орысша ырғақтап соққан сөздері көпшілікке ой салып, сексен көлдей толқытып жібергені көз алдымда. Ал, Тұрсынбек ағаның осы тектес сөйлеген сөздерінің өзін жинақтап, жариялайтын болсақ, оның өзі әлденеше том болар ма екен?! Ойлы да отты, мағыналы, ғибратты сөздері ел өмірінің, тарихымыздың сан алуан қырларын қамтитын шежіре, дерек, рухани қазына ғой!  Міне, қазақтың осындай  ұлттық шешені, айбынды азамат – трибуны  келмеске кетті-ау деген бір ой келеді амалсыз.   
Тұрсекеңнің ғалымдығы кітаптарында қалды – іздеген адам табады. Жазған еңбектері, том-том кітаптары бір төбе.
Ұстаздығы – шәкірттерінде қалды. Ол кісінің тәрбиелеп өсірген шәкірттерінің біразы – ғалым, ұстаз, алды Алаш ақсақалдары атанып отыр. Ал, кең далада ана тіліміз бен  әдебиетімізді көзінің қарашығындай сақтап, ауыл, қала мектептерінде қазақ рухани байлығын, білім нұрын таратып жүрген мыңдаған шәкірттері айбынды да саналы рух күрескерлері емес пе?!  Бірақ, Тұрсынбек ағамыздың адамдық тұлғасының орны толмайды. Қайталанбайды. Өн-бойы толы қасиеті, ғажайыбы өзімен бірге кетті. Сағындырады. Өмір солай, не дерсің. Мен Тұрсынбек ағамды көргенде ерекше шаттанып, арқаланып кетуші едім.
– Ал, сөйле, Байеке! Не бітірдің?! – дер еді, мол денесімен маған бұрылып, одан да кең жүрегінен ұстаздық, әкелік мейірі төгіліп.
Желдей есемін келіп. Риза болғанын: Е-е, жарайды! – деп, бір-ақ сөзбен білдіріп, басын нығыздап бір изеп қоятын.

 

Жарықтықтың жүрген жері жап-жарық болып кететін сияқты еді. Еліміздің бетке шығар қаймақтары жиналған айбынды жиынның ішінде айрықша дараланып, ай маңдайы алыс-
тан нұрланып көрінетін. Жан шуағын, ақыл-ой қуатын шашып тұратын жан-жағына. Егер де ол кісі сонау жастық шағында, Ақмола облыстық театрында меңгерген әртістік өнердің жолын мықтап қуғанда,  Голливудтың терең ойлы, кесек тұлғалы Энтони Хопкинс тәрізді  жұлдыздарымен бірге жер-жаһанға жарқырап көрінер  ме еді, кім білсін? Расында да, Тұрсекеңнің ірі, кесек, сымбатты тұлғасы, айрықша сұлу келбеті, сәуле шашқан ай қасқасы, тіпті, жасы ұлғайған шақтағы маңдайы мен бетіндегі терең ойдың іздеріндей сезілетін қатпарлы әжімдерінің өзі, әртістердің тілімен айтқанда, фактурасы мен колориті әлемдік кино экранды молынан толтырып-ақ тастар еді.
Бірақ, Тұрсекең өз жұлдызын ғылым мен ұстаздықтан тапты.
Осынша білім, ғылым бір басына қалай сыйған.
Ал, адамшылығын айтсаңшы. Адамдарды жеріне, руына қарап алалауды білмейтін, шақырған жерден қалмайтын,  үйіне келген адамды жадырап қарсы алып, жайнап отыратын жайсаңның нақ өзі еді.
Ізгілік, дархандық, адамдық  асыл қасиеттері бір кітап.
Азаматтығы, қайраткерлігі мүлде бөлек әңгіме.
Бәріне қалай үлгерген?
Бұған қажымайтын, жаңалық құмар саяхатшылығын қосыңыз… Сексенге келгенде Омбы, Уфа, Қазан, Троицк бар, бүкіл солтүстік аймақты машинамен аралап шықты. Ақын Әскен Нәбиевтің ұлы, меценат, қайраткер  бауырымыз Марат жақсы жеңіл машина тауып беріп тұрып: «Аға, жол ұзақ, шаршап қалмаңыз», – деп шынайы інілік қамқорлығын білдірген. Кейіннен сапарлас болған жастар: «Біз басында жол соғып тастай ма деп ағамызды аяп едік, аяғында ағамыз бізді аяды ғой», – деп сүйсініп, күліп келген. Сонда, пәлен мың шақырым жолда сексеннің сеңгіріндегі сұңқар бір қыңқ етіп, ешкімнің мазасын алмай, көздеген жеріне барып, іздеген дүниелерін тауып қайтқан. Жан жылуы, білімге, өмірге деген құштарлық оты, рух күші жанып тұрды ғой, қартаймаған қайратты жүректе.
 Жүрек демекші, елуден асқан шағында, бір-екі рет инфаркт та алған. Советтік тоталитарлық жүйе жүйкені жеп, тауыспай тынбайтын. Әсіресе, саналыны соғатын. Соны да жеңіп шықты Тұрсекең. Сексеннен асқанда Алматыда, сырқаттанып, ауруханаға түсті. Көңілін сұрай барғанымда:
– Құдайға да рахмет. Қашанғы сақтай берсін. Осынша жерге әкелді. Ендігі бар арманым… әлгі солдатский смерть деген бар ғой… бір-ақ кететін… сол болып тұр, – деп жайбарақат қарап отыр.  Ертең киноға барамын деген сияқты.
– Ой, аға, қоя тұрыңыз, асықпай. Әлі бізге, бүкіл Алашыңызға керексіз! Асқар тау болып, жүре тұрыңыз, – деп жатырмын. Деуін десем де, тұтас бір дәуірдің аяқталып келе жатқанын сезініп, ұлы уақыт ағынына тағы да іштей бойұсынып, мұңайып барып: – Сексен жылдығыңызды Көкшетауда тойлағанда,  біздің үйден аттанып едіңіз. Сонда, сексен бес жылдығыңызда да біздің үйден аттануға жазсын деп батамды беріп едім ғой. Сондықтан, оған дейін рұқсат жоқ. Тағы да келіп, батамды алып кетіңіз, – деп әзілге сайып әкеттім.   
Тұрсекеңе де жан керек екен, жадырап күліп жіберді. «Е-е, жарайды»,  –  деді әдетінше. Құдай беріп, содан кейін де бес-алты жыл жасады. Сексен бес жылдығын Бұланды ауданында далада ақ шаңқан үйлер тігіп, ат шаптырып, бал-уан күрестіріп, бүкіл ел болып атап өтіп, Астанаға келген соң, айтқанымыздай, біздің үйде түйіндеп, Алматыға аттанып кетіп еді…  
Сол сексен бес жылдыққа орай ағамыз туралы деректі фильм түсіруді ойладық. Онда біз уақытша Алматыда едік, кино түсіретін құрал-сайманның бәрі Көкшетаудағы үйде қалған. Не  бөлінген қаржы-қаражат жоқ, не кино түсіретін топ жоқ. Амал қанша, әйтеуір Тұрсекеңнің әңгімесін әбден айтқызып, өз аузынан жазып алайын деген ниетпен, бір телеканалдың бір операторын жалдадым. Оның камерасы бізге сәйкес екен, соған қызықтым. Айтқан уағында келді. Біраз адамдар жиналды.
– Байеке, еш жерге кимеген, ешбір теледидарға түспеген бір тамаша көйлегім бар еді, соны сенің киноңа кигелі әдейі сақтап отыр едім, – деп Тұрсекең жарқырап күліп қарсы алды. Шынында да, өзіне сондай жарасымды және экранда өңін ашатын, кабинетінің көрінісіне де керемет үйлесетін ашық қоңырлау түсті мол, қалың көйлек екен. Міне, сырбаз ақсақалдың талғамы.     
  Әлқисса, жарықты қойып, камераны орналастырып, түсіруге дайындалдық. Тұрсекең жазу үстелінде сақадай-сай отыр. Оператор жігіт камерасын шұқылаңқырап, көбірек бөгеле берген соң:  «Не болды?» – деп сұрадым.
 – Дыбыс жазатын петличка істемей тұр, – дейді күмілжіп. – Істеп тұрған, не болғанын білмеймін.
  Масқара болды. Дыбыссыз кино бола ма?
Жұрт сілтідей тынып, күтіп тұр. Тұрсекең отыр алдымызда, таудай болып толғанып. Күләш жеңгей әдетінше қонақ күтуге қамданып, етті бұрқыратып пісіріп жатыр.
  Ал, бүгін түсірмеймін, кейін түсіремін деп қалай айтасың?!
– Камераның дыбысы істей ме?! – деп сұрадым сыбырлап.
– Істейді, – деді оператор.
– Онда амал жоқ, тікелей камераға жазамыз, – дедім.
Сөйтіп, түннің бір уағына дейін Тұрсекеңнің әңгімесін тікелей камераға жазып алдық. Ақтарылып, арғы-бергіні қозғап, балалық шағынан бастап майын тамызып әңгімелеп берді. Үні қандай еді, ақ сұңқардай саңқылдап тұратын, ешқандай аппаратсыз-ақ тап-таза, анық жазылыпты.
Келген азаматтардың да Тұрсекең туралы сөздерін жазып алдық.
Қонақ күтіп жүрген Күләш жеңгейге кезек тимей қалды. Ол кісіні ертеңіне, қосымша түсіру жұмыстары кезінде жазатын болып тарадық.
Ертеңінде ағамыздың қаламынан туған алпыс-жетпіс  кітапты үстелге жайып қойып, операторды күтіп отырмыз. Айтқан уағында келмеген соң, соғамын келіп телефонды. Жауап бермейді. Түнде келіскен ақысын түгел беріп, бүгінге уәделескенбіз. Көңілге күдік кіре бастады. Бір кезде алды-ау телефонды. «Камерамды қызметтес жолдасым алып еді, кешігіп жатыр», – деп бір қойды. Бір сағаттан соң: «Камерамды бұзып әкепті, енді түсіруге жарамайды», – деп қысқа жауап берді де, ұстатпай кете барды. Сөйтіп, кітаптар киноға түспей қалды. Бәрінен қиыны, Күләш жеңгеміздің әңгімесін жаза алмай қалдық.
 – Е-е, жарайды… Түнде түсіп алмай, қазан-ошақтан шықпай қойған өзінен көрсін, – деп бір күлдірді ағай. Киноны сол күйінде  екі сағаттық етіп жасап шығарып, ағамыздың сексен бес жылдығында тойға тарту ретінде тарттым. Ол кинода болмай қалдым деп ғалым Күләш жеңгеміз өкпелеген жоқ, әйтеуір.
 Тамақ істегеннен шығады, Тұрсекеңнің сексен жылдығында, Көкшетауда, үлкен жиында сөйлеген ағамыз Әзілхан Нұршайықов бір әдемі сөз айтып еді.
– Тұрсынбектің сексен жасында суарылған семсердей жарқылдап тұрғаны – Күләштің бағып-қағуының арқасы. Күләш Тұрсынбекке ылғи да бір керемет дәмді тағамдарды дайындап, әбден баптап, күтіп отыр. Және Күләш  істеген тамағына адамды жасарта түсетін ерекше пайдалы бір витаминді қосады үнемі. Ол М деген витамин, – деп бір тоқтады.
Жұртшылық, әсіресе, жастар жағы, ынта-шынтамен беріле тыңдап, аузының суы құрып отыр. Ғылымда жоқ бұл не қылған М. деген витамин?!
Әзекең тыңдаушылар тағы да құмарта түссін дегендей сәл бөгеліп барып:
– Ол махаббат деген витамин! Күләштің Тұрсынбекке деген махаббаты, – дегенде бүкіл Көкшетау тік тұрып қол соғып еді. Әзекеңнің тапқыр сөзіне ғана емес, ғұлама, ұстазды қадірлеп, әлпештеп бағып-қаққан, жан серігі бола білген Күләштай аяулы қазақ қызына деген шынайы құрметі еді бұл. Шынында да, тіршілігінде ағамызды ардақтай білген парасатты, зерделі  Күләш жеңгеміз енді ол кісінің рухани қазынасын көздің қарашығындай сақтап, келешекке құнды қазына ретінде
аманаттап тапсыру жолында, есімін ардақтап, есте қалдыру жолында жанкештілікпен еңбек етіп келеді.
Тұрсекең туған бауыры Жақия ағамызбен екеуі қандай жарасып жүруші еді.
– Менің тағдырымда Тұрсынбек шешуші рөл атқарды, – деп ағасын жоғары бағалайтын Жақаң. Ағалық қамқорлығын, аялы алақанын көргенін айтады.
Ағайынды қоңыр қаз деп осындай кісілерді айтатын шығар. Екеуінің арасы екі-үш-ақ жас, бір-біріне  ұқсайды, екеуі де қасқа бас. Кездесе қалса болды, дас-тархан басында сөзден-сөз шығып, ал, қызыл шеке болып, дауласа кетеді. Тура бір саяси дебат дерсің. Теледидардан, газеттерден таппайтын заман, қоғам, тарих туралы небір шыншыл әңгімелерді талқыға салатын.
Әңгімелерінің негізі – әлеуметтік әділеттілік пен шындық туралы өрбиді. Бір қызығы, екеуі де шындық іздейді, екеуі де әлеуметтік әділеттілікті көздейді. Бірақ, әрқайсы өзінше дәлелдейді. Тұрсекең түйіп тастайды, Жақаң жайып тастайды. Әй, бір қызық еді, бала күндерінде тете өскен, тай-құлындай тебіскен ақсақалдардың ақыл-ой таласын, айтысын тамашалау. Екеуі де тоқсан жасқа таяп қалған ақсақалдардың  сөзінен  даналық маржандары шашылып жатқандай болатын.
Әбден болмағасын:
 – Байеке, мына даукес ағаңа қой деші, – дейтін Тұрсекең, інісіне сүйсініп отырғаны арғы тереңінен ғана сезіліп.
  Мен «даукес ағама» қой дегім келмейді. Қайта, айта түссе екен деймін.
 – Әй, қойшы, сен енді, – деп әбден болмағасын, Тұрсекең қолын бір-ақ сермеп, кесіп тастайды.
 – Әне, мұның әдеті, – деп Жақия ағамыз маған жайдарлана қарайды. –  Бала күнінен осындай. Жеңіліп бара жатса, төбелесе кетуден тайынбайтын. Бұл айтысса, тек жеңу керек. Қазір енді атақты ғалым, әрі жасы үлкен аға болғасын, амал жоқ, әйтпесе мені жеңу қайда.
 – Шындық ащы ғой! Бірақ, керек, амал не, – дейтін Тұрсекең ауыр күрсініп.  Шындық, әсіресе, тарихи шындық талқыға түскенде табаны таймай, қатпар-қатпар, қайшылықты тағдыр, тарихты ащы-тұщысымен қоса қопара зерттеп, парасат таразысына тарта білген Тұрсекең өмірде де, ғылым,  білімде де осы шыншылдық жолынан айныған емес. Ұлағатты ұстаз, асыл азамат ағаның шәкірттеріне ғана
емес, бүкіл Алашына аманаты да осы болар-ау.
 – Шыншыл көзқарас болмаса, сыншыл пікір болмаса, адамда да, қоғамда да даму  болмайды, – дейтін ашынып. – Мақтау да, мақтану да оңай. Шындықты, әсіресе, сыншыл ойды айту қиын. Сын пікірге құлақ асу, қорытынды шығару одан да қиын. Бірақ, керек. Сын болмаса, қисық түзелмейді, – дейтін кіжініп.
Маған Тұрсекең рухани әлемінің тынымсыз жиһангезі, жоқшысы, түгендеушісі сияқты болып көрінетін. Қамал, қорғандай болып ол кісі тұрғанда, қазақтың рухани әлемі түгенделіп, шашауы шықпай бүтінделіп тұратындай болып көрінетін. Бір қызық жағдайды қараңыз, қазаққа керек жерде Тұрсекең табыла кететін, қазаққа керек шаруаға Тұрсекең кезіге кететін, қазаққа керек дау-шарға Тұрсекең кірісіп кететін.
Өткен ғасырдың сонау  елуінші жылдары болса керек, Тұрсекең Уфаға барып, архив ақтарып жүрмей ме? Бір күні кітапханадан шығып бара жатса, төбе-төбе кітаптарды аулаға шығарып, үйіп қойыпты. Көзі түсіп кетсе, арабша, латынша харіппен басылған ескі, көне кітаптар екен. Үңіле қараса, біразы қазақ кітаптары.
Содан, шырылдап сұрастырады. Сөйтсе, кітапханға сыймай, орын босату керек болған соң, өртеуге шығарылған дүниелер екен. Тұрсекең ара түсіп, бос-тан босқа өртегенше, маған беріңдер, мен алып кетейін деп Алматыға, ғылым академиясының президенті, академик  Сақтаған Бәйішевке хабарласып, ақша алдырып, пойызға тиеп, елге алып келеді.
Сол Уфаның кітапханасынан тауып әкелгені – 700 дей қазақ кітаптары. Өңкей сирек дүниелер, араб, латын әрпімен шыққан. Ішінде алаш арыстарының еңбектері молынан кездеседі. Олардың екінші, үшінші артық даналарын ағамыз өзіне алып қалады.
 Бір күні Тұрсекеңе Міржақыптың кітабын іздеп жазушы Әбен Сатыбалдин келеді. Сөйтсе, ол кісі Міржақыптың қызы Гүлнәрдің күйеуі екен. Осылайша атылып кеткен, атын атауға тиым салынған әкесінің кітабын тауып әкелген Тұрсекеңді Гүлнәр апамыз өле-өлгенше туған бауырындай жақсы көріп, сыйлап өткен екен.
 Ал, кейбір білгіштер Тұрсекеңді Сәкен мен Сәбитті зерттеуші, бар болғаны қызыл компартияның сыншысы ғана деп қыжыртқысы келеді-ау жүзі жанбай. Иә, Тұрсекең компартия мүшесі, адал коммунист болды. Партияға, совет өкіметіне сенбеді десек – шындыққа обал. Заман солай еді, бүкіл еліміздің тарихи тағдыры солай еді. Бірақ, өзі ішінде жүрген партияның, совет өкіметінің өрескел өтірігін де, сұмдық қылмыстарын да бірте-бірте біліп, түсініп, зерделей берді. Ең бастысы, әдеби, ұстаздық еңбегіне адал болды, ғалымдығына залымдық жуытпай өтті. Айтуға болмайтын кездің өзінде, ақиқат шындықты ішіне жинай білген, уақыты келгенде, аласапыран заман жайлы іргелі, айтулы еңбектер жазған Тұрсекең – асылдардың сынығы, алаш арыстарының жалғасы, қазақ халқының абызы, ақыл-ойының алыбы, айналымы үлкен, тұңғиығы терең жатқан күрделі құбылыс.
Тәуелсіздікпен бірге тынысы ашылған тарланбоз тар жол, тайғақтарды табаны таймай шарлады. Күрмеуі қатты тағдыр мен тарихты тарқатып, том-том еңбектер жазды. Тың әлем ашты. Өзі де бір әлемге айналды. Шетелден келген  зиялы, саналы қазақ баласының алдымен іздейтін ақылгөйі, арқа сүйері Тұрсынбек ағамыз еді. Ат басын тірейтіні – Тұрсекеңнің шаңырағы. Келелі кеңес құрып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып беретін. Тіпті, арғы тарихқа да тартып кетіп, Қожаберген жырау, Керей ер Жәнібек, Марал ишан, Сегіз Сері сынды тұлғалар туралы ой толғайтын, халықтың тарихы мен тағдырын  зерделейтін. Елдік жиын, тойлардың төрінен табылатын.
Алаш арыстарының шығармашылығы мен тағдыры жайындағы жан-жақты, нақты зерттеу еңбектері айқын талдауымен, толымды ойларымен, шыншыл жаңалығымен жұртымызды дүр сілкіндіріп, ғылымға қосылған сүбелі үлес болып қалды!  
  Галина Серебрякованың бір әңгімесін айтып еді бірде.
 – Мен ағаңа өкпелеп жүруші едім! – депті Серебрякова Тұрсекеңе.
 Сені көрсеткен, ұстатқан Сәкен Сейфуллин деп біреулер  бықсыған болу керек. Содан НКВД архивін ақтарып, Сәкеннің өзіне шаң жуытпай, ажал аузында тұрғанда да қорғаштағанын өз көзімен оқып көргеннен кейін, азаматтығына әбден разы болыпты. «Сәкен Сейфуллин – гордость советского народа!»  деп содан кейін жазған екен.
Сәкен Сейфуллин проспектісін ашарда, Тұрсекең  орталық комитеттің қаһарлы хатшысы Саттар Имашевпен бірге барып көреді. Сөйтсе, Сейфуллин проспектісі бірінші Алматыға қарай шығар жерден аяқталып, ары қарай Ұйғыр көшесі ме екен, әйтеуір бір басқа атпен кететін көрінеді. Содан, Имашевпен достығын пайдаланып, Тұрсекең тізеге сап жіберіп, көндіріп, Сәкен Сейфуллин көшесін  ары қарай создырып жіберіпті. Қазіргі Алматының ең ұзын көшесі болып тұрғанына тікелей себепкер болған екен сөйтіп.
1997 жылы теледидардағы айтысты қайта жандандырудағы қайраты, ақын Жүрсін Ерманды қолдауы да есімде қалыпты. «Айтыс теледидарға шықпай, бүкіл халыққа таралмай, тоқтаңқырап қалды. Міне, енді айтысқа  теледидарда жол ашылғалы тұр. Алдымызда айтыс бола ма, болмай ма деген мәселе тұр. Бұдан былайғы жерде айтыстың болу, болмауы  сендерге байланысты», – деп әдетінше сөздің түбін түсіре, кесіп, кесіп айтып еді Тұрсекең.
– Қандай данышпан болса да, іздеушісі, жоқтаушысы болмаса, ескерусіз қала береді, – деп күрсінетін ағамыз.
  Жарықтық Тұрсекең рух әлемінің қорғаны, іздеушісі, жоқшысы еді ғой.
 Ол кісінің ой-сана сәулесі қаншама көлеңкеде, қалтарыста қалып бара жатқан, көмескі тарта бастаған  қазыналарға жарығын түсіріп, бүкіл қазақ ұлтының рухани игілігіне айналдырды.
Ол кісінің жан нұрынан қаншама адам сусындап, қуат алып, қияға құлаш ұрды.
 Әдетте ескі тарихты, көне дүниені көп іздейміз ғой… Оның қадірі де бөлек.
Ал, жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы тарих күні кешегі нәрсе сияқты көрініп тұратыны бар. Шындығында, ең бір қайшылықты, күрделі, саяси құйтырқылыққа толы дәуір осы емес пе? Аласапыран, алашапқын кездегі саяси сұмдықтардың сыры әлі толық ашылып болған жоқ.
Ақ, қызыл, көк, жасыл болып қақыраған, ұлт азаттығы мен тап күресі сапырылысқан, адам түсінбейтін астан-кестең замандағы арпалыстар, алаш арыстарының, қазақ халқының қасіретті, қанды тағдыры қатпар-қатпар құпия болып жатыр емес пе?!
Міне, Тұрсекең сол сұмдық тарихқа шындық сүйгіш адал жүрегін шырақ қылып, кен ақыл, кең ойын таразы қылып, батыл басып кірді де, бар ғұмырын таза ғылым жолына сарп етті.
Қандай ауыр жүктерді қара нардай  қайыспай көтеріп, жиырма бірінші ғасыр биігіне алып шықты.

Қазақтың бақытына жаратылған,
Сау қалмай бас көтерген дара  тұлғаң.
Ғасырдың астан-кестең кезеңінде,
Жауыздық аран ашып аласұрған.
Туралған отаршылдық қылышымен,
Байың да, кедейің де, Алашордаң.
Ол заман ауыр болған азаматқа,
Құтылу мүмкін емес қалың сордан.
Бүгінгі батырларға оп-оңай-ау,
Жаланы оңды-солды жаба салған.
Орынсыз  күстәналау өткендерді,
Ақ жүрек, адал жанға жара салған.
Жетпіс жыл  ол да тарих, ел тарихы,
Өтірік емес қолдан жаза салған.

Кеңестік кер заманда ер қамалған,
Аққудай аспандағы құлады арман.
Бір кезде буырқанған ой сезімдер,
Тып-тыныш сөрелерде тына қалған.
Архивке ай маңдайы сәуле шашып,
Кәкішев ойға батып, қырға қонған.
Кеншідей тас қопарған тыным таппай,
Сарғайған сар қағаздан сұрақ алған.
Ғайбаттың тасқынына тосқауыл боп,
Қазақтың Толағайы тұра қалған.

Ерлердің елім деген жаны сұлу,
Түн тербеп, тау жаңғыртқан әні сұлу.
Тар кезде ар-намысын сақтап қалған.
Алаштың ұл-қызының бәрі сұлу!
Тұнғиық ойға батқан көзі сұлу,
Тым биік айға баққан сөзі сұлу.
Өлшеусіз сұлулыққа ғашық болған,
Тұрсынбек ағамыздың өзі сұлу!
 
Тұрсынбек Кәкішевтен айырылдық деуге бола ма?
Қазақ пен Тұрсекең ажырамас бір ұғым болып баяғыда тұтасып кеткен.
Таулар алыстаған сайын биіктей береді.
Аруақ алыстаған сайын жақындай бермей ме!
Тау тұлға тарих әлеміндегі өз орнына жайғасты.
Қазақтың абызы, әдебиеттану ғылымының алыбы, кең ақыл, биік ойлы, турашыл, шыншыл ғұлама, аяулы, саялы ұстаз енді бізге бұрынғыдан да ыстық, бұрынғыдан да қадірлі, қасиетті, киелі күйінде жақындай түскен тәрізді.
Жарықтық Тұрсекең  жиын-тойда бата берген сайын: «Лә хаулә уә лә қууата иллә биллаһ» деген дұғаны жиі айтушы еді. Аса діндар болмаса да, ғалымның аты ғалым, бірдеме білген ғой. Молдалар айтады: «Бұл – дұғаның төресі!» дейді. Иман нұрына бөленіп, жаныңыз жәннатта болсын,
аяулы аға!

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар