Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Судьяға қарап, сотқа баға береді - АРҚА АЖАРЫ

Судьяға қарап, сотқа баға береді

Қазақ халқының құқықтық жүйесінде билер сотының мәртебесі мен мәнін айқындайтын бірқатар айшықты қағидаттар мен нормалар қалыптасқан. Аталмыш құжаттарда халықтың құқықтық түйсігіне терең бойлап, мазмұны мен мәнісіне жете баға берілген. Мәселен, «Би төрт нәрсенің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік». Айтылған ойдың астарлы мағынасынан биікті бағындырып, аққа жақ болған судьяның тағдыры қандай болуы керектігін ұғуға болады. Жалпы, бүгінгі таңда өркениетті елдерде қалыптасқан өлшемдер негізінде таразыласақ, сот төрелігінің әділдігі және оның жедел әрі толық орындалуы кез келген елдің кемел болмысының көрінісі болып табылады.

Ал, оны жүзеге асыратын басты тұлға – судья. Сондықтан, әділдіктің айнымас жолында жүрген қазыларымыз судья әдебінің нормаларын қатаң ұстануы қажет. Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «ХХI ғасырда ұлтты дамытудың басты белгісі – мінсіз және тиімді сот жүйесі. Тәуелсіз және әділ сот – кез келген мемлекеттің қызмет желісі. Онсыз әлемнің бірде-бір мемлекетінде, ең дамыған мемлекеттерде азаматтардың жоғары деңгейдегі дәулеттілігі де, қоғамның табысты дамуы да, қолайлы инвестициялық ахуал да болуы мүмкін емес», – деп атап өткен болатын. Бұдан шығатын қорытынды, кез келген азамат сот жүйесі арқылы құқына қатысты мәселелерін әділ шешіп, өзін қорғай алуы қажет. Ал, бұл сот төрелігі жүйесін әлі де жетілдіре түсуді талап етеді.
Дана халқымыз «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» деп бекер айтпаса керек. Ендеше, ақиқат жолымен жүру, әділ қазылық ету – әрбір судьяның басты парызы. Қазы – халықтың ожданы. Демек, судьяның адамгершілік және моральдық-әдептік бейнесінен мемлекетіміздің мәртебесі айқындалады деп айтсақ артық болмас. Судья жұртшылықтың сот төрелігі жүйесіне деген сенімін нығайту мақсатында мінез-құлықтың жоғары деңгейін танытуға және оны жетілдіріп отыруға міндетті. Бұл дегеніміз жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың үйлесімді ұштасуын қамтамасыз ететін тәуелсіз сот төрелігін қолдау үшін негіз болып табылады. Екіншіден, сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі билік өкілеттіктерін қоғамнан өзіне қабылдай отырып, мінез-құлық әдебінің қағидаларындағы шектеулерді сақтауға ерікті түрде міндеттенеді. Олардың негізінде қазыларымыз кәсіби міндеттерін атқаруы кезінде және күнделікті өмірде, қызметтен тыс кезінде моральдық және этикалық әдеп өлшемдерін сақтау, сондай-ақ, сот билігінің беделін түсіретін, судьяның абырой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыруы кезінде оның объективтілігі мен бейтараптылығына күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен өзін аулақ ұстауға тиіс. Мұның бәрі судья әдебі кодексінің талаптарынан туындайды.
Судья әдебінің кодексі кәсіби-әдеп өлшемдерінің жиынтығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыруда және соттан тыс қызметтегі мінез-құлықтың судья үшін міндетті қағидаларын белгілей отырып, сот және судья әдебі нормаларын бұзу кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың кәсіби-әдептік стандартын айқындайды. Сондықтан, бүгінгі күні судья әдебі кодексінің сот төрелігін жүзеге асырудағы алатын орны маңызды. Қазіргі қолданыстағы судья әдебінің кодексі 2009 жылы қабылданған. Бүгінде Қазақстан Республикасы Судьялар одағы жаңа кодекстің жобасын әзірлеуде. Көлемі жағынан бұрынғыдан ауқымды бұл құжатта судья әдебінің нормалары егжей-тегжейлі реттеліп отыр. Яғни, жаңа кодекстің жобасында судьяның кәсіби қызметтегі, әкімшілік өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезіндегі және қызметтік міндеттен тыс кезіндегі мінез-құлқына қойылатын талаптар мен судьялардың жауапкершілігі арқылы ықпал ету шаралары көзделген. Кодекс жобасында судьяның абырой-беделіне ерекше көңіл аударылып, оның сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды және ар-ожданын басшылыққа алып, шешім қабылдау қажеттілігі көрсетілген. Ол өз қызметі арқылы азаматтардың бо-йында Қазақстан Республикасының Конституциясын, елдің заңдарын құрметтеу сезімін қалыптастырып, заңның үстемдік принципін орнықтыруға тиіс. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға, оның кез келген көріністеріне ымырасыз болуға міндетті.
Сонымен қатар, оның отбасы мүшелеріне байланыс-ты және судьялық міндеттерін орындауына кедергі келтірмейтін істерден өзге, басқа адамдардың істері немесе өзге де заңды мүдделері бойынша өкілетті өкіл ретінде әрекет жасауға құқылы емес. Судья өзінің дінге қатыстылығын танытпауы тиіс, сондай-ақ, өз қызметін жүзеге асыру, құқық немесе құқықтық жүйе мәселелері бойынша қарым-қатынас кезінде осыған мүдделі, заң шығарушы, атқарушы органдардың, бизнес-құрылымдардың өкілдері болып табылатын белгілі адамдармен қарым-қатынастарда өзінің деңгейін сақтауы керек.
Судья процеске қатысушылармен іс жүргізуден тыс қарым-қатынастардан аулақ болып, кәсіби беделі күмән тудырмайтындай мінез-құлықты ұстануы қажет. Қоғамдық пікір, судья қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында сынау оның шешімдерінің заңдылығы мен негізділігіне ықпал етпеуге тиіс. Судья сот актісін шығарғанға дейін істің мәні, айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, арыздың негізділігі не негізсіздігі туралы өзінің пікірін жариялы түрде білдіруге, сондай-ақ, соттардың заңды күшіне енген қаулыларына кәсіби қызметінен тыс жағдайда күмән келтіруге және судьялардың кәсіби әрекеттерін сынауға, өзінің міндеттерін атқару кезінде алған ақпаратты ашуға немесе жеке басының мақсаттарына пайдалануға, кеңесу бөлмесінің құпиясын және мемлекеттік құпияны жария етуге құқылы емес. Ең бастысы, қазыларымыз ұлттық және халықаралық құқық саласындағы білімін нығайту үшін қажетті шараларды жүзеге асыруы қажет. Бұдан халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған, ең тұрақты қоғам құру қажеттілігі туындайды. Біздің мақсатымыз да дәл сондай қоғам құру болып табылады.
Жаңа кодекстің жобасы  қазақстандық Фемида қызметшілерінің әдеп ережесін реттеп қана қоймайды, осы ережені бұзғаны үшін жауапкершілікті де анықтайды. Мәселен, Кодекстің 3-тарауында судья әдебі жөніндегі комиссияның ведомстволық бағыныштылығы, судьялар жауапкершілігінің негіздері мен оған ықпал ету шаралары көзделген. Сот жүйесін дамытуға, оны сыйлауға және сот тәуелсіздігін нығайтуға үлесін қосатын судьяның өзіне лайықты әдебі болуының маңызы зор. Мұның өзі мемлекеттегі соттың рөлін күшейту, қылмыстық қудалау органдарының қызметін бақылауды кеңейту, қоғамдағы соттар және сот жүйесі туралы қалыптасқан көзқарасты түбегейлі қайта қарау керек екенін аңғартады. Сондықтан, сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын  қорғайтын сенімді қалқанға айналуы ләзім.
Жалпы айтқанда, әңгімемізге арқау болып отырған басты тұлға – судья сот ісін жүргізу қағидатын басшылыққа ала отырып, істерді қарау мерзімін бұзуды қысқарту, сот төрелігінің сапасын арттыру, еңбек тәртібін және судья этикасының нормаларын сақтау, сот беделін көтеру туралы талаптарды үнемі бұлжытпай орындап, антына адал болуы керек. Кодексті қабылдау Қазақстан Республикасы судьялары съезінің ерекше құзыреті болып табылады. Сондықтан, судьялардың келесі съезіне дейін бұл кодексті мінсіз құжатқа айналдыру – басты міндет.
Әдеп қағидалары мен судьялардың мінез-құлық ережелерінің жаңа кодексін қабылдау елде Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын нақты орындаудан туындады. Олардың ішінде басты бағыттарының бірі сот реформасы болып табылады. 100 қадамды орындау мақсатында қабылданған жаңа заңдар сот жүйесін түбегейлі өзгертуге, оны тәуелсіз және тиімдірек етуге арналған. Сот қызметінің нәтижелері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар, экономиканың жағдайына, нақтырақ айтқанда, шетелдік инвестицияларды тарту мәселелеріне жағымды әсер етуі керек. Әділ соттың алдында тұрған жоғарғы және жауапты міндеттерді
Конституция мен заңдарды мүлтіксіз орындайтың, адалдық пен әділдікті қатаң сақтайтын, халық арасындағы беделі жоғары, моральдық нормаларды жоғары ұстайтын судьялар жүзеге асыруы тиіс.
Жоба судьяның кәсіптік және моральдық келбетіне қоғамның зор талаптарын ескеріп әзірленген Кодексті қабылдау биліктің сот тармағына қоғам сенімінің негізі ретінде судьялардың іс-әрекеттерінің ортақ әдеп  стандарттарын орнату мақсатын көздейді. Жоба 5 тарау және 33 баптан тұрады. Кодексте орын алған қағидалар және ережелер атқаратын қызметтерінен тәуелсіз барлық судьяларға, сонымен қатар отставкадағы судьяларға міндетті болады. Судьяның әдеп қағидалары мен ережелерді бұзу фактісі азаматтардың және ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің лауазымды тұлғаларының өтініші бойынша қабылданған сот қоғамдастығының уәкілетті органының шешімінің негізінде ғана расталуы мүмкін. Одан басқа уәкілетті орган бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары бойынша жеке бастамасымен судьяның әдеп қағидалары мен іс-әрекеттер ережелерін бұзу фактісін қарастыруға құқылы.

Мәди КӨШІКБАЕВ,
Көкшетау қалалық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар