Маңдай тердің қайтарымы

Облысымыздың жекелеген шаруашылықтары күзгі орақ жұмыстарын бастап та кетті. Зеренді ауданының диқандары да жауапты науқанға ұйымшылдықпен кірісіп, бітік өсірілген астықты еш шығынсыз жинап алуға бар күш-жігерлерін жұмсауда.

Биыл аудан бойынша 181,6 мың гектар алқапқа дәнді дәнді дақылдар себілсе, 50,9 мың гектарға майлы дақылдар сіңірілген. Агротехникалық шараларды талапқа сай уақытында әрі сапалы өткізудің нәтижесінде ауыл шаруашылығы құрылымдары бітік астық өсіруге қол жеткізді. Күзгі жиын-терін жұмыстарына мұқият дайындалған зеренділіктердің техникалары да толығымен әзір. Биылғы жылғы егін орағына 475 комбайн жұмылдырылмақ, соның ішінде 78-і шетелдік жоғары өнімді техника. Ауданның он бір округінде жекелеген шаруашылықтар егінді дестеге жығуға кіріссе, «Асно Көкше» және «Дихан Полюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері дәнді дақылдарды бастыруда. Егін шығымдылығы әзірше гектарына он сегіз центнерден айналуда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қойайдар Ошағановпен «Сымбат» (жетекшісі Қонысбай Есжанов), «Айжан» (Жұмабек Төлеубаев) шаруа қожалықтары мен «Химик» (Иван Поздняков) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптарын аралап көргенімізде, ауыл еңбеккерлерінің ерен еңбектерінің арқасында жақсы астық өсірілгеніне көз жеткіздік. Шаруашылық жетекшілерінің айтуынша, көктемгі егіс жұмыстары мен жаз айларындағы алқаптарды дәрілеу, минералдық тыңайтқыштарды сіңіру сияқты агротехникалық шаралар талапқа сай жүргізілген. Күзгі егін орағына да әзірліктері ойдағыдай. Науқанға қатысатын техника да    толығымен дайын.
– Енді бірер күндерден соң алқаптардағы астықты жинауға жаппай кірісеміз. Мақсатымыз – ауа райының қолайлы сәттерін ұтымды пайдаланып, маңдай терімізбен өсірілген ырыздығымызды еш шашау шығармай жинап алу, – дейді диқандар бірауыздан.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар