«ТNК агрофирмасы» холдингінің құрамына кіретін «Урожай» ЖШС Жақсы ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын іргелі кәсіпорын. Қазіргі күні онда 270 адам тұрақты жұмыс істейді, ал, күзгі астық жинау маусымы кездерінде жұмысшылар саны 300-ден асады. 230 мың тонна астық тазартатын элеваторы мен астық сақтайтын қоймалары, үш диірмені мен наубайханасы бар.
Серіктестік директоры Ғабиден Бірәлиннің айтуынша, қазір элеваторды алдағы астықты қабылдау науқанына дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні дайындықтың 90 пайызы аяқталған. Астықты тазартып сақтау және сатумен айналысатын аудандағы ғана емес, облыс аумағындағы ірі элеватордың бірі болып отырған «Урожай» серіктестігі негізінен «ТNК агрофирмасы» холдингіне кіретін шаруашылықтардың астығын қабылдайды екен. 200 мың гектардан астам егістігі бар агрофирманың астығы элеваторды жыл бойы толыққанды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Серіктестіктің 2014 жылы пайдалануға берілген диірмені облыстағы серпінді жобалардың қатарына енген болатын. Жалпы, бүгінгі күні мұнда үш диірмен жұмыс істейді. Тәулігіне 520 тонна ұн тартылады. «Урожайдың» ұны еліміздің аумағынан тыс іргелес Ресей мен Қытайға, Орта Азия республикаларына, Ауғанстан мен Иранға шығарылуда.
Малға қажетті құрама жем шығару да жолға қойылған. Құрама жем шығаратын ресейлік қондырғы орнатылып, тәулігіне он тоннадай құнарлы жем шығарылады. Құрама жемге деген сұраныс та жоғары болып отыр. Құнарлы мал азығын алуға ниетті шаруашылықтар ауданды былай қойып, іргелес Атбасар, Есіл, Жарқайың аудандарынан да көптеп
табылуда.
«Урожай» серіктестігі астықты тазартып сақтау, диірменде тартып ұнға айналдыру, одан кейінгі пісіріп, нанға айналдыруға дейінгі жұмыстарды түгел атқаратын кең ауқымды кешен. Серіктестік наубайханасында бір ауысымда 1200 бөлке бірінші сортты, 520 бөлке екінші сортты нан және 310 батон мен 300-дей тәтті тоқаш дайындалады. Серіктестік наубайханасы аудан орталығы мен іргелес елді мекендердің тұрғындарын арзан, әрі сапалы нанмен қамтамасыз етіп отыр.
– Төрт нан пісіруші екі ауысымда жұмыс істейміз. Біз пісірген нан бірден дүкендерге жөнелтіледі, – дейді нан пісіруші Олеся Копорикова. Бес жылдан бері наубайханада жұмыс істеп келе жатқан ол жұмысқа қажетті жағдайлардың бәрі жасалғанын айтты. Серіктестік директорының айтуынша, қазір жаңа наубайхана салу қолға алынып жатыр екен. Ғимарат құрылысы біткен кезде жаңа құрылғылар орнатылып, сонда көшірілмек.
Жаңа құрылыс демекші, серіктестік өз жұмысшыларына арнап екі қабатты жатақхана салыпты. Қазір құрылысы толық аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші қабатында асханасы бар жатақханада жекебастылармен бірге отбасылар да тұрмақ. Бір-екі бөлмелі оқшауланған пәтер типті бөлмелерде барлық жағдай қарастырылған.
Серіктестік өз жұмысшыларын көмірмен, малы үшін қажетті жемшөппен қамтамасыз етуді мойнына алған. Маусымдық қауырт жұмыс кезінде асханадан тегін тамақ беріледі. Оған қоса, еңбек демалысына шыққанда Мойылды шипажайына тегін жолдама беріледі. Технолог, инженер сияқты кәсіпорынға қажет мамандықтарды алғысы келетіндерді оқуға жіберіп, оқу ақысын төлеуді де серіктестік мойнына алған. Жыл қорытындысына сай берілетін көтерме сыйақылары да бар. Бір сөзбен айтқанда, мұнда жұмысшыларға қажетті жағдайлар жан-жақты қарастырылған. Содан болар, жұмыстан кету деген мүлдем болмайды екен. Кәсіпорын алғаш құрылған кезден бері табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан Төлеген Салықов, Қайрат Жұмабеков, Григорий Елаев, Татьяна Петинская сияқты жұмысшылар көп.
Заман талабына сай жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, табысты жұмыс істеп келе жатқан іргелі кәсіпорынның жеткен жетістіктері жетерлік, болашақта алар асулары да аз болмасы анық.