Биыл тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өткелі отырған еліміз осы кезең ішінде әлеуметтік-экономикалық салада ауыз толтырып айтарлықтай көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бет-бейнесі адам танымастай өзгерген облыс орталығы Көкшетау қаласында тәуелсіздік жылдарында салынып, пайдалануға берілген әлеуметтік нысандар аз емес. Солардың бірі – №1 қалалық емхана. Қазіргі заманғы талапқа сай сәулетпен салынған және шетелдік ең озық үлгідегі құрылғылармен жабдықталған, білікті мамандар еңбек ететін емхана бүгінде облыстағы медицина саласындағы ең алдыңғы қатарлы мекемелердің бірі болып отыр. Бұл емхананы денсаулық сақтау саласында 26 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Сүлен Жеңісұлы Ілиясов басқарады.
«2013 жылы пайдалануға берілген емхана тізгінін қолыма алғанда 23 адам қызметке кірістік. Мамандарды қайдан аламын деп сол кезде қатты қиналған едім», – деп есіне алады емхананың бас дәрігері. Бүгінде мұнда 547 адам қызмет істейді. Олардың 113-і жоғары білімді дәрігерлер. Дәрігерлердің 43-і жоғары санатты, 18-і бірінші санаттағы мамандар. Ал, емханада еңбек ететін 264 орта буынды медицина қызметкерлерінің 42-сі жоғары санатта еңбек етуде. Дәрігер мамандармен жүз пайыз қамтамасыз етілген облыстағы санаулы медициналық мекемелердің бірі осы Көкшетау қалалық №1 емханасы. Мұндай жетістікке емхананың облыс орталығында орналасуы әсер еткен десек те, мәселені шешуге бас дәрігердің ұйымдастырушылық қабілет-қарымының да үлкен ықпалының болғандығы анық. Медициналық жоғары оқу орындарымен келісім-шарт жасап, жас мамандарды қызметке шақырып, оларға қамқорлық жасау, жаңа ортаға бейімделіп тұрақтап қалуына жағдай туғызу – осының бәрі бас дәрігердің басшы ретіндегі ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында келген жетістіктер екендігі анық.
2014 жылдың қорытындысы бойынша емхана аурудың алдын алу және емдеу жұмыстарына сай облыстағы ең үздік медициналық мекеме атанды. Ал, 2013 жылы медицина саласының көшбасшысы сертификатын алғандығын да атап өткен артық болмас. 2015 жылы емхана аккредитациядан сүрінбей өтіп, бірінші санатты медициналық мекеме атын алды. Міне, осылайша ашылып, жұмыс істей бастағанына бірнеше жыл ғана болған медицина мекемесінің қол жеткізген толағай табыстары №1 Көкшетау қалалық емханасының деңгейін анық көрсетіп тұрғандай.
Емхананың бас дәрігері Сүлен Жеңісұлы емхананы өзі бас болып аралатып көрсетіп, атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңалықтарын, жетістіктерін жан-жақты баяндап берді. «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей-ақ, емханаға келген адам ең алдымен тіркеу бөліміне ат басын тірейді. Ертеректе учаскелік дәрігердің қабылдауына тіркелу үшін таң атпай келіп, сағаттап кезек күтетініміз есімізде. №1 қалалық емханасында бұл мәселе заман талабына сай оңтайлы шешімін тапқан. Емделушілер қабылдауға тіркелу үшін үш түрлі тіркелу нұсқасының қалағанын таңдайды. Ең алдымен, сіз телефон арқылы үйіңізде отырып-ақ дәрігердің қабылдауына тіркелуіңізге болады. Сондай-ақ, емхананың gp1.akmol.kz сайты арқылы интернеттен де тіркеле аласыз. Болмаса емханаға келіп терминал арқылы жазылуға мүмкіндігіңіз бар. Мұндай терминалдар емханада ғана емес, «РИО» сауда орталығына, «Сырымбет» дүкеніне де қойылған. Оған қоса, Android смартфоны арқылы да дәрігердің қабылдауына жазылуға болады. Осылайша, емхана қызметін пайдалану үшін мұнда келіп, кезек күтіп табаныңызды тоздырмай үйіңізде отырып немесе жақын маңдағы сауда орындарындағы терминалдар арқылы, болмаса смартфоныңыздан-ақ тіркелуге мүмкіндік бар. Бұның бәрі адамдарға қолайлы болу үшін жасалған жеңілдіктер екені даусыз.
Бүгінгі күні емханада сегіз бөлімше қызмет көрсетеді. Атап айтқанда: екі терапевтік, педиатрлық, арнайы мамандандырылған, хирургиялық және гинекологиялық бөлімшелер қызмет етуде. Сонымен бірге, емханаға Станционный кенті мен Бірлік ықшам ауданындағы дәрігерлік амбулаториялар да қарайды. Емхана жалпы ауқымы 76 мың 362 адамға дәрігерлік қызмет көрсетуде. Осылайша бүгінде 130 мыңдай тұрғыны бар облыс орталығының халқының жартысынан көбі осы емхананың медициналық
қызметін пайдаланып отырған жайы бар.
2014 жылы емхананың хирургиялық бөлімшесінің базасында амбулаториялық хирургия орталығы ашылған еді. Орталықта наркоз арқылы травмотологиялық және урологиялық көптеген күрделі оталар жасалады. Ал, 2015 жылдың ақпан айында осы орталықтың базасынан жеті орындық күндізгі стационар ашылып, қызметке кірісті. Онда аурулар ота-дан кейінгі қалпына келтіру кезеңінде күндіз дәрігердің бақылауында болып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік жасалған.
2014 жылы емханадан ақылы қызмет көрсету бөлімшесі ашылды. Осы ақылы қызметтің арқасында тапқан қаржыға 21 каналды компьютерлі электроэнцефалограф, наркоз аппараты, Surgitron радиотолқынды хирургиялық құрылғысы сатып алынды. Осылайша нарық талабына сай ақылы қызмет түрін көрсету емхана қызметінің мүмкіндігін арттыра түсті.
2015 жылдың ақпанында қалпына келтіру және медициналық реабилитация бөлімшесі ашылып, жұмыс істей бастады. Онда инсульттен кейін және миына зақым келген науқастар денсаулықтарын қалпына келтіре алады. Миына зақым келген балалар Калифорниялық мамандар ойлап тапқан «ми жаттығуларымен» айналысады. Бүгінгі күні мұндай тәсіл остехандроз, ВСД және ДЭП сияқты дерттерді емдеуде кең қолданылады. Мұнда ауруларды емдеудің қазіргі заманғы амал-тәсілдерін пайдалануға да жете көңіл бөлінген. Әрбір сенбіде топтар бойынша диафрагмалық тыныс алу және жалпы ағзаларды дамытуға арналған аутотренинг жаттығу сабақтары өткізіледі. Сонымен бірге, 55 жастан асқандарға арналған
СЕНИОР және аэробика сабақ-жаттығулары өтіп тұрады.
Емхана қазіргі заманғы ең озық және жетілген медициналық құрылғылармен жарақталған. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қаржылық қолдаудың арқасында осындай ең озық құрылғыларды орнатып, пайдалануға мүмкіндік туып отыр. Бас дәрігер кабинеттерді аралата жүріп, сондай құрылғылармен, оның жұмысымен таныстырды. Осындай құрылғылардың бірі биохимиялық анализатор. Бұл құрылғының көмегімен қан құрамындағы холестерин мөлшері анықталады. Лаборант Айда Хамзина зертханада осы құрылғы орнатылған кезден бастап қызмет етіп келеді екен. Бұрын қан тапсырғаннан кейін оның нәтижесін біраз уақыт күту қажет болса, қазір бұның бәрі автоматтандырылған.
Емханада іске асырылған тағы бір елеулі жаңалық – қалпына келтіру палатасының ашылуы десек болады. Түрлі тренажерлар орнатылған кең бөлме спорт залын еске салатындай. Медбике Айгүл Айкенованың айтуынша, мұнда бүгінде жиі кездесетін остехандроз, радикулит, грыжа сияқты дерттерді дәрісіз емдеуге мүмкіндік бар. Күніне жарты сағаттық екі жетілік сеанс-тан өткен науқас дертінен кәдімгідей айығып қалады екен. Олар дәрігер мен медбикенің бақылауымен тренажерларда, басқа да құралдар арқылы түрлі қимылдар жасайды. Бұндай жаттығулардың аурудың алдын алуға да, одан емдеуге де көмегі тиеді, – дейді медбике Айгүл Айкенова.
Буын ауруларын емдеуге арналған БТЛ, яғни, толқынды соққы терапиясы деп аталатын құрылғының бағасы алты миллион теңгенің үстінде. Бұл құрылғы қазіргі күні хирургиялық операцияларға балама әдіс ретінде пайдаланылуда. Бұрын медицинада жиі қолданылатын жүрек соғысын бақылайтын статоскоп деген құрылғыны ауыстыратын портативті доплер еш қиындықсыз жүрек соғысы мен қан қысымын анықтауға мүмкіндік береді. Емханада қолданылып жатқан қазіргі заманғы құралдарға қарап, медицина саласының қаншалықты дамығанын бағамдауға болатындай.
«Электронды Үкімет» бағдарламасы аясында қағазбастылықтан құтылу бағытында да емханада үлкен шаруалар қолға алыныпты. Бас дәрігердің айтуынша, енді аз уақыттан кейін келушілерге арналған ауру тарихы жөніндегі қағаз журналдар түгел жойылып, бәрі компьютерлік базаға енгізілмек. Осылайша ендігі уақытта науқас жеке басы туралы куәлігін көрсетсе болғаны ортақ базадан ол туралы барлық мәліметтер шығады. Науқас өз ауруының тарихын диск немесе флешка сияқты тасымалдаушыларға жазып
алуына да болады.
Бес жүзден астам адам еңбек ететін емханада ұзақ жылдар медицина саласында жұмыс істеген тәжірибелі мамандар аз емес. Қырық жылдан астам осы саланың ыстығы мен суығына төзіп келе жатқан дәрігер-терапевт Татьяна Степанова, 34 жыл бойы үзбей қызмет етіп келе жатқан дәрігер-терапевт Гүлсім Жүсіпова, биыл дәрігерлік қызметіне қырық жыл толған дәрігер-терапевт Ирина Волкова сияқты ардагерлерін ұжым ардақ тұтады. Емхана күніне 1200-1400 адамға қызмет көрсетеді екен. Рас, мұнда да аздап кезек бар, дегенмен, ертедегідей сағаттап күту келмеске кеткен. Жаңа емхана, барлық жағдай жасалған, материалдық базасы жоғары десе де, бас дәрігер шешімін күткен мәселе де жоқ еместігін айтты. Ол – екі ғимараттың арасын қосатын өткел жай салу. Мемлекет тарапынан медицина саласына бүгінде үлкен қолдау көмек жасалып отырғанын ескерсек, бұл мәселенің болашақта шешімін табарына күмән жоқ.
Иә, емхана – елдің керегі. Тәуелсіздік жемісі болып табылатын жаңа емдеу орны ел көңілінен шыға беруіне біз де тілектеспіз.
Қалкөз ЖҮСІП.