Ақмола облысының делегациясы Алматы облысының Талғар ауданында өткен «Ұлы дала рухы» халықаралық этнофестиваліне қатысып келді деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы аймақтық коммуникация қызметі.
Фестиваль еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы аясында өткізілді. Шара шеңберінде көкпар, қыз қуу, бәйге, теңге алу сияқты ұлттық ойындар мен қазақ халқының тарихынан сахналық көріністер көрсетілді. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық қолөнері мен тағамдарына арналған көрме ұйымдастырылып, көпшіліктің назарына қазақ әндері мен билерінен концерттік бағдарлама ұсынылған бұл фестивальға Венгрия, Қытай, Ресей, Түркия, Украина, Қырғызстан және Германия елдерінен қонақтар қатысты. Олар осы жолы қазақ елінің салт-дәстүрімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды.
Фестиваль барысында астаналық облыста «ЭКСПО-2017» аясында өтетін шараларға қажетті фотосуреттер мен бейнетүсірілімдер, басқа да ақпараттық материалдар жинақталуына қол жеткізілді.
Ақмола облысының делегациясын бастап барған облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырхановтың айтуынша, фестиваль жоғары деңгейде, есте қаларлықтай болып өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.