Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы бірқатар тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.

Қала келбеті жақсара түсуде

Облыс әкімі алдымен Абылайхан даңғылында орналасқан №30 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмысына көңіл бөлді. Қала әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, биылғы жылы облыс орталығында онға жуық тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары қолға алынған.

Оның ішінде Абылай хан даңғылындағы өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген № 30 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылуда. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарын «Инженер Дор Проект»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып, 12 миллион теңгеге жөндеуде. Үйдің кіре берісінен бастап Абылай хан даңғылына дейін тротуарлар қалпына келтіріліп, бедер тастар төселуде.
Аталған жұмыстардың барысымен танысқан аймақ басшысы соңғы 3 жыл қатарынан Көкшетау қаласында тұрғын үй аулалары қалпына келтіріліп жатқанын атап өтті.
– Аулаларды жөндеу жұмыстары кезінде міндетті түрде тұрғындармен ақылдасып, пікірлеріне құлақ түру қажет. Тұрғындардың оған құқысы бар. Адамдардың аулада өздерін жайлы сезініп, таза ауада демалуы үшін ағаштарды көптеп отырғызу қажет. Келер жылы да қаланы абаттандыруға қаражат қарастырамыз.  Одан әрі тұрғын үй ауласы, газгольдерлер және лифті шаруашылығы мен бейнебақылау камерасын орнату жұмыстарына көңіл бөлетін боламыз, – дей келе облыс әкімі мердігерлерге жөндеу жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы орындауды тапсырды.
Осы күні Сәдуақасов көшесінің бойындағы аллея мен Әуелбеков көшесінің бойындағы №126 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру, Қопа көлінің жағасымен өтетін Горький көшесінің бойында қалпына келтіріліп жатқан инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Мұнда да облыс әкімі қала тұрғындарымен кездесіп, абаттандыру жұмыстарының сапасы туралы сұрап білді. Осы орайда, зейнеткер Әнуәрбек Жәкетов 30 жылдай жөндеу көрмеген үйінің ауласы абаттандырылып жатқанына тұрғындар атынан облыс және қала басшылығына алғысын білдірді.
– Бұрындары үйге кіріп-шығу үлкен проблема болатын. Аздап жаңбыр жау-са, көктем және күз айларында көк салпақ кезінде есік алды езіліп жүру мүлдем мүмкін емес еді. Әсіресе, өзім сияқты қарияларға далаға шығу аса ауыр тиетін. Енді міне, тас төселгелі жатыр. Жарық ол тартылмақ. Бәрі тамаша. Оған қоса, бейнебақылау камерасын орнатамыз дейді. Осындай игі істерге қол ұшын созып отырғандардың барлығына тұрғындар атынан алғысымды білдіремін, деді қария.
Облыс әкімі қала басшылығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін үйлердің тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырды. Әсіресе, тұрғындарды сенбілікке,  көгалдандыру жұмыстарына белсенді  тартуға шақырды.
Бұдан кейін облыс басшысы биыл 25 жылдығын атап өткен өңірдегі іргелі кәсіпорын саналатын «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының алькоголсіз сусындар шығаратын зауытында болды. Сондай-ақ, «Қазақстандық агроинновациялық корпорациясы» мен «АгроИнтерТех» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларын шығаратын өндіріс орындарын аралап көрді.
Осы күні аймақ басшысы Көкшетаудағы Қопа көлінің жаға-сында салынып жатқан жаңа шіркеудің құрылыс алаңында болып, мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды. Аталған шіркеудің қасынан жексенбілік мектеп ашылмақ.  Қазіргі кезде нысанның ірге тасы қаланып, қабырғалары тұрғызылуда.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар