Білім биігіне бастаған білікті басшы

Тоғызыншы сыныпты тәмамдаған бозбаламыз. Алаңсыз өскен ауыл баласының санасында не бар дейсің, шаһардың салтанатын тамашалап, сайран саламын деген жеңіл ой. «Балам, сенің болашағыңа зор үмітпен қараймыз, өмірде барлық мақсатыңа жету үшін жақсы оқуың керек» деген анамның тілегі селтең ойды су сепкендей басты. Құлын көзіміз жәудіреп, арман арқалап, ауылдан қалаға тарттық. Білетіндердің айтқанымен, №3 автобусқа мініп, Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжіне бағыт алдық. Өңі жараспаса да, әлі де болса бойында өктемдігі байқалатын сары келіншек кондуктор екен.

Бастан аяқ сынай қарап, «Вы в «Казпед» едете?» деп сұрақ тастады. Ойбай-ау, бұл қайдан біледі, көріпкел екен өзі деп, ауылдық аңқаулықпен «иә» деп ауыз жиып үлгергенше, әлгі әйел жұлып алғандай: «Деревенские все там учатся» деп мысқылдады. Қара қазанымен қаланы асыраған ауыл баласына неге мүсіркей қарайды? Бойды намыс кернеді. Ашуға булығып, ішкі арпалыспен соңғы аялдамаға да келіп жеттік.
Ә дегеннен «Қазақ колледжі» деген аты бар, мемлекеттік тілде білім беретін, болашақ ұстаздарды ұядан ұшыратын оқу ордасына орталықтан орын бұйырмаған ба деген ой келді. Неліктен шетте екен?! Кім білсін…
Қажетті құжаттарды тапсырып, емтиханнан ойдағыдай өттік. Осылайша бір шәкірті болып қара шаңырақтың табалдырығын аттадық. Дәліздерден шыққан қасиетті қара домбыраның күмбірлеген сазды әуені, қазақи қалыптағы ұстаздар, жанарында жігері бар жастар жаныма жақын көрінді. Ең бастысы, ұлттық ұлағат пен ұстаздық ілімді ұштастырудың жарқын үлгісін көрдім.
Басы-қасында тыным таппай Нұр-ағам жүр. Колледж директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Нұртас Ахатұлы. 1993 жылдан күні бүгінге дейін колледжге жетекшілік етіп келеді. Осы уақыт аралығында оқу орны елеулі табыстарға қол жеткізді. Техникалық және кәсіптік білім беретін колледждер арасында облыста бірінші болып халықаралық институционалды аккредиттаудан өтті. Білім ордасы материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағынан республика бойынша үздіктердің қатарында.
Оқытушылар мен студенттер облыстық, республикалық, қала берді, халықаралық түрлі байқауларда қанжығаларын майлаудан танбай келеді. Өткен оқу жылы білім ошағы 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Естігені болмаса, көзбен көрмегендер колледжге барып, оның даму қарқынына қайран қалды, ұйымдастырылу деңгейін бас бармақпен бағалады. Қайта жаңартылып, сәулеті жарасқан, еңсесі биік оқу ордасы алыстан менмұндалап тұр. Тіпті, кезінде шет көрінгенімен, бүгінде колледж қонған қырат биіктей түскен сыңайлы.
Колледж  түлектері болса, еліміздің түкпір-түкпірінде жас ұрпақты білім нәрімен ойдағыдай сусындатып жүр. Ұстаз деген ұлы мамандықты абыроймен аялап  келеді. Облысымыздың әрбір мектебінде ширек ғасыр ішінде тамырын тереңге жайып үлгерген осы мекеменің ізі жатыр.
Осы күндері 55 жасты еңсеріп отырсыз, Нұр-аға! Колледжіңіздің бүгінгі жетістігі көп жылғы қажырлы еңбегіңіздің мәуелі жемісі. Білім мен ілімнің талай биігін бағындырдыңыз. Алда да алам деген биіктеріңіз бар. Осы таяуда  ғана баспа жүзін көрген кітабыңыздағы орманда өсіп, тауға құмартқаныңыз содан шығар?! Бұл Сіздей азамат үшін тағы да жақсылықтың нышаны!
Р.S. Жақында ғана кездейсоқ баяғы автобус кондукторы – сары әйелді көрдім. Есімде қалып қойыпты. Тура сол. Көп қабатты көрші үйде тұрады екен. Егде тартыпты. Өзара әңгімелесіп отырған әжейлерге: «Немерем қазақ тілін меңгеріп, Көкшетау педагогика колледжіне түсті»,  – деп марқайып отыр. Бір кездері мүсіркеген жанның тәубеге келгеніне мен де іштей қуанышты едім…

Берік ӘБДІЛМАНОВ,
колледж түлегі, «Қазақстан»
РТРК АҚ  Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар