Достық пен өнер мерекесі

Ингушетия Республикасының Қазақ-стандағы мәдени күндері  аясында  «Көкшетау» мәдениет сарайында «Ингушетия» мемлекеттік халық би ансамблінің және өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт болып өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Елордадан бастау алған Ингушетия Республикасы мәдениетінің күндері бұған дейін Қарағанды облысында болды. Астаналық облыста меймандар  алдымен Щучинск қаласында болып, содан кейін Көкшетау қаласында өнер көрсетті. Бұл күндері мемлекетімізде 17 мыңнан астам ингуш ұлтының өкілі тұрса, оның бес мыңға жуығы Ақмола облысында. Сондай-ақ, Ингушетия Республикасының тұңғыш Президенті, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушев Көкше өңірінің тумасы.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов «Достық үйінде» өткізілген дөңгелек үстелде: – Біздің өңірдің тұрмыс-тіршілігіне ингуш ұлтының өкілдері де белсене араласып, әртүрлі салада жемісті еңбек етуде. Мәселен, Родина селолық округінің әкімі Белла Газдиева, білікті дәрігер-невропотолог Макшарил Мартазанов, ұстаз Любовь Ахриева өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы қызметкерлері Алихан Котиев, Хасан Бузартанов, Жамул Мусханов сондай жандар, – дей келе, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарға тоқталды.  – Қазақстанда туыстарымыз көп. Сонау 1944 жылы ингуш халқы қазақ жеріне жер аударылғандығы белгілі. Осы бір қиын кезеңде қазақтар ингуштарды жылы қабақпен қарсы алып, барымен бөлісті. Соның арқасында Қазақстандағы ингуштар аман қалып, салт-дәстүрін ұмытпай, осы жерде ұрпақ өрбітті. Қазір де берекелі ғұмыр кешуде. Осыған мүмкіндік беріп отырған Қазақстан халқына  алғысым зор, – деді өз кезегінде «Ингушетия» мемлекеттік халық би ансамблінің директоры Магомет-Башир Досхоев.
– Осыны «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің Ақмола облысындағы қоғамдық орталығының төрағасы Герихан Яндиев те баса атап өтті. Бұдан әрі «Көкшетау» мәдениет сарайындағы концерт  «Ингушетия» мемлекеттік халық би ансамблінің «Рассвет в горах» атты көркем туындысымен ашылды. 20 жыл ішінде көптеген елдерді гастрольдік сапармен  аралаған би ұжымы өздерінің шеберліктерімен, әсем киімдерімен, тартымды билерімен бірден көрермендердің көзайымына айналды. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі – Руслан Гадаборшев. Концертті Ингушетияның халық әртісі Алаудин Эсмурзиев «Ассалаумағалейкум» әнімен жалғап, бұдан әрі Рахман Беков, Рагда Ханиева, ингуш, ағылшын тілдерінде ән шырқады. Осылайша Көкше жұрты ингушдардың тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды.
Салтанатты кеш соңында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов «Ингушетия» халықтық биі ансамбліне облыс әкімі Сергей Кулагиннің және барша Көкше жұртының атынан алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті. Ингушетия Республикасының Мәдениет және мұрағат ісі министрлігінің өкілі Руслан Боков өз кезегінде жылы қабылдаулары үшін ақмолалықтарға ризашылығын жеткізді.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар