Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жан сарайы жарық күн - АРҚА АЖАРЫ

Жан сарайы жарық күн

Қамия әжей шаңырақ шаттығы өзара сыйластықта деп біледі

Бүгінде өзінің қара шаңырағын көреген ақыл-парасатымен, данагөйлігімен ұйытып отыратын аналары бар өнегелі отбасылар аз емес. Қазақтың ұрпағына ұлағат айтып, саналы тәрбие беретін қариялары мен аналары ел болашағына ешқашан бейжай қарамаған. Себебі, біз «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, тәлім-тәрбиені әріден бастаған қазақтың ұрпағымыз.

Тағдыр тауқыметін көп көрген Қамия Жапарова 1935 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Талдыкөл ауылында дүниеге келіпті. Бұрын тұңғыш баланы атасы мен әжесі немеремнің алды деп, бауырына салатын әдет болған. Кәрібай атасы да кішкентай Қамияны бауырына басып, мәпелеп өсіреді. Қазақтың қисса-дастандарын жатқа айтатын қария немересін халық ауыз әдебиетіне баулиды, домбырамен ән айтуға үйретеді.
Қамия Қажымұратқызы 1952 жылы өмірлік серігі Жаманшалмен бас қосып, шаңырақ көтереді. Тарих басқа салған қиыншылықтарды жастай көрген олар балаларының көп болғанын армандаған.
–Ертеде аға-апаларымыз бала санын санамайтын. Тіпті, біреу келіп, «неше балаң бар?» десе де, көз тиеді деп «шүкір, жетеді ғой» дегеннен әрі аспаған. Мен де бұрын ешкімге  бала санын айтпайтынмын. Оның үстіне он төрт құрсақ көтерсем де, бесеуі жастайынан мына жарық дүниеге сыймай кетті. Қазір тоғызы әртүрлі салада қызмет етеді, өздерінің отбасылары, бала-шағалары бар, алды зейнетке де шықты, – дейді әжей. Өзінің бөлмесінде ілініп тұрған суреттерге қарап, «апай, немере-шөберелеріңіз қанша? дедім мен. Ақырын ғана күлімсіреп, маған немерелерінің жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктерін айтып, мерейлене бастады. Әдеп-ғұрыпқа берік әжей,  маған бұл жолы да «бары осы, әлі де болады ғой» деп нақты санын айтпады.
Батыр ана – Қамия әжей бір кезде елу екі жыл бойы бір шаңырақ астында өмір сүрген жолдасы Жаманшалдың суретін алып шығып, ұзақ қарап отырды. «Өмірдің ащы-тұщысын бала жасынан жетім қалып, көп көрген «жаман шалым» мінезі қатты, айтқанынан қайтпайтын, бір-ақ сөйлейтін, тәртіпке мықты адам болды. Қыздарымыз тұрмысқа шыққаннан кейін амандық-саулығымызды білуге үйге келіп жүреді ғой, сонда өзі рұқсат бермейінше, олар бөлмесіне кірмейтін. Тіпті, қыздарым әкелерінің көзіне тік қарауға ыңғайсызданатын» дейді. «Иә, ол кездегі тәрбие солай еді ғой. Аналарымыз әкемізге қарсы келмеуге, оны ер адам деп сыйлауға тәрбиелейтін. Қыз бала тәрбиесіне қатал қараған әкелеріміз болса, қашанда бізден мейірім-шуағын аямайтын».
Сақып, Мейіз, Маржан, Гүлжан, Гүлнәр, Ләззат есімді қыздары бүгінде бір-бір шаңырақтың от-анасы, ұйытқысы болып отыр. Әрқайсысының өз жолы, өз мұраты, өзіндік жеткен жетістіктері бар. Бүгінде олар да бала-шағаларының қызық-қуанышына бөленіп отырған ардақты аналар.
– Әкеміз қыздары, анамыз ұлдары десе жанын беруге әзір тұратын. Бүгінде барлығымыз бір жерде жинала қалсақ, анамыз ұлдары Арман, Қорған, Сайран үшеуіне және олардың келіншектері Сұлушаш, Жанар, Олесяға жақын тұрады. Анамыздың келіндеріне деген қарым-қатынасына қызғанып қарайтын да кезіміз болады, –дейді үлкен қызы Сақып.
Ата-бабамыз әу бастан-ақ «келіннің аяғынан» деп жас түскен келінге сын көзбен қарайтын. Бірақ, келіннің келген шаңырағына сіңісіп кетуіне енелерінің беретін тәлім-тәрбиесінің орны зор болатын. Зерделі ене Зере мен ұлағатты ана Ұлжан арасындағы ене мен келін ретіндегі сыйластық пен татулық әр отбасына үлгі-өнеге емес пе!
Қамия әжей мен Жаманшал ата үлкен ұлдары Арман үйленгенде келіні Жанар екеуін қолдарында ұстап, олардан туған тұңғыш немерелері – Алмасты дәстүр жалғастығымен бауырларына салған.  Одан кейін түскен келіні Сұлушашпен де он жылдан астам уақыт бірге тұрып, аналық парызын атқарып, оның білмегенін үйретіп, қызындай сырласып, тату-тәтті өмір сүріпті. –Келіндерім менің ұлдарымның таңдаған өмірлік серіктері ұрпағымды жалғайтын аналар. Қанша дегенмен ене көпті көрген адам ретінде жаңа түскен келінді күндей бермей, оған өзінің көрген-білгенін, өмірден түйгенін үйрете білуі қажет. Мен де ұл тәрбиелеп, келін ұстап отырған анамын. Сыртымыздан қарап жүретін адамдар көп қой. Солар алғашқыда үлкен келінім екеуміздің қарым-қатынасымызға қарап таң қалатын. Олар «келіндеріңізге өз қызыңыздай қарайсыз, балаларыңызды да қызғанбайды екенсіз» дейтін. Мұның несі таңғаларалық? Құдайға шүкір, мен келіндерімнің үлкені Жанармен алты жыл, одан кейінгі Сұлушашпен он жыл бірге тұрдым. Кейін жолдасымның ауырғанына байланысты қалаға көшіп келдік.  Жүз шайысып көрген жоқпыз. Өйткені, мен әуел бастан «өз анамның келіндерімен қарым-қатынасынан жақсы жағын алайын, қателіктері болса, қайталамайын» деген көзқараста болдым. Келін алам дегеннен бастап өзімді жұмсартуға, шыдамдылыққа, керек жерде шегіне білуге үйрете бастадым. Себебі, бауыр етің балаңның бақытты болғанын қаласаң, келген келінді шын ниетіңмен қызыңдай қабылдайсың. Ақымақ болмаса, келін де саған бауыр басады. Бүгінде келіндерім бәрін менімен ақылдасып шешеді. Ұлдарыма – асыл жар, немерелеріме ардақты ана болып отыр. Ал «ананың баласын қызғануы» дегенге келсек, ұлдың анаға деген махаббаты мен жарына деген махаббаты екі түрлі нәрсе дер едім. Ұл анасын өзін дүниеге әкелген адам деп, әйелін балаларының анасы, өмірлік жолдасы деп жақсы көреді. Ақылды жігіт болса, ананың да, әйелдің де көңілін тауып, екеуінің де сүйіспеншілігіне  бөленеді. Жалпы, барлығы – адамдардың бір-біріне жақсы көзқараспен қарауында. Жақсы нәрсені көрем десең, көресің. Ал, тырнақ астынан кір іздесең, мін қашан да табылады. Себебі, кемшіліксіз адам болмайды. Бір ғана нәрсені түсінсек болды, ол – осы қысқа өмірде бір-біріңді сыйлап, оң көзқараспен қарау. Әсіресе, көп нәрсе үлкендерге, бізге байланысты, қандай ұрпақ өсірсек, жемісі сондай болады, – дейді әжей.
Алтын құрсақты ардақты ана КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1975 жылы он баланы дүниеге әкелгені үшін «Батыр ана» медалімен марапатталыпты. Кейін еліміз өз тәуелсіздігін алған соң 2004 жылы «Алтын алқа» алқасына ие болған. Сондай-ақ, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл», «Тыңға 50 жыл» деген мерекелік медальдары да бар. Қызы Сақып та мемлекеттік қызмет саласында 2013 жылы қол жеткізген «Ерен еңбегі үшін» медалін анасының кеудесіне әкеліп тағыпты. «Бүгінгі жеткен жетістіктерім мен бағындырған биіктерім осы анамның арқасы», – дейді  бүгінде зейнеткер апай.
 Өлең-жырды бір естігеннен-ақ құлағына құйып алатын Қамия әжейдің немерелері де қазақ ауыз әдебиетіне қанық. Іңгәлаған сәбилерін әдемі дауысымен «бесік жырын» айтып уатқан әжейдің бұл еңбегі де еш кетпеген екен. Әр баласы, әр немересі өзінің ана тілінде сөйлейді.  Өлең сөзге жаны құмар әжейдің қолынан ешқашан кітап түспепті. Өмір бойы бала тәрбиелеп, сауда саласында қызмет етсе де, кесте тігіп, ою оюмен де айналысады. Қазіргі кезде құрақ құрап, көрпе тігеді. Саналы ғұмырын балаларына арнаған Қамия әжейдің ерік-жігеріне, адамгершілік қасиеттеріне сүйсініп, іштей бір ерекше сезімге бөлендім. Осындай аналарымыз көп болса екен.

 

Ырысалды ШАМШИЕВА

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар