Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмолалық диқандар ел дәулетіне сүбелі үлес қосады - АРҚА АЖАРЫ

Ақмолалық диқандар ел дәулетіне сүбелі үлес қосады

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, егін орағының барысымен танысты және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп, саланың дамуы жайында ой бөлісті.  Сапар барысында Мемлекет басшысымен облыс әкімі Сергей Кулагин бірге болды.

Биыл жазда жауған мол жаңбыр егіннің бітік шығуына игі ықпалын тигізді.  Жайқалып шыққан бітік егін көз қуантады. Ақмолалық диқандар қазір сол ел ырзығы – алтын астықты ысырапсыз, уақытында жинап алуға білек сыбана кіріскен. Елбасының жұмыс сапары аймақтағы іргелі астықты аудандардың бірі саналатын Шортанды ауданындағы «Жәкен-1» серіктестігінің егістік алқабынан басталды. Мемлекет басшысы егіс алқабын аралап көріп, осы жерде ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесімен танысты.   Шаруашылықтар соңғы жылдарда шет- елдік алымдылығы өте жоғары техникаларды көптеп сатып алып, техника паркін түгелге жуық жаңғыртқан. Осындай жаңа техникалардың арқасында маңызды ауыл шаруашылығы науқандарының бәрі белгіленген мерзімде қиындықсыз атқарылып, егін өсірудің озық технологияларын пайдаланудың нәтижесінде ауа райының жағдайына қарамай жыл сайын тұрақты жоғары өнім жиналуда.
«Жәкен-1» ЖШС-інің директоры Виктор Ковалев Елбасына шаруашылықтың жұмысы жайында кеңінен әңгімелеп берді. Бүгінгі күні серіктестіктің 11057 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жері болса, оның 9382 гектары егістік жерлер де, 1453 гектары жайылым. Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып отырған серіктестік диқандары биыл 8 504 гектар алқапқа дәнді дақыл тұқымын сеуіпті. Оның 6 459 гектары бидай, 2 045 гектары арпа. Егін шығымы биыл диқандарды қуантып отыр. Қазір орақ науқаны қызу қарқынмен жүргізілуде. Ауа райы аздап қолбайлау болғанымен, күннің ашық сәтін ұтымды пайдаланған механизаторлар уақытпен санаспай күндіз-түні жұмыс істеуде. Әзірге гектар түсімі 16,2  центнерден айналуда. Астықты тасымалдау, тазарту жұмыстарында еш кедергі жоқ.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы ақмолалық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Мемлекет басшысына астық жинау жайы, науқанды өткізу барысы туралы баяндалды. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қаржылық қолдаудың нәтижесінде науқанды өткізуге қажетті жанар-жағар маймен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген. Астықты тазарту және сақтауда да еш қиындық жоқ.
Мемлекет басшысы бұдан соң БАҚ өкілдеріне қысқаша сұхбат беріп, онда биылғы  егін жинау жұмыстарына, жалпы астық саясатына қатысты және таяуда ғана болған Үкіметтегі өзгерістер жайында  айтып берді.  Биыл елімізде 20 миллион тоннадан астам астық жинау жоспарланып отыр. Астықтың шығымы өте жақсы. Қазіргі кезде егін орағы қызу жүргізіліп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша бүгінгі күнге дейін 14 миллион тоннадан астам астық қамбаға құйылған. Бұл барлық егіс алқабының  65  пайызы.  Негізгі аграрлы аймақтар Ақмола, Солтүстік Қазақстан жəне Қостанай облыстары шамамен 5,5 миллион тоннадан астық жинауды межелеуде.   Мемлекет басшысы жақында ғана Қытай еліне жасаған сапары барысында ол жаққа астық экспорттау мәселесі  оң шешімін  тапқанын атап өтті. Мұның өзі бітік егін өсіріп, мол астық алған диқандар үшін өзекті мәселе.  
Елбасы сондай-ақ, журналистерге Үкіметтегі өзгерістер туралы да  айтып берді. Мемлекет басшысының айтуынша, Үкіметтің  бұрынғы құрамы өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарды. Жаңа құрамға да зор жауапкершілік жүктеліп отыр.  «Бұрынғы Үкіметтің құрамы жаман жұмыс  істеген жоқ. Олардың қызметі әлем экономикасын шарпыған дағдарыспен тұспа-тұс келді. Олар бұл міндетті абыроймен атқарды. Менің тапсырмама сәйкес, «Нұрлы жол» бағдарламасын, инвестициялық бағдарламаларды да-йындады. Енді алда басқа уақыт, басқа істер күтіп тұр. Сондықтан,  тәжірибелі Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкіметке зор жауапкершілік жүктеліп отыр» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сонымен бірге, әлемдік мұнай бағасына және еліміздегі мұнай өндірісіне қатысты жайлар туралы да әңгімеледі. Алдағы уақытта мұнай бағасы біршама көтеріліп, жақсы жағына қарай өзгеруі мүмкін. Жалпы, келесі жылдан бастап дағдарыс қыспағы әлсіреп, өндіріс өсімі өсетін болады. Ал, 2020 жылға қарай экономика толық қарқында дамуға көшпек. Мемлекет Басшысы, еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында әлеуметтік салаға, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға  ерекше назар аударылатынын атап өтті.

Аслан ОСПАНОВ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар