Құрбан айт – ізгіліктің мерекесі

Биылғы Құрбан айт мейрамын еліміздің барлық аймақтары, оның ішінде Ақмола облысы да үлкен салтанатпен, белгіленген діни рәсімдер бойынша атап өтті. Құрбан айтының алғашқы күні  Көкшетау қаласындағы Науан хазірет атындағы орталық мешітке айт намазына жиналған жұртшылық өте көп болды.

Намазға жиналған қауымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин және облыс басшысы Сергей Кулагин бастаған облыс және қала басшылары құттықтады. Ислам дінінде екі ұлық мейрам бар екен: ол Рамазан айты және Құрбан айты. Биылғы Құрбан айты мейрамы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
– Біз бүгін баршамыз үшін аса қастерлі мерекені атап өткелі отырмыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып отыр. Барша мұсылмандар үшін қасиетті мейрам саналатын бүгінгі мереке де елді ынтымақ пен бірлікке ұйыстырып, игілікке  бастайтын болады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
ҚМДБ-ының Ақмола облысындағы өкілі, Науан хазірет атындағы орталық мешіттің бас имамы Қанат Қыдырмин Айт намазына жиналған қауымды осынау айшықты мерекемен құттықтай келе, Құрбан айттың тағылымы жайында ұлағатты әңгіме айтып берді.
Осыдан кейін бір-бірімен иық тірестіріп, сап түзеген жамағат Айт намазына тәкпір алып, ыстық ықыласпен намаз оқыды. Имам айт намазының құтпасын оқығаннан кейін жамағатқа құрбан шалуға рұқсат берілгені жария етілді. Биылғы бір ерекшелік, айт құрбанына мал шалу ұйымдасқан түрде «Бижан» серіктестігінің мал соятын орнында жүргізілуі. Малды адамдар осы арадан сатып алып жатты.
Айт намазына жиналған қауым намаздан кейін  мереке құрметіне арнайы жайылған дастарханнан дәм татты.  Құрбан айты мейрамының шеңберінде биыл Бестөбе кенті мен Қорғалжын ауданында ат спорты ойындарынан жарыс өтсе, облыс орталығында балалар мен жасөспірімдер аарсында түрлі спорт ойындары сайыстар ұйымдастырылды. Осылайша, халықты татулық пен бірлікке үндейтін мұсылмандардың ұлық мейрамы биыл да үлкен салтанатымен, қайырымдылық шараларымен аталып өтті.

Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар