Облыстық ішкі саясат басқармасының жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Көкшетау қаласының 2016-2017 жылдарғы жылу беру маусымына дайындығы жөнінде көшпелі баспасөз мәслихаты болып өтті.
Алдымен, баспасөз мәслихатына қатысушыларға «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өкілдері №1 орта мектептің жылу жүйесін көрсетті. Білім ошағының жылу құбырлары тазартылған. Жылу жүйесіндегі есептегіш аспап та ауыстырылыпты. «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өндірістік-техникалық қызмет бөлімі басшысының орынбасары Ержігіт Түнқатаровтың айтуынша, білім саласының барлық нысандары жылу маусымына 100 пайыз дайын. Мұнда уақытында тендер өткізіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жылу құбырлары сынақтан өткізіліп, жуылыпты. Қаладағы барлық мектептер мен балабақшалардың жылу жүйесіне есептегіш аспап орнатылған. Мәселен, биыл №3 және №14 орта мектептердің жылу жүйелері күрделі жөндеуден өткізіліпті.
–Алдыңғы жылы көше бойындағы жылу құбырларын ауыстырған кезде гидравликалық тәртіп бұзылып, облыстық аурухана жылумен дұрыс қамтамасыз етілмеді. Бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау және мәдениет саласының нысандары жылу беру маусымына 100 пайыз және қаладағы 833 тұрғын үйдің 86 пайызы дайын,– дейді бөлім басшысының орынбасары. М.Әуезов көшесі бойында орналасқан 13-ші кварталдың су сорғыш станциясында болдық. Мұнда да биылғы жөндеу жұмысы жоспарға сәйкес, техникалық қондырғылар орнатылып, су сорғыштар ауыстырылыпты. Жылу құбырлары жүйесіне жөндеу жұмысы жүргізіліп, тексерістен өтіпті. Кәсіпорын өкілдері облыс орталығындағы барлық су сорғыш станциялары жылу беру маусымына толық дайын екенін айтты.
– Бекітілген жоспарға сәйкес, жылу көздері мен жылу құбырлары жүйесін жылу беру маусымына дайындау жұмысын аяқтап келеміз. Жылу көздері бойынша 6 бу қазандығы дайын. Екі бу қазандығы агрегатының жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Бүгінгі күні қорда 12 мың тонна көмір мен 150 тонна мазут бар. Бұл отын 20 күнге жетеді. Көмір тасымалдауға келісім-шарт жасалған. Күз және көктем айларында көмір аз жағылады. Жылу беру маусымында күннің суықтығына және жұмыс істеп тұрған бу қазандығы агрегаттарының қуатына байланысты отын қорын қайтадан санаймыз. Сөйтіп, өткен жылғы жылу беру маусымында мазутты үнемдедік. Бірінші қазаннан бастап 708 тонна мазут тасымалданады.
Әр кәсіпорынның өз тасымалдаушысы анықталған. Көмір тасымалдау бойынша конкурс өткізіледі. Оның негізінде отын тасымалдаушымен келісім-шарт жасалады. Кәсіпорында 40 техника болса, 10-ы жөндеуде тұр. Бұл техникалар бірнеше жыл бұрын сатып алынған. Жөндеу үшін қосалқы бөлшектер қажет. Жалпы эксковатор, кран тәрізді арнайы техникаларға қатысты мәселе жиі туындайды. Оны инвестициялық бағдарлама арқылы шешуге тырысамыз. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Тарифте жаңа техника сатып алу межеленбеген. Оңтүстік Қазақстандағы тасымалдау-шылар бізге сапасыз құбыр әкелді. Дегенмен, бұл құбыр конкурс талабына сәйкес келмеген соң бас тартып, сапалысын сатып алдық,–дейді «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Шәміл Сәбитов. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша М.Горький көшесі бойындағы ТЭМ-2 жылу магистралі қалпына келтірілуде. Бұл жылу магистралі Көкшетау қаласы тұрғындарының 40 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Екі жылға бөлінген бұл жұмыс өткен жылы басталған. Биыл аяқталады. Бүгінгі таңда абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Жылу магистраліне сынақ жүргізілген. Пайдалануға дайын. Бұл жылу жүйесіне облыстық аурухана мен СЭС бу қазандығының тұтынушыларын қосу межеленген.
–Диаметрі үлкен құбырлар қан орталығынан Темірбеков көшесіне дейін тартылды. Жылу магистралінің ұзындығы 2,6 шақырым. «АП Импекс» серіктестігі атқарған қалпына келтіру жұмысына республикалық бюджеттің 1,7 миллиард теңгесі жұмсалды,– дейді бөлім басшысының орынбасары Ержігіт Түнқатаров. Бүгінгі таңда №1 аудандық бу қазандығындағы бес қазандық пен су сорғыш агрегаттары ағымдағы жөндеуден өтті. Мұндағы жалпы станциялық қондырғыға да ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілген. №2 аудандық бу қазандығындағы екі қазандық агрегаты мен жалпы станциялық қондырғысының жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал, СЭС, Краснояр селосы мен Станционный кентіндегі бу қазандықтары толық жөнделді. Сөйтіп, тұрғындардың қыстан қысылмай өтуіне бар мүмкіндік жасалуда.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.