Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сертіне берік серіктестік - АРҚА АЖАРЫ

Сертіне берік серіктестік

Целиноград ауданындағы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамының бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Максим Божко жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, құс шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған шаралар туралы айтып берді.

 

Облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Максим Божко алдымен өндірістің қалай аяққа тік тұрғаны туралы айтып берді.  Оның айтуынша,  2013 жылы  «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамының бұрынғы нысандары негізінде Целиноград ауданының Ақмол ауылында ашылған кәсіпорын бос қалған цехтарды жөндеуден өткізіп, заманауи қондырғылар орнатқан соң жұмыс жандана бастаған.
Осы орайда, кәсіпорынға аз ғана уақыттың ішінде сапалы өнім шығаруды бастау оңай болған жоқ. Қаңырап бос қалған цехтарды рет-ретімен жөндеп, құс фермасын, инкубаторларды, құрама жем цехын қажетті қондырғылармен жабдықтаумен қатар, инкубациялық жұмыртқалар, асыл тұқымды құстар әкелу сынды қажетті шаралар жылына 20 мың тонна құс етін шығаратын жаңа өндірісті іске қосуға мүмкіндік берді. Осылайша, 2014 жылдың шілде айында инкубаторларға алғашқы жұмыртқалар орналастырылып, қыркүйек айында алғашқы бройлерлер сатылымға шығарыла бастады – Фабриканы іске қосу үшін қыруар жұмыстар атқаруға тура келді, – дей келе Максим Божко кәсіпорынның осы күнгі жұмыстарына тоқталды.
– Біздің кәсіпорын «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамы «Шаңырақ» басқарушы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі агроөнеркәсіптік холдингіне қарайды. Сондай-ақ, холдинг құрамында «CapitalProjectLTD», «Алельагро» серіктестіктері тәрізді бірнеше құс фабрикасы кіреді.  Бұл бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамы өндірген тауық жұмыртқасын Астана мен Ақмола облысы аумағынан бөлек еліміздің әр өңірінде сата аламыз. Халықтың өнімге деген сұранысы жоғары. Кәсіпорын жылына 65 миллион дана тауық жұмыртқасын өндіреді. Өйткені, біз сапа жағынан ғана емес, баға жағынан да бәсекелестікке толық лайықпыз. Біз өнімді бастан аяқ бақылап, тұтынушылардың сұранысына сай жұмыс істейміз. Бұл бізге үлкен басымдық беріп отыр, – деп атап өтті компания басшысы.
Сонымен қатар, ол индустрияландырудың алғашқы бес жылдығында қолжеткізген жетістіктерге де тоқталды. Бұл тұрғыда компания жұмыртқамен қатар, бройлер тауықтарының етін өндіруді де дұрыс жолға қойған.
– 2014 жылдың соңында индустрияландырудың өңірлік картасына енген «CapitalProjectLTD» серіктестігін іске қосқан болатынбыз. Аталған кәсіпорын жоба бойынша жылына 20 мың тонна салқындатылған және мұздатылған тауық еті мен шұжығын шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорынды толық қуатына 2017 жылы шығаруды жоспарлап отырмыз. Жұмыс процесіне келетін болсақ, бәрі автоматтандырылған, қол күшін онша қажет етпейді. Өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік кезеңінде жүлделі орыннан көрінуіміз бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдірсе керек, – дей келе, Максим Божко ағымдағы жылдың соңында іске қосылатын зауыт құрылысы туралы айтып берді.
Оның сөзіне қарағанда жаңадан ашылғалы тұрған «Эко Пак Астана» кәсіпорынында сағатына тауық жұмыртқасын салуға арналған 4000 ыдыс шығарылатын болады. Мұндағы жоба құны 480 миллион теңгеге бағаланып отыр. Оның 160 миллион теңгесі серіктестіктің өз қаржысы болса, 320 миллион теңгесі екінші деңгейдегі банктен несиеге алынған.  Кәсіпорын қытайдың қазіргі заманғы әрі энерго үнемдегіш технологиясы бойынша жұмыс істейтін қондырғымен жабдықталған. Мұнда шығарылатын өнімнің бір ерекшелігі ол осы күні қолданып жүрген ыдыстан көлемінің 15 миллиметр кішіректеу болуында. Қораптың шағын болуы оның бағасына да әсер етпек. Неғұрлым қорап шағын болса, солғұрлым арзан әрі еуропалетке де ыңғайлы жайғастырылатын көрінеді. Бұл өз кезегінде жұмыртқаны тасымалдауға арзан әрі ыңғайлы болмақ. Зауытты жыл соңында іске қосу көзделген.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты барысында журналистердің қойған сауалдарына жауап берген Максим Божко алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, кәсіпорын тауықтың саңғырығын да қайта өңдеп, кәдеге жаратуды қолға алатынын атап өтті.

Аслан ОСПАНОВ

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар