Желмен жарысқан сәйгүліктер

елу бір  шақырымдық қашықтықта сынға түсті

Биыл үшінші рет өткізіліп отырған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінде еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан әкелінген  сәйгүліктер 51 шақырымдық қашық-тықта сынға түсті. Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Нұр Отан» партиясы мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының демеушілігімен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы өткізіп отырған бұл жарысқа 67 тұлпар қатысты.

 Белгіленген тәртіп бойынша ат  иелері жарысқа сәйгүліктерін қосу үшін жарна ретінде 100 мың теңге төлеуі тиіс. Осы арада ерекше айта кетер бір мәселе, аламан бәйгеге қонақ ретінде шақырылған Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ердос Сметов өз қалтасынан 500 мың теңге шығарып тағы да бес аттың бәйгеге қосылуына көмектесті. Осылайша аламанға белгіленген 62 сәйгүліктің орнына 67 ат қатысты.
Әрине, аламанға қосылған тұлпарлардың  бәрі дерлік талай жарысқа қатысып, жүлде салмаса да бәйгеге таласы бар екендіктерін дәлелдеген сәйгүліктер. Соған орай, ат иелері де, шабандоз балалар да, сондай-ақ, жиналған жұртшылық та бәйгенің басталуын асыға күтті. Бұл жолы да жарыс алдында кезінде атақтары алты Алашқа мәлім болған Толыбай, Сарыбайлардың ізбасарлары деуге болатындай танымал ат сыншылары, талай жарыста аттардың шалымын байқаған көрермендер «осы озады-ау» деген тұлпарларды болжап жатты. Шынында да, бұл жолғы 51 шақырымдық қашықтыққа бабы келіскен, терлері толық алынған «әсірелей айтқанда, «Тайбурыл» мен «Құлагердің» ізін басқан аттар ғана шыдайтындығы белгілі еді.
Сонымен, аламан да басталды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бірінші айналымның басында-ақ, (он екі шақырымнан сәл артық) бабы болмады ма, әлде жаратқанда дұрыс суытылмады ма, әйтеуір бір ат көш соңында қалды. Содан кейін 47 ат тобымен суырылып алға шықты. Міне, осы сәттен бастап көптеген сәуегейлер №57, №36, № 17 және №21 аттарға бәс тіге бастады. Ал, біздің Ақмола облысының өкілі, жарыс төрешілерінің бірі Құдайберлі Мырзабек болса №44 ат бәйге алуға тиіс деген болжамын да жасап қойған еді. Бұл арада, аламанға біздің облыстан «Олжабай, «Торайғыр», «Аққоян», «Ақан қара» сынды талай жарыстарда жүлде салған тұлпарлар қатысқандығын айта кету керек. Айтпақшы, өткен жылғы аламанда бас бәйгені қанжығалаған «Самал» деген сәйгүлік биыл қатысқан жоқ.
Бірінші айналымды 22 минутта шауып өткен сәйгүліктер  қарқындарын үдете түсіп, екінші, үшінші айналымдарда 19 минутта өтті. Ал, жарыс басталысымен өзгелерден оқ бойы озып, дара шапқан бір тұлпар уақыт өте қарқынын бәсеңдетіп алды. Әрине, нағыз тартыс үшінші айналымның орта шенінде, яғни, мәреге 5-6 шақырым қалғанда басталғандығы заңды құбылыс еді. Ал, бұл уақытқа дейін жарыс жолында  тек 43 ат қана қалып, қалғандары шығып қалған болатын. Осы бір сәтте  көтерілген қою шаңның астында шауып келе жатқан аттарды аяған болу керек, табиғат та жанашырлық танытқандай кейіп танытып, сәл жаңбыр сібірлеп, тұлпарлардың тыныстары кеңейгендей болды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, елу бір шақырымдық аламанға түсу «тыз етпе», ұшқыр аттардың емес, құлақ түбі жіпсігенде бабына келе бастап, сауыры терлегенде бауырын жазып, қарыштай шабатын шын тұлпарлардың жарысы. Сондықтан да болар, алғашқы айналымдарда алдыңғы лектен көрінген біраз ат бел ортаға жақындағанда сыр берді. Ал, мәреге шамалы ғана жер қалғанда алға суырылып 5 ат шығып еді, мәреге келгенде олар да «созыла» бастады. Осыған дейін «қара үзбесе» де, оқ бойы алда келе жатқан №22-ші Қара төбел де шабысын саябырсытып алды. Сонымен мәре де таяды. Көрермендердің қиқуымен аттарына қамшы басқан шабандоздар да соңғы сәттерде тақымдарын қыса түсті. Ақыры мәре сызығын бірінші болып Алматы облысы, Жамбыл ауданы Дегерес ауылынан келген «Жаннұр» атты сәйгүлік кесіп өтті. Өткен жылғы аламанда үшінші орынды місе тұтқан бұл сәйгүлік биыл өзінің нағыз бабында екендігін көрсетіп, бас бәйгеге тігілген 10 миллион теңгені еншіледі. Нақтырақ айтсақ, осы тұлпарды тізгіндеген шабандоз бала – 13 жасар Асығат Әлімжановтың бағы жанды. Ал, екінші, үшінші орындарды тиісінше Қарағанды облысынан келген Қинас Қожахметов, Жамбыл облысының шабандозы Нұржан Егінбаев алды. Сондай-ақ, бұл жолы тоғызыншы орындарға дейінгі шабандоздарға арнайы сыйлықтар белгіленгендігін айта кету керек.
Сонымен, Астананың іргесіндегі Қабанбай батыр ауылының жанында өткен аламан бәйге өз мәресіне жетті. Бір назар аударарлығы, аламан бәйгені тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы өте көп болды. Бұл халықтың, оның ішінде Астана тұрғындарының ұлттық ат спортына, әсіресе, аламан бәйгеге деген ерекше көзқарастарын білдірсе керек.
   Талғат Бақтыбекұлы.

Целиноград ауданы,
Қабанбай батыр ауылы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар