Көкөністі көбейтеміз десек…

Елбасы тапсырмасына орай Астананың азық-түлік белдеуін құрып, Елорда тұрғындарын сапалы өнімдермен толық қамтамасыз ету тұрғысында біраз игі істердің жүзеге асырылғандығы белгілі. Оның айғағы ретінде Ақмола облысына қарасты көптеген шаруашылық құрылымдарында бірінші кезекте қажетті азық-түлік өнімдерін молынан шығару қолға алынғандығын айту керек. Бұл тұрғыда әсіресе, жұмыртқа, нан және нан өнімдері, сүт, айран шығаруда жақсы нәтижелер аз емес. Дегенмен, жеміс-жидек, әсіресе, көкөніс мәселесіне келгенде жағдай мәз емес десек қателеспейміз. Яғни, картоп, сәбіз, қияр, қызылша сынды көкөніс түрлерін өсіруге баса назар аудару қажет-ақ.

  Кеше, Целиноград ауданында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың төрағалығымен облысымыздағы көкөніс өндірумен айналысушылардың, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері басшыларының және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен алқалы жиын болып өтті.
2012 жылы іске кірісіп, 2013 жылдан бастап көкөністің бірнеше түрін өндірумен айналысып келе жатқан «Агрофирма Green Star» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде осы саладағы ірі кәсіпорындардың біріне айналып отыр. Яғни, семинардың осы кәсіпорын негізінде өткізілгендігі кездейсоқтық емес. Бірден айта кетелік, аталмыш кәсіпорында озық технологиялар пайдаланылады, қажетті техникалар да бүгінгі заманның өскелең талаптарына сай. Сондай-ақ, басқа фирмалар сияқты бес мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік беретін қойманы да қала ішінде салмай, алқаптарға жақын жерде орналастырулары да тасымалдау мәселесінде біраз үнемдеуге мүмкіндік туғызып отыр.
Семинарда сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан облыс шаруашылықтары негізінен астық  және мал өсірумен айналысқанымен ауыл шаруашылығына тән басқа салаларды да дамытып, оның ішінде көкөніс егуді молайта түсу қажеттілігіне тоқталды. Астанаға әкелінетін көкөністің басым көпшілігі басқа облыстардың еншісінде екендігін ескерсек, бұл мәселені осыдан біраз жыл бұрын қолға алу керек еді. Әрине, «ештен кеш жақсы» деген де бар ғой. Яғни, қолға мықтап алса әлі де Астана нарығында Ақмола облысының өзінің лайықты орнын алары сөзсіз. Әзірге, мәселен, Елордаға әкелінетін көкөністің тек 17 пайызы ғана Ақмола облысының үлесінде болса, оның 87 пайызын 5-6 сотық жерлерін өңдеп отырған жеке меншік иелері сатады. Бұл облыста әзірге көкөніспен айналысатын ірі шаруашылықтар жоқтың қасы деген сөз. Шешеннің айтуынша,  бұл орайда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көкөніс алқаптарын жыл сайын шамамен 10-15 пайызға көбейту қажет. Сондай-ақ, алынған өнімді келер жылғы көктемге дейін сақтауға мүмкіндік беретін заманауи қоймалар салу керек.
Семинарда «Green Star» серіктестігінің бас директоры Бейбіт Қабдрахманов өзінің тәжірибесімен, көкөніс өндірудің қыр-сырларымен бөлісті. Сондай-ақ, облысымыздың Аршалы, Бұланды аудандарында осы мәселемен айналысатын кәсіпкерлер мен шаруашылық басшылары да өз ойларын ортаға салды.
Шындап келгенде, көкөніс өсірумен айналысудың бірден үлкен ұшан-теңіз  табыс әкеле қоятын кәсіп еместігі мәлім. Мәселен, көкөніс алқабының бір гектарына кететін шығын дәнді дақылдарға қарағанда  бірнеше есе көп болады. Сондай-ақ, астық сақтау мен көкөніс сақтаудың арасы жер мен көктей. Мұның бәрі сайып келгенде, қыруар қаржыға келіп тіреледі. Ал, көкөніс қоймаларын салуда да асығыстықтың қажеті бола қоймас. Мәселен, Астана қаласында салынған көкөніс қоймаларының біреуі де толыққанды жұмыс істеген емес. Себебі, оларды толтыратын өнім жеткіліксіз. Бұл орайда, бір кезде елімізде салынған көптеген диірмендердің бүгінде біразы жабылып қалғандығын ұмытпаған абзал. Сондай-ақ, «өркениетті елдердің бәрінде бар» деген желеумен ірі сүт зауыттарын салып алып, онда өңдейтін сүт таба алмай қалғанымызды кімнен жасырамыз? Яғни, алдымен қойманы толтырар өнім бар ма, заманауи зауыт қабылдайтын сапалы сүт жеткілікті ме  деген сұрақтарды пысықтап алмай миллиардтаған қаржыны желге ұшыруға болмайды.
Елбасы ауыл шаруашылығында қордаланып қалған мәселелерді тез арада шешу үшін бөлінетін қаржыны 500 миллиард теңгеге дейін көбейтуге тапсырма бергендігі белгілі. Әзірге елімізде агроөнеркәсіптік кешенді сауықтыру үшін 2013-2014 жылдары басталған бағдарламаға 292 нысан  қамтылып, оған 313 миллиард теңге бөлінген еді. Енді бөлінетін қаржы жоғарыда айтылғандай 500 миллиардқа дейін көбейетін болса «нәтиже» қайда» дейтін сәтте «ауыз толтырып» айтатындай жетістіктер керек. Міне, жоғарыда айтылған кәсіпорын осы тұрғыда атқарылып жатқан ұшан-теңіз жұмыстардың бір бөлшегі деу керек.
Жалпы, Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуде шаруа шаш етектен. Елорданың іргесінде тұрып оның нарығын билеп алмау іскерліктің нышаны емес. Ал, әзірге тұспалдап айтқанда, Елордаға азық-түлікті, әсіресе көкөністі алыс облыстардан «арбалау» басым да, іргеден «дорбалау» мардымсыз болып тұр.
Ендігі айта кетер, бір мәселе нарықтық қатынастарда бәрін сұраныс билейтіндігін ұмытпаған абзал. Яғни, «көкөністі қолға алайық» деумен ғана іс алға баспайды. Кәсіпкерлікке ден қойғандарды қаптаған анықтама жинатып, несие сұрағанда түрлі кедергі келтіріп «бастарын қатырмай» оларға кең жол ашу керек. Шынтуайтқа келгенде кәсіпкер бизнеспен жоғары жақтың нұсқауымен емес, пайда табу үшін айналысады. Ал, пайда табу үшін алдымен нарықты зерттейді. Биліктің міндеті кәсіпкерге ақыл айту емес, жан-жақты қолдау көрсету. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Осындай жағдай тудырсақ, көкөніс те басқасы да жеткілікті болады.

Талғат ҚАСЕН.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.
  Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар